• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 08 Тамыз, 2024

«Самұрық-Қазына» қорының халықтық жобалары жалғасады

112 рет
көрсетілді

400 баланың арманын орындады

«Самұрық-Қазына» қорының қолдауы­мен іске қосылған «Туған елге саяхат» жобасы тамыз айының алғашқы сенбісінде өз мәресіне жетті. 10-15 жас аралығындағы 400 бала саяхат пойызында 2 кезеңнің қоры­тындысында 9 294 км жолды еңсеріп, Астана, Бурабай, Алма­ты, Тараз, Түркістан және Бай­қо­ңыр аймақтарындағы танымал мә­де­ни-тарихи орындарға сапар шекті.

Жобаның бас демеушісі – Қордағы компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» өкілдері елордадағы қорытынды шарада жо­баның екінші кезеңіне қатысу бақыты бұйыр­ған 200 баламен жүздесті. Өз кезегінде, әсер­лі сапардан оралған жас саяхатшылар ту­ған елінің сұлулығына, оның тарихына бойлап, қанығуға, достар табуға және жаңа білім алуға берілген мүмкіндік үшін ұйым­дас­ты­рушылар тара­пына шын жүректен алғыс­ білдірді. Балалардың тең жартысы Қордың шал­ғай аудандардағы өндірістік кәсіпорын қыз­мет­керлерінің балалары болса, қалған бөлігі су тас­қыны­нан зардап шеккен ауылдардағы көп­бала­лы және тұрмысы төмен, толық емес отбасы­лардағы балалар. Сонымен қатар жоба­ның тәрбиелік-мазмұндық жағына Прези­дент жанындағы Әйелдер істері және отба­сы­лық-демографиялық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссия атсалысқанын атап өткен абзал.

Саяхатқа ең көбі Атырау облысынан – 93,Солтүстік Қазақстан облысынан – 35, Батыс Қазақстан облысынан – 35, Ақтөбе облысынан – 40, Қостанай облысынан – 27, Ақмола облысынан – 32, Қарағанды облысынан – 20, Ұлы­тау облысынан – 4, Маңғыстау облы­сынан – 21, Қызылорда облы­сынан – 9, Шығыс Қазақстан облы­сы мен Абай облысынан – 28, Алма­ты облысынан – 22, Түркістан облы­сынан – 10, Павлодар облысынан – 14, Жамбыл облысынан – 9, Шымкент қаласынан 1 бала қатысты.

«Көптеген қызықты жерді аралап, жаңа нәрселерге қанықтық. Еліміздің табиғаты да, адам­дары да тамаша екеніне көзіміз жете түсті. Бала­лардың көбі ауылдарынан алғаш рет осындай сапарға шығып отыр. Сондықтан сіздер бала­лардың арманын орындадыңыздар», дейді жоба­ға Павлодар облысынан қатысқан Асанәлі мен Нұрәлі Әділбек.

Сонымен қатар қатысушылар «Таза Қазақ­стан» жалпыұлттық акциясына үн қосып, сапар бойы экологиялық өмір салтын қалып­тастырды. Өздері болған қалаларда 200 килодан астам тұрмыс қалдығын қайта өңдеуге тапсырды. Экология тақырыбында шеберлік шарасы өткізіліп, мектеп жасындағы жас саяхатшылар қоқысты дұрыс сұрыптауды, әрі қарай қалай кәдеге жарату керектігін үйренді. Бұл ретте вагондарға тұрмыс қалдығы түр­ле­ріне байланысты ­арнайы контейнерлер орна­тылды.

 

35 мың ауыл тұрғыны тегін медициналық-құқықтық көмек алды

Бүгінде Қор қолдауымен нағыз ха­лықтық жоба – «Саламатты Қазақстан» медициналық по­йы­зы Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қа­зақ­стан мен Қостанай облыстарының шал­ғай­дағы тұрғындарына шарапатын тигізді. Қа­зіргі таң­да пойыз ұжымы сапарын Ақмола және Сол­­­түс­тік Қазақстан өңірлерінде жалғастырып жатыр.

34 331 азаматты (оның ішінде 10 051 бала) ақысыз медициналық қызметпен қамтыған дәрігерлер еңбегінен тыс, медиа­тор мен заңгер 1 811 арызды қарасты­рып, жергілікті азаматтардың құқық­тық, еңбек кикілжіңдерін шешуге күш салды. Мәселен, СҚО-да пойыздағы әйелдер дәрігеріне жүгінген 18 жастағы қыз баланы ультрадыбыстық тексеру барысында жатырдың болмауына байланысты сирек кездесетін диагноз қойылып, науқасқа қосымша қа­ра­луға кеңес берілді. Бұл ретте құ­рамдағы ақ халаттылар бар­лық нәзік жанды денсаулығына жауап­кершілік танытып, жоспарлы тек­серістерден уақтылы өтуге шақы­рады. Ақкөл стансасында пойыз заңгерлері үй құжаттары бойын­ша басында дау туындаған тұр­ғынға сотқа меншік құқығын рә­сім­деу жөнінде арыз жазуға, бар­лық қажетті құжатын реттеуге көмектесті.

Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат ми­нистр­­лігінің қолдауы­мен ірі стансаларда қайы­рым­­ды­лық концерті өтіп жатыр. Осыған дейін рес­пуб­ликалық деңгейдегі әртістердің өнер көр­сетуімен концерттер Ақмола мен Қостанай об­лыс­тарында ұйымдастырылды.

 

Шекаралас аудандарға демеу

Шығыс Қазақстан облысы­ның Катон­қа­рағай мен Зайсан аудандарында Қор қол­дауымен екі бірдей спорт алаңы қолданысқа бе­рілді. Әлеуметтік жобаның бұқаралық спорт­ты дамытудан бөлек, стратегиялық және идео­л­огиялық маңызы зор.

Аудандарда алғаш рет бой көтерген спорт алаңдарын халық көптен күтті. Енді аталған нысандарда 20 мыңнан аса тұрғын саламатты өмір салтын ұстанып, түрлі турнир өткізуге мүмкіндік алып отыр.

Алаңдардың әрбірінің жалпы аумағы 1,6 мың шаршы метрді құрайды. Онда жасанды көгалмен көмкерілген аумағы ұзындығы – 40, ені 20 метр болатын футбол және ұзындығы – 24, ені 16 метр болатын баскетбол алаңдары, толық­тай құрылғылармен қамтылған воркаут ай­мағы бар. Алаңның жан-жағы қоршалып, абат­тандырылады. Айта кетейік, ашылудан соң шағын футболдан турнир өтті. Игілікті іске мұрындық болып келген Мәжіліс депу­та­ты Ерлан Саиров пен Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бар­мен­құлов «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы­ның бастамасына жоғары баға берді.

«Шекаралас аймақтардың инфра­­құ­ры­лы­мын дамыту ма­ңыз­ды. Ел болашағы жас­тар­дың бойында мемлекеттік, ұлттық рухты қалыптастыруымыз керек. Соның бір тетігі – спортқа баулу. Бүгінде «Samruk-Kazyna Trust» қоры екі ауданға бірдей спорт алаңдарын салып беріп отыр», атап өтті Ерлан Саиров.

 

«Samruk-Kazyna Trust» КҚ баспасөз орталығы