• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Олимпиада 09 Тамыз, 2024

Күміс сыңғырлаған күн

91 рет
көрсетілді

Францияның Париж қаласында өтіп жатқан ХХХІІІ жазғы Олимпия ойындарында қан­жығамызға қос медаль байланды. Грек-рим күресінің финалына жеткен Демеу Жадыраев (77 кг) пен бокстан бас жүлдеге таласқан Нұрбек Оралбай (80 кг) төрт жылда бір айналып соғатын ұлы аламанның алтынынан қол үзіп, күмісті місе тұтты.

Ел үмітін арқалаған Демеу

Қай жағынан безбендегенде де Париж жазғы Олимпия ойындары­ның он екін­ші күні еншімізге бұйырған қос күміс­тің де салмағы зіл батпан, десі басым. Әттеген-ай да ішімізде кетті бірақ. Демеу Жадыраевтың 44 жылдан бері қазақ ба­луандарына жалынан ұстатпай келе жатқан жазғы Олимпия ойындарының алтын жүлдесін жұлып алатын мүмкіндігі туып-ақ еді. Нұрбек­тің де төрт жылдан бері тайғанақтық танытып, теңселіп тұрған қазақ боксының рухын көтеріп, кеткен есемізді бүтіндейтін мезеті еді. Бір кем дүние...

Алдымен грек-рим күресінен бұ­йырған күміс медаль жөнінде бірер сөз. Париж жазғы Олимпия ойындарына бұл салмақта Демеу Жадыраев лицен­зияны да бертінде Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен соңғы іріктеу­де иеленді. Оқу-жаттығу жиынын да жоғары деңгейде өткізіп, тас-түйін барған балуанға жазғы Олимпия ойын­дарының алтыны бұйырмай тұр екен. Бірақ Демеудің ат байлаған бұл биігі де аз олжа емес. Тіпті бұл межеге жетуде талай «тар жол тайғақ кешулерден» өтті. 2021жылы болған Токио жаз­ғы Олимпия ойындарына қатысып, алғашқы айналымда-ақ жарыс жолынан ығысқан балуанның арада өткен үш жылда буырқанып шыға келеті­нін күллі әлем күте қойған жоқ. Тіпті бірінші белдесуінде колумбиялық Хаир Алексис Куэроны айқын ұтқан­да да жауырыншылар екінші кезеңде екі дүркін әлем чемпионы, Токио жазғы Олимпия ойындарының күміс жүлдегері, қырғыздың мақтанышы Ақжол Махмұдовтың мысын баса алмайды деп те тон пішті. Өзінен 9 жас кіші «қырғыз акуласына» Жадыраевтың бұған дейін де жіберген есесі аз емес еді. Қырғыз елінде өткен Азия чем­пио­натында жеңілді. Соны малданған сәуегейлер ширек финалда Демеудің Ақжолды ығыстырады дегенге аса сенім арта қойған жоқ. Ал біздің оғлан жердің астын үстіне аударып, тарихи жеңісті жұлып алды. Салқынқанды балуан асығып-аптыққан жоқ, байыппен белдесіп, даңқты қарсыласынан айласын асырды. Жартылай финалда әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы әзербайжан балуаны Санан Сүлеймановты да сансыратып кетті. Бұған дейін осы балуанға екі рет есе жіберіп, жалы жығылған Жадыраев бұл жолы мінез танытып, тегеурінді қарсыласынан басым түсті. Париж жазғы Олимпия ойындарының фи­нал­дық белдесуінде жерлесімізді Жапо­нияның үміті, 23 жастағы оғлан Нао Кусака күтіп тұрды. Азия чемпионы, әлемдік рейтингте 77 кг салмақтың көшін бастап тұрған Нао ноян жастық жігерімен Олимпиаданың алтын меда­лін иеленді. Сөз жоқ, Демеу тарихи же­ңіс­ке жететін, 44 жыл бұрын Жақсы­лық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков­тің Мәскеу Олимпия ойындарында алтын медаль олжалап, шыңға шыққан жеңі­сін қайталаған үшінші қазақ оғланы атанатын мүмкіндікті уысынан сусы­тып алды. Тіпті бірінші кезеңде 1 ұпай ­алып, алға ұзаған да еді. Төреші жапон­ның қимылы сылбыр деп төрттаған­ға қойды. Демеу үшін ең оңтайлы сәт осы еді. Бұған дейін жазғы Олимпия ойындарының жүлдегері, әлем чемпионы деген атаққа ие қарсыласта­рын олай да, былай да бұрай аунатып, айқын жеңген жерлесіміздің Кусакаға келген­де қолының қары талғандай көрінді. Екін­ші кезеңде тіпті күтпеген жерден Нао­ның тұзағына түсіп қалды.

