Қырғызстанның Оша қаласының тұрғыны Мамыт Таштанов Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысу үшін Астанаға велосипедпен жолға шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оша қалалық баспасөз қызметінің хабарлауынша, 74 жастағы зейнеткерді сапарға шығарып салу рәсімі бейсенбі күні орталық алаңда өткен.
Зейнеткер Мамыт Таштанов 2016 шақырым қашықтықты велосипедпен жүріп өтпек.
«Іс-шараның мақсаты түркітілдес елдер халықтарының достығын нығайту және оларды спортпен шұғылдануға шақыру», деп хабарлады Оша қаласының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын Мамыт Таштанов Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына велосипедпен барған болатын.
Еске сала кетейік, Астана қаласында қыркүйектің 8-13 аралығында 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Ойында 89 елдің қатысушысы бақ сынайды.