Кейінгі жылдары төрткүл дүниеде ревматикалық ауруға шалдыққандардың қарасы арта түскен. Ғалымдардың айтуынша, бұл патологиядан көбіне егде жастағы азаматтар зардап шегетін көрінеді. Содан да болса керек, қазіргі таңда ревматикалық дерттің алдын алуға басымдық беріліп отыр.
Расында аталған дертке шалдыққандардың басым бөлігі егде жастағы адамдар болғанына қарамастан, ішінара бұл дертке душар болған жастар да кездесіп жатады. Олардың қатарында дер кезінде емшара қабылдамағандықтан мүгедек болып қалғандар да бар. Бүкіл әлемнің бас ауруына айналған дертпен күресу мақсатында Жамбыл облысында ревматология орталығы ашылды.
Жаңадан ашылған орталық Тараз қаласындағы облыстық көпбейінді аурухананың базасында орналасқан. Медициналық мекеме қызметкелері ревматикалық дертке шалдыққан азаматтарды тәулік бойы емдеуге дайын көрінеді. Ол үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Білікті мамандар жеткілікті.
«Бұл орталықта өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін негізгі дәрі-дәрмектерді уақтылы тағайындау үшін емделушілердің динамикалық мониторингі ұйымдастырылады. Мұнда мамандар физиотерапия және жаттығу терапиясының әдістерін қолданып, науқастарға мүгедектіктің алдын алу бойынша көмек көрсетеді. Тәулік бойы жұмыс істейтін және күндізгі стационарлардан бөлек, емделушілерге тексерілу, кеңес алу және емдеу мүмкіндігін беретін амбулаториялық қызмет кеңейе түседі. Бір сөзбен айтқанда, орталықта жұмыс істеуге қажетті мүмкіндіктің бәрі қарастырылған», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова.
Басқарма басшысының айтуынша, орталықта инженерлік биологиялық терапия кабинеті, буынішілік манипуляциялар кабинеті, капилляроскопия, денситометрия кабинеттері орналасқан. Төрт дәрігер дер кезінде медициналық көмек көрсетеді. Сондай-ақ өңір тұрғындары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік сақтандыру шеңберінде емхана жолдамасы бойынша тексеру және емдеуден тегін өте алады.
Ж.Оспанова келтірген дерекке сенсек, облыс бойынша ревматологиялық диагнозбен 4 825 науқас диспансерлік есепте тұр екен. Оның ішінде құрылымында негізгі бөлігі бойынша остеоартроз – 1 656, серонегативті ревматоидті артрит – 1 142, серопозитивті ревматоидті артрит – 985, жүйелі қызыл жегі ауруымен және басқа реактивті артропатия дертімен 142 емделуші тіркелген.
Тараз