Марапаттау рәсімінен кейін Олим­пия ойындарындағы белдесуіне, финал­дық тартыс турасында пікір білдірген балуан өзіне жүктелген жауапкершілік­тің тым жоғары болғаны да көңілін толқытып жібергенін жасырмады.

«Дайындық бәрі ойдағыдай өтті, тас-түйін әзір болдым. Финалдық белдесуге дейін бар күшімді сарқа күрестім, соңғы асуға келгенде қайратымды көрсете ал­мағаным өкінішті. Бұған дейін де әлем чемпионатының финалында белдестім, Азия біріншілігі, басқа да халықаралық сайыстарда жығылсаң, өкініш аса қатты қыса қоймайды, ал Олимпиаданың дуы, мысы мүлде бөлек екен. Тегеурінді балуандарды жығып, финалға жеткеннен-ақ жанкүйерлер Олимпиада чемпио­ны деп қабылдап қойды ғой деймін. Өзімнің ішкі буырқанысымды басқа­ра алмай қалдым. Марапаттау кезінде «Жапонияның туы орнында біздің көк байрағымыз желбіреуге тиіс еді ғой» деген өкініш өзегімді өртегенде, ішім алай-дүлей болды. Бірақ күміс медаль бұйырған екен, бұған да шүкіршілік етемін. Қазақ еліне алтын медаль тарту еткім келіп еді, амал қанша», деді Демеу.

Демеудің алғашқы бапкері Жұмахан Тұрғанбеков шәкіртінің финалдық белдесуіне қатысты пікірін айтты. Қонаев қаласындағы саябақта көпшілікпен қатар отырып белдесуді тамашалаған білікті маман қазақ оғланының орасан жетістігіне разы екенін жеткізді.

«Демеу бала күнінен төрттағанда ұпай алуға самдағай еді. Қарсыласын аш белінен қапсыра ұстап, кеудесінен асыра лақтыруға асық болатын. Жапон балуанымен бұған дейін де белдесіп есе жіберген еді, қыр-сырын терең біледі. Өзіне де айтқанмын, ақылмен белдесу керек деп. Ішкі сезімді, толқыныстың бәрін де сабырмен байыптап, ақылға жеңдіру қажет. Сәл асығып кеткендей көрінді. Күміс медаль да аз олжа емес. Алақандай ғана Үшарал аулынан екін­ші шәкіртім жазғы Олимпия ойын­дарының күміс медалін олжалады. 2008 жылы Бейжіңде шәкіртім Нұрбақыт Теңізбаевқа бұйырған Олим­пиада медалі, міне, араға 16 жыл салып Демеудің кеудесінде жарқырады. Жаратқанға сансыз шүкіршілік айтамын», деді білікті маман.

Бейжің жазғы Олимпия ойын­дары­ның күміс жүлдегері, жастар арасында әлем чемпионы Нұрбақыт Теңізбаев Париж кілемі Демеу Жадыраев үшін құтты екенін қайыра еске салды.

«Балуандарымыз Францияға атта­нарда, Париж кілемінен Демеу олжа­сыз оралмайтынына сенімді екені­мізді айтып, тілеулестік білдірдік. 2017 жылы әлем чемпионаты Парижде өтіп, Демеу финалда неміс балуанына есе жіберіп, күміс жүлдегер атанып еді. Енді, міне, жазғы Олимпия ойын­дарының күміс медалін олжалады. Бар­ша жанкүйер шы­ны керек, Демеу­ден алтын күтті. Оның финалға дейін өткерген белдесулері алтын медаль алады деген сенімімізді ны­ғайтты. Деген­мен күрес болсын, басқа спорт болсын, финалға тек мықтылар шығады. Сол мықтының арасында біздің Демеу де болды. Осындай тарихи сәтте еліміздің жетістігімен құттықтаймын. Бұл жеңісті Демеудің елімізге, туған ауылымызға сыйлаған үлкен сыйы деп білемін», деді Кеген ауданының әкімі Н.Теңізбаев.

Грек-рим күресінен ұлттық құра­­ма­ның бас бапкері Юрий Мельничен­ко Демеу­дің финалдық белдесуде ба­рын сал­ғанын, бірақ сәл айылын ерте босатып босаңдық танытқанда жапон Кусака ұрымтал сәтті оңтайлы пайдаланып кеткенін жеткізді.

