Ғұмырының соңғы бел-белесінде Абайдың ішкі әлемінде үлкен рухани реставрация жүреді. Қоғамды түзетпек болған хакім ендігі жерде өзімен айналысуды құп көреді. Осылайша, әлемді жөнге салу адамның өзін жөнге салуынан басталатынын іс жүзінде сