Астана қаласында шахматтан командалық әлем чемпионаты мәресіне жетті. Бірнеше күн бойы әлемнің таңдаулы гроссмейстерлерінен жасақталған 39 команда (315 шахматшы) «Freedom Holding Corp.» бас серіктес болған ой додасының көрігін қыздырды.
«QazExpo» конгресс орталығында өткен әлемдік аламанда шахматшылар рапид және блицтен сайысқа түсті. Рапид бойынша әлемдік дода швейцариялық жүйемен өтті. Ал блицте 8 топқа бөлінген командалар айналма жүйеде тартысты. Екі сайыс та алты тақтада өрбіп, әр команда бесінші тақтада әйел шахматшыны қосса, алтыншы тақтада әуесқой шахматшы бағын сынады.
Былтыр командалық әлем чемпионаты Германияның Дюссельдорф қаласында өткені белгілі. Ол кезде тек рапидтен сынға түскен шахматшылар елорда төрінде блицтен де ой жарыстырды.
Әлем чемпионатының рапид сынында топ жарған «Al-Аin ACMG UAE» командасында әйелдер дуэті Катерина Лагно мен Чжу Цзиньэр тегеурінді ойын өрнегін көрсетті. «Ирандық Каспаров» лақап атымен танымал Пархама Магсудлу, Даниил Дубов, Владислав Артемьев секілді үздіктер жеңіске жетті. Рапид сайысында 23 ұпайдың 21-ін олжалаған «Al-Ain ACMG UAE» командасының шахматшылары тоғыз матчта жеңіске жетіп, үш рет тең түсті.
Осы сында күміс медаль олжалаған «Decade China Team» командасында әлем чемпиондары Дин Лижэнь мен Цзюй Вэньцзюнь бағын сынады. Бұдан тағы екі супергросс Юй Янъи және қаңтарда Нидерланд елінде өткен Вейк-ан-Зеедегі турнирінде әлемнің үздіктерін жеңіп, қарымын байқатқан Вэй И сынды саңлақтар додаға қосылды.
Дода басталмай-ақ сәуегейлер былтырғы әлем чемпионы «WR Chess Team» командасына қызды-қыздымен бас бәйгені байлап та қойған еді. Олай тон пішудің де жөні бар. Себебі командаға әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, дүниежүзілік рейтингтің көшін бастап тұрған норвег Магнус Карлсен мен әйелдер арасында шоқтығы биік (әлемдік рейтингте 1-сатыда тұр) қытайлық Хоу Ифань жетекшілік етті. Әлемнің экс-чемпионы Александра Костенюк, Ян Непомнящий, дүниежүзілік шахмат олимпиадасының чемпионы Нодирбек Абдусатторов, әлем кубогінің иегері Ян-Кшиштоф Дуда, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Винсент Кеймер сынды үздіктер топтасты. Кіл мықтыны маңына жиған Магнус Карлсеннің сайыпқырандарына рапид сайысының қола медалі бұйырды.
Бірақ блиц додасында Карлсеннің командасы мінез танытып, қарсыластарын қапы қалдырды. Екі кезең қорытындысында бұл команданың қарымына ешкім төтеп бере алмады. «А» тобынан плей-офф кезеңіне өткен Магнус Карлсеннің командасы 8/1 финалда «Hunnu Air» командасын қапы қалдырып, ширек финалдық тартыста «GMHans.com» ойыншыларын жеңді. Ал жартылай финалда «Chessy» командасының шахматшыларын еңсерді. «Chessy» командасында Видит Сантош Гуджрати, Рихард Раппорт, Алексей Сарана, Йорден ван Форест, Хампи Конеру, Анна Музычук бақ сынады. Блицтен финалдық сайыс аса тартыспен өрбіді. Рейтингтегі көрсеткіш бойынша да қарсыластан мысы басым тұрған Магнус Карлсен бастаған саңлақтар Үндістанның «Team MGD1» командасын да қапы қалдырды. Бірақ жеңіс оңай келген жоқ, тіпті Магнус Карлсенді Арджун Эригайси жеңіп, көпшілік күтпеген нәтиже тіркеген. Бірақ оның командасындағы өзге гроссмейстерлер сын сәтінде табандылық танытып, жеңіске жетті. Блиц додасының қола медалі «Al-Аin ACMG UAE» мен «Chessy» командасының мүшелеріне бұйырды.
Астана қаласын дүбірге бөлеген доданың дуына қосылған еліміздің командалары 10-14 сатыға тұрақтады. Бірақ бұл сынға Ташкент қаласында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысып жатқан әлем чемпионы Қазыбек Нөгербек, Әмина Қайырбекова, Лия Құрманғалиева, Назерке Нұрғали, Аяулым Қалдарова, Зарина Нұрғалиева сияқты жас таланттар бақ сынаған жоқ. Дей тұрғанмен «Kazсhess» командасында талай додаға қосылып ысылған, тәжірибелі Бибісара Асаубаева (екі дүркін әлем чемпионы), Әлішер Сүлейменов Алдияр Аңсат, Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов, Шахрияр Мамедьяров, Александр Грищук сынды үздіктер тартысқа түсті. Astana-1 командасында Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондары Павел Коцур, Пётр Костенко, Нұрлан Ыбыраев, Денис Махнёв, Рамазан Жалмаханов, Арыстанбек Оразаев, Жандос Ағманов, пен Меруерт Камалиденова додаға қосылды. Үшінші команда Teniz Kazakhstan сапында гроссмейстер Әнуар Исмағамбетов капитандық міндетті атқарып, қатарына 2023 жылғы Азия чемпиондары Арыстан Исанжолов пен Ксения Балабаева, Эдгар Мамедов, Сауат Нұрғалиев, Даниял Сәпенов сынды үздіктерді жинағанымен, жүлдеге жете алмады.
Командалық әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры – 350 мың еуро. Рапидке – 250 мың еуро, блицке 100 мың еуро бөлінді. Рапид сынында жеңіске жеткен команда еншісіне 100 мың еуро сыйақы жазылса, блицтен жеңіске жеткен команда мүшелеріне 40 мың еуро берілді. Күміс, қола жүлдегерлер де қомақты сыйақыға кенелді.