Париж жазғы Олимпия ойындарына грек-рим күресінен 60 кг салмақ дәре­жесінде Айдос Сұлтанғали екінші айналымда екі дүркін әлем чемпионы қырғыз Жоламан Шаршенбековке есе жіберіп, жарысты аяқтаған. 130 кг сал­мақта Әлімхан Сыздықов та бірінші белдесуінде румын алыбы Алин Алек­сусты жығып, ширек финалда әзер­байжан балуаны Сабах Шариатиге есе жіберді. 87 кг салмақта Париж жазғы Олимпиадасының додасына қосылған Нұрсұлтан Тұрсынов та екінші асудан аса алмады. Ол 8/1 финалда египеттік Мохаммед Медваллиді 10:1 есебімен айқын жеңген. Ширек финалдық белдесуде екі дүркін әлем чемпионы, Токио жазғы Олимпия ойындарының жеңім­пазы, Украина елінің намысын қорғаған кубалық Жан Беленюкке есе жіберді.

 

Нар тұлғалы Нұрбек

Боксшылар үшін Париж жазғы Олим­­пия ойындарының аламаны мәре­сіне жетті. Еліміздің ерлер құра­масы Париж төріне төңірегі түгел барған. Олимпиадалық 7 салмақта жеті жам­поз додаға қосылған. Алты оғланның жартылай финалға жетпей, атынан ауып қалғаны аз сыналмады. Ерінбегеннің бәрі қазақ боксының «жаназасын шыға­ру­ға» асықты. Басынан алағай да бұла­ғай күйді кешіп жатқан бокс спорты­ның айналасындағы дау одан бетер өрши түскендей. Париж жазғы Олимпия ­ойын­дарында төрешілердің қысас­тығы талай саңлақтың сағын сындырып, етегін жасқа толтырғаны және анық.

Бокстан ұлттық құраманың бас бап­­кері лауазымын үшінші мәрте тіз­­гін­де­ген Мырзағали Айтжанов Па­­риж­­­ге жү­рер алдында үш медаль (1 ал­­тын, ­1 кү­­міс, 1 қола) олжалауға ба­рын сала­­ты­­нын айтқан. Бірақ маман­ның де­гені бол­ған жоқ. Жеті жігіттің тек бі­реуі ғана сенімге селкеу түсірмей үміт­­­ті ақтады. 80 кг салмақта жазғы Олим­пия ойын­дарына алғаш қатысқан Нұр­бек Орал­бай финалда украина­лық Алек­сандр Хижнякқа есе жіберіп, күміс медальды місе тұтты. Салтанатты мара­пат­тау рәсімінен кейін Нұрбек меда­лін мойнынан алып тұғырдан көңіл­сіз түсіп кетті. Ішіндегі алай-дүлей топа­лаң­ды қалың жанкүйері де түсінді. Ұлт­тық құрамадағы боксшылардың кей­бірін төрешілер бел­ден басып, жеңі­сін ұрлағаны да жам­поздың жанына батқаны анық. Амал қай­сы, бес қазы Хиж­няктің десі басым түсті дегенді алға тартты. «Бекер адам таз болмайтыны» секілді украиналық боксшыны осал деуге келмейді, қашанда шын мық­тыға тұсау жоқ. Жиып-терген тәжі­­ри­бесі жағынан да жоғары болды. 2021 жылы Токио жазғы Олимпия ойын­дарының финалында бразилия­лық Кон­сесаон сұлатып түсірмегенде Хиж­няк Олимпиада чемпионы атанар еді. Өрше­лене алға ұмтыламын деп оң­бай соққы алып омақаса құлаған. Одан бері ол өзінің осы олқылығын бүтін­­деп, қателігін түзеуге барын салғанын ­паш етті. Қанжығасында жазғы Олимпия ойын­­дарының күмісі мен алтыны бар енді.

Әлем чемпионы Нұрбектің осындай қарсыластың тегеурінін тойтарып, барын сала айқасуы да – жеңіске пара-пар іс. Жазғы Олимпия ойындарының күмісін боксшыларымыз үнемі көсіп олжалап жатқан жоқ. Өзінің алғашқы Олимпиадасына ат байлаған Нұрбек бірінші жекпе-жегінде аустралиялық Каллум Питерсті айқын ұтты. Ширек финалда әзербайжан боксшысы Мұрат Аллахбердиевті ығыстырды. Жарты­лай финалда доминикандық Кристиан Пианлесті 2:3 нәтижесімен еңсерген. Нұрбектің олжалаған күміс медалінің мысы алтынмен пара-пар. Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бері жазғы Олимпия ойындарына сегізін­ші мәрте қатыстық. Соның ішінде алты бірдей аламаннан боксшыларымыз алтын медальсыз қайтқан жоқ. Тек Токио­дағы (2020) екі қола медальды місе тұтқан соң-ақ қазақ боксының айна­ла­сындағы абың-күбің әңгіме үдей түсіп еді, Парижден кейін де қырық атанға жүк болар сын айтылатыны анық.

