2024-2025 жылғы оқу жылына арналған білім гранты иелерінің тізімі жарияланды. Биыл гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 104 мыңнан аса талапкер құжат тапсырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық. Айта кетерлігі, грант жеңіп ала алмаған түлектердің әлі де мүмкіндігі бар. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қосымша грант алудың тоғыз жолын ұсынды.
94 мыңнан аса грант бөлінді
Мемлекеттік гранттар республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалды. Комиссия құрамында Парламент депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, Ұлттық кәсiпкерлер палатасының, Жоғары оқу орындары ассоциациясының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері болды.
Бір гранттық орынға ең үлкен конкурс «Стоматология» мамандығында болды. Аталған сала бойынша бір орынға 35 талапкер таласқан. Әрі қарай «Халықаралық қатынастар және дипломатия» мамандығы бойынша бір орынға 11 адам үміткер болды. Одан соң «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау», «Аударма ісі» және «Психология» сынды мамандыққа құжат тапсырған талапкерлердің саны жылдағыдан ерекше жоғары болған.
Грантқа үміткерлер арасында балы тең болған жағдайда басым құқыққа ие 22 мыңнан аса талапкер тіркелген. Олардың ішінде «Алтын белгі» иелері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар. Сондай-ақ гранттарды үйлестіру барысында әлеуметтік осал санаттағы балалардың квоталары ескерілді. Жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру 25 тамызға дейін жалғасады.
Айта кетейік, гранттардың басым бөлігі инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінген. Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыттары бойынша 150 сараланған грант бөлінген. Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бөлінді. Гранттар тізімінде 5000 халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім беру гранты бар.
Жалпы грант саны – 94 мыңнан астам. Оның ішінде 78 мың грант – бакалавриат студенттеріне, 13 мың грант магистратураға берілсе, 3 мың грант болашақ докторанттарға қарастырылған.
Грант 4 жылда тұңғыш рет тоқсан тоғыз пайыз игерілсе, су тасқынынан зардап шеккен өңір талапкерлеріне 15 382 грант берілген.
Қазақстанда ашылып жатқан шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары үшін 1 890 грант бөлінген. Одан бөлек, биыл 5 000 нысаналы грант жүз пайыз, ауыл шаруашылығы мен ветеринария бағытындағы гранттар толық игерілген.
«Грант куәлігі grant.testcenter.kz сайтында қолжетімді. Әрі қарай талапкерлер 25 тамызға (қоса алғанда) дейін грант немесе ақылы негізде оқуға түсу үшін жоғары оқу орындарына құжаттарын тапсыру керек», деді Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев. Айта кетерлігі, биыл 104 121 түлек грантқа өтінім берген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 10 000 адамға артық көрсеткіш.
Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекованың айтуынша, тамыз айының соңына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі.
«Академиялық адалдық ережелері біз үшін өте маңызды. Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуде ереже бұзушылыққа байланысты, атап айтсақ, тыйым салынған заттарды алып келуге тырысқан, бір-бірімен сөйлескен, қағаз алмасқан 600-ге жуық талапкердің нәтижесі жойылды. Ұлттық тестілеу орталығы 31 тамызға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізеді. Соның нәтижесінде қазір 40-тан астам талапкердің нәтижесі жойылды. Тамыздың соңына дейін грантқа түскен балалардың ереже бұзғаны анықталса, сәйкесінше олар грантынан айырылады», деді Н.Дидарбекова.
Грант алу мүмкіндігі әлі де бар
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік грант жеңіп ала алмаған түлектерге қосымша грант алудың тоғыз жолын ұсынып, үміт үзбеуге шақырды. Оның айтуынша, биыл мемлекеттік гранттың бір бөлігі су тасқынынан зардап шеккен өңірдің түлектеріне бөлінген.
