2024 жылдың 6 айында азаматтардың таза инвестициялық кірісі 1,2 трлнтеңгеден асып түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,1 есе (немесе 638,4 млрд теңгеге) артық және жыл басынан бері 1,3 трлн теңге көлемінде аударылған жарналардың деңгейіне жуықтап қалды.
БЖЗҚ-ның міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінен түсіп, салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген кірістілік 2024 жылдың 6 айында 6,59%-ды көрсетті. Жыл басынан бергі инфляция деңгейі – 3,9%. Егер БЖЗҚ-ның соңғы 12 айдағы зейнетақы активтерінің кірістілігін қарастырсақ, онда осы кезеңдегі инфляция 8,4% болған кезде кірістілік 13,08%-ды көрсетті.
2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен қалыптасқан БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі – 1,84%.
Инвестициялық кіріс қаржы құралдары (бағалы қағаздар, салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалаудан, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден тұрады. Ұлттық банк және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) зейнетақы активтерін инвестициялық кіріс алу мақсатында экономиканың өзіміздегі және шетелдегі түрлі секторларының әртүрлі қаржы құралына түрлі валюталарда орналастырады. Әртараптандыру орнықты инвестициялық кірістілікті қамтамасыз етеді», деп мәлімдейді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ).
Зейнетақы жинақтары – ұзақмерзімді инвестиция. Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жылда талдаған жөн дейді сарапшылар. Мәселен, жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бастап 2024 жылғы 1 шілдеге дейінгі инвестициялық кіріс өспелі қорытындымен 876,87% болды. Бұл кезеңдегі инфляция – 787,63%. Осылайша, ұзақ мерзім ішінде жинақталған инвестициялық кіріс инфляциядан асып түсті.
Ал салымшылардың «БЖЗҚ»-дағы (2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша) зейнетақы жинағы 20 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бергі өсім 2,1 трлн теңгеден (11,8%) асқан. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, зейнетақы жинақтарының көлемі 3,9 трлн теңгеге жуық немесе 24,3%-ға көбейген.
«Отандастарымыз жинақтарының 96%-ы МЗЖ есебінен қалыптастырылды, оның көлемі шамамен 19,3 трлн теңге болды (бір жылдағы өсім – 23,7%, жыл басынан бері – 11,3%). МКЗЖ бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы – 619,9 млрд теңге (бір жылдағы өсім – 22,9%, жыл басынан бері – 9%). Ең үлкен өсімді (жылына 48,4%, жыл басынан бері 22,5%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті, оның көлемі – 6,5 млрд теңге. Зейнетақы жинақтарының маңызды құраушысы – зейнетақы жарналары, олардың көлемі 2024 жылдың 6 айында 1,3 трлн теңгеден асқан. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 28,4%-ға немесе 290,8 млрд теңгеге артық. Атап кетейік, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) – 18,7%, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) – 20,3%, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – 30,4% өсімді көрсетті», деп хабарлады БЖЗҚ.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына қосымша қаражат – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) түсіп жатыр. 2024 жылдың 6 айында ЖМЗЖ есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 98,9 млрд теңге болды.
Жинақтардың тағы бір маңызды бөлігі – инвестициялық кіріс. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында БЖЗҚ салымшыларының жеке және шартты зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс шамамен 1,21 трлн теңгеге жетті. Осы жылдың 6 айында БЖЗҚ-дан төлемдер түріндегі шығыс ағындары 457,6 млрд теңгеден асты. Бұл ретте осы соманың негізгі бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) құрайды – ол шамамен 190,4 млрд теңге, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,4 есе жоғары.
Зейнет жасына толуына байланысты төлемдер шамамен 97,3 млрд теңге болды.
Сондай-ақ:
Мұрагерлік бойынша төлемдер – 28,6 млрд теңге; Ел аумағынан тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 17,9 млрд теңге; Мүгедектігі бар адамдарға төлемдер – 1,5 млрд теңге; Жерлеуге төлемдер – 4,9 млрд теңге мөлшерінде жүзеге асырылды.Сақтандыру ұйымдарына 117 млрд теңгеден астам сома аударылды. БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) 33 883 теңге болса, ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 945 752 теңгеге тең. Өткен жылдың осы кезеңінде БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы төлемнің орташа сомасы 32 111 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 742 692 теңге болған еді.
2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны – 12,4 млн бірлік, оның ішінде: 11,1 млн-ы – МЗЖ бойынша, 688,6 мыңы – МКЗЖ бойынша, 421,3 мыңы – ЕЗЖ бойынша.