• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Пікір 08 Тамыз, 2024

Жақсының үлгісі

238 рет
көрсетілді

Елдің жайын «Excel»-ге салып, шым-шытырық деректі шотқа қағып, есеп-қисапты шемішкеше шағатын статистика маманда­ры берген мәліметтерге байыптап бір қа­ра­саңыз, байқайтыныңыз мынау – жыл өт­кен сайын ауыл халқы санының азайып бара жатқандығы. Ал керісінше, қала тұр­ған­да­ры­ның қарасы қоңдана түседі. Тамырымыз сол бір алтын діңгектен тара­ған­нан кейін бе, әй­те­уір ауыл десе алаңдап тұра­тынымыз анық...

Тым әріден тартпай-ақ, 2018 жылдан басталатын дерек-дәйектерді құмалақша шашып тастағанды құп көрдік. Дәп сол жылы қала халқының саны 10,5 млн-ға (57,6%) жуықтаса, ауыл халқының саны 7,7 млн-ға (42,4%) жетіпті. Ал 2019 жылы қалалықтар – 10,7 млн-ды (58,2%), ауылдықтар 7,7 млн-ды (41,8%) құраған екен. Келер 2020 жылы қалалықтар 10,9 млн-ға (58,7%), ауылдықтар 7,7 млн-ға (41,3%) жеткен. 2021 жылы қалалықтар саны 11,2 млн (59,1%), ауылдықтар саны 7,7 млн (40,9%) төңірегінде тұрақтапты. 2022 жылы қала халқының саны – 12 млн (61,5%), ауыл халқының саны 7,5 млн (38,5%) болса, 2023 жылғы 1 шілдедегі мәліметке сай қалалық жұрттың үлесі – 12 208 259 (61,8%), ауылдағы ағайынның мөлшері – 7 556 745 (38,2%). Ал биылғы 1 сәуірдегі дерек былайша сөйлейді: жал­пы ел халқының саны 20 095 963 адам десек, оның ішінде қала халқының саны – 12 513 014 (62,3%), ауылдағы ағайынның үлесі – 7 582 0949 (37,7%). Пайымдай білгенге пайыздың өзі-ақ біраз дүниенің парқын ашып бергендей әсер қалдырады. Расында да қала мен ауыл халқы­ның арасындағы алшақтық ұлғайып барады. Урба­­н­и­­за­цияны уысына сыйғыза алмаған еліміз енді бұл мәселені бақылауда ұстауға қауқарлы ма? Сана­ны сансыратқан сауал көп. Соның ең бастысы – «Ел неге елден көшеді?» деген сауал болса керек.

Қайбір жылдары урбанизацияның деңгейі 61,5%-ға жетті деген ақпарат тараған-тын. Үдере көшкен үркін көштегі ауылдықтардың үлесін азайту үрдіске айналса, расында да жақсы-ақ болар еді.

Мың сан бояулы мегаполистердің маңайдағы ауыл жұртшылығын магнитше тартып, жа­йындай жұтып қоятындығына сырына енді қаныққан боларсыз. Кім-кім болса да жайлы өмір іздеп, қала-қаланы жағалап кетуі заңдылық шығар. Оған бола ел азаматтарын жазғырудан аулақпыз. Елді мекендерде жағдай жасалса, мүмкіндіктер берілсе, ауылдан қарыс қадам ұзағысы жоқ ағайын көп. Оған дәлел Қызылорда қаласының іргесінде қоныс тепкен Нағи Ілиясов ауылы, болмаса Астанадан аса бір алыс емес жерде орналасқан «Родина» елді мекенін айтып өтсек, жарасатындай. Бұл ауылдардағы береке-бірлік пен жағдайдың жасалғаны соншалық, қала қанша жақын болса да ауылдан көшіп жатқандар жоқтың қасы. Бұл секілді бақ қонған мекендерде бос тұрған үй мүлдем болмайды. Керісінше, көшіп келгісі келетіндер көбейген. Ел түгел еңбекпен қамтылған. Жас мамандарды да жатырқамай қарсы алады. Соңғы үлгіде салынған мектеп, балабақша, емхана, мәдениет үйі, спорт сарайы, саябақ, мешіт, сауда үйлері, бәрі-бәрі ел игілігі үшін есіктерін айқара ашқан. Тұрғындардың әлеуметтік жай күйіне де жіті назар аударылып отырады. Осындай жайлы өмірден кімнің жырақтағысы келер дейсің?

Ал бұған жете алмай отырған ауылдардың азаматтары ғана қалалықтардың қатарын толық­тырып келеді. Сондықтан осындай айы оңынан туған ауылдарды неге өзгелеріне шынайы үлгі етпеске? Одардың озық тәжірибесін неге ортақ мүдде үшін пайдаланбасқа? Осы мәселеге көбірек назар аударған дұрыс та секілді. Шаруасын шашыратпай, өз тірлігін өрге сүйреген шаруа қожалықтары қайнаған еңбектің де ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті. Егер осы мәселеге шындап назар аударсақ, біртіндеп оң шешімін табатындығына да сеніміміз жеткілікті. Тіпті бұл мәселеге мемлекет те шындап бет бұрып, түрлі жобалар мен бағдарламалар әзірлеп, оны сәтті жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын өз Жарлығымен бекітіп берген еді. Одан бөлек «Ауыл аманаты», «Дипломмен – ауылға!», «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл­да денсаулық сақтауды жаңғырту» деп келетін жобалар ел дамуына ерекше серпін қосып отыр.

Иә, алтын арқаулы ауылға бар қазақтың кіндігі байлаулы. Ажарлы ауылды аздырмай, туған жерді тоздырмай келер ұрпаққа сол күйінде аманаттау қазіргі біздердің мойнымызға артылған үлкен жүк екенін тағы бір мәрте еске салып қойғың-ақ келеді. Ауыл идеологиясын ақсатып алмау да – бүгінгілер үшін басы бүтін бөлек бір әңгіме. Шекара шебіндегі ауылдар мәселесі де қаперден еш шықпауы керек. Ұлт ұлыларының ұстаханасына айналған ұядай ғана ауылдар қай кезде де ұрпаққа үлгі болуға тиіс. Таяуда ғана «ауылға барайықшы» деп ата-анасына қиылып тұрып өтініш айтқан балдырғанның әсерлі жазбасы әлеуметтік желіні шарлап, елдегі ағайынның жүрегін бір қозғап өткені анық. Осындай ел ертеңі барда, көмескі тартқан ауыл шамы сөне қоймас деп сенім артамыз. Мұны да бақуатты ауыл құру жолында жасалған сәтті бір қадам деп қабылдайық.