«Кейінгі уақытта елімізде орын алған су тасқыны бүкіл елге ортақ сынақ болды. Осы жағдайға байланысты біз жоғары білім алуға гранттардың аз ғана бөлігін зардап шеккен өңір түлектеріне бөлдік. Саны көп те емес, 5 112 грант. 20 мыңнан астам түлек су басқан өңірден бітірсе, соның 10 мыңнан астам түлегі өздеріңізбен бірдей жалпы конкурспен өтті. Біз оны әділ және ашық түрде бөлуге бар күш-жігерімізді салдық. Биылғы конкурсқа қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 11 мыңға көп, сондықтан бәсекелестік те өте жоғары болды.
Су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін квота қарастырылғанымен, сол аймақтардың талапкерлері жалпы конкурс бойынша грант ұтып алды. Грант алғандардың тек 1 130-ы немесе 1,7%-ы мүмкіндікті пайдаланды. Бұл аймақтарды қолдау үшін талапкерлерге дайындалу және конкурсқа құжаттарын тапсыру үшін мерзімі кеңейтілді, конкурсқа ең жақсы ҰБТ нәтижесі бар сертификатын ұсыну мүмкіндігі берілді», деп мәлімдеді Саясат Нұрбек. Министрдің айтуынша, биыл жоғары балл жинаған 10 мыңнан астам талапкер грант ала алмаған.
«Кешегі ата-аналар мен балалардың қуаныш жасын көріп, біз де бірге қуандық. Бірақ өкінішке қарай, грант ала алмаған түлектер мен отбасылардың мұңында да біз біргеміз. Көптеген адам министрлікке, маған хабарласып, жазып жатыр, ал осы нәтижені сабырмен қабылдағандар да бар екен. Жоғары балл жинаған 10 мыңнан астам адам грант ала алмады. Оның ішінде 7 мыңнан астамы шығармашылық мамандықтар бойынша екенін айту қажет. Мысалы, дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау бойынша 1 орынға 11 адам, сән және дизайн бойынша 9 адам, ал стоматологияға бір орынға 35 адамнан келді», деді ол.
Грант тізімінен өз есімін таппаған талапкерлерге министр тоғыз түрлі ықтимал мүмкіндікті атап өтті.
– Айтайын дегенім, үміт үзбеңіздер! Грант алу мүмкіндіктері әлі де бар. Біріншіден, үш мыңға жуық талапкер гранттан бас тартуы мүмкін, олар келесі жоғары балл жинаған талапкерлерге беріледі. Екіншіден, жергілікті атқарушы органдардың яғни әкімдік гранттары бар. Үшіншіден, «KazEnergy» қауымдастығының гранттарын қосыңыз. Төртіншіден, Х.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алу үшін Түркия Республикасының 500 гранты да бар. Бесіншіден, жұмыс берушілердің гранттары тағы бар. Алтыншыдан, Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті 800 мақсатты грант ұсынады. Жетіншіден, «Қазақстан халқына» қоры 850 грант бөледі. Сегізіншіден, ректорлардың гранты, мысалы «Тұран-Астана» университеті «Алтын белгі» иелеріне қосымша гранттар бөліп жатыр.Тоғызыншыдан, сессия қорытындысы бойынша бос грант алу мүмкіндігі және бар. Грант ала алмаған түлектерді осы жоғарыдағы мүмкіндіктерді барынша пайдалануға шақырамыз, – деп сөзін түйіндеді министр.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, депутат Асхат Аймағамбетов те білім грантына ие бола алмаған талапкерлерге кеңес берді.
«Кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттарынан бас тартады. Олардың саны да аз болмайды. Ол гранттар да қайта тағайындалады. Тіпті ештеңе болмаса, университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болады.
Одан бөлек, «Gap year» арқылы бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грант жеңіп алуға болады. Ол – менің өз басымнан өткен оқиға. Бұл да – жақсы шешім. Тағы бір ұсыныс: колледжге түсуге болады. Колледжде грант көп, қажетті мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, кейін әрі қарай жоғары оқу орнына түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады. Мүмкіндік өте көп. Бәрі алда. Толық мәлімет алу үшін университеттердің қабылдау комиссиясына жолығу керек», деп жазды Асхат Аймағамбетов.