Жазғы Олимпиада ойындарынан Нұрбектің салмағында олжа салған оғ­лан­дарымыз санаулы ғана. 1996 жылы Атланта жазғы Олимпия ойындарында Василий Жиров (81 кг) чемпион атанып, Олимпиаданың үздік боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогін иеленді. 2008 жылы Бейжің жазғы Олимпия ­ойындарында Еркебұлан Шынәлиев ­81 кг салмақта қола жүлдені қанжығасына бөктерді. 2012 жылы Лондон және 2016 жылы Рио жазғы Олимпия ойындарында Әділбек Ниязымбетов (81 кг) екі мәрте күміс медаль еншіледі. Арада өткен 8 жылда Нұрбек Оралбай олқы тұсымызды бүтіндеп, бұйырмай тұрған күмісті тарту етті.

Ұлттық құраманың бас бапкері Мыр­зағали Айтжанов Париждегі тар­тысты қорытындылап, боксшылар барын салғанын айтты.

«Франциядағы бұл жазғы Олимпиа­да біз үшін, яғни боксшыларымызға өте сәтсіз болды. Жеңілістің себебін бі­реуге аудармаймыз, бұйырмаған екен алтын медаль. Көпшілік жігіттердің фи­зикалық дайындығына қатысты сын айтып, шаршап қалатынын сынап жатыр. Боксшылар барын салып айқасты, шаршаған жоқ. Ешқайсысының да же­ңісті қолдан беретіндей жігері жасы­ды дей алмаймын. Дегенмен де бұл – үлкен сабақ. Бұдан ары қарай мықты, қайрат­ты болуға қамшылайды. Қазақ боксы аяғынан нық тұрып, еңсесін тіктейтініне сенімдімін», деді бас бапкер.

М.Айтжановтың күйінетіндейі де бар. Ол ұлттық құраманың бас бапкері лауа­зымын алғаш тізгіндеп, Лондон жазғы Олимпия ойындарына барды. Ұлт­тық құрама боксшылары 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль олжалады. 2016 жылы Бразилияның Рио қала­сында өткен жазғы Олимпия дода­сында Айтжа­нов үкілеп қосқан бокс­шылар 1 алтын, ­2 күміс, 1 қола медаль­ға қол жеткіз­ді. 2009-2018 жылдары екі олимпиада­лық циклда ұлттық құра­маны баптаған Айтжановқа 2023 жыл­дың қаңтар айында осы қызмет тағы да жүк­телген еді. Нәтижесі – 1 күміс медаль ғана. Қазақ боксының алтын ­буыны келіп, еңкейген еңсемізді тіктеп, қашан жарқырайтыны – уақыттың еншісінде.

 

Іріктеуден аса алмады

Париждегі кезекті жарыс күнінде додаға қосылған спортшыларымыз үміт­­ті ақтай алмады. Велотректен спринт бағдарламасында іріктеу додасына қосылған Андрей Чугай 30-сатыға орны­ғып, қою шаңның ішінде қалды. Таеквондодан Самирхон Абабаки­ров үшін жеребе ауыр түсті. 58 кг сал­мақ дәре­жесінде Олимпиада тартысына шық­қан жерлесіміз алғаш­қы айна­лымда-ақ есе жіберді. Токио жаз­ғы Олимпия ойындарының чемпио­­ны, әлем біріншілігінің жеңімпазы әйгілі италиялық Вито Делльаквилға жол бер­ді. Тартысты айқаста ұпай санымен алда тұрған Самирхон соңғы 40 секунд қалғанда босаңдық танытып, жеңісті уысынан сусытып алды.

Байдарка мен каноэ есуде де әзірге еншімізге медаль бұйырмай тұр. Сер­гей Емельянов каноэде 1 000 метрге жа­рыс жолына шығып, өз тобында 4-орын­ды қанағат тұтты. Байдаркада (1 000 метр) Бекарыс Раматулла іріктеуде жоға­ры нәтижеге қол жеткізе алмады.

Әзірге Қазақстан спортшылары Париж жазғы Олимпия ойындарынан 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль олжалап, жалпы есепте 28-сатыға орнықты.

Еркін күрес балуандары да Олим­пиа­да додасын сәтсіз бастады. 86 кг сал­мақ­та белдескен әлем чемпионатының жүл­дегері Азамат Дәулетбеков алғашқы айна­лымда америкалық Аарон Бруксқа 3:4 есебімен жол берді. 57 кг салмақта Мей­рамбек Қартбай қырғыз балуаны Бек­зат Алмасұлынан аса алмай жеңіліс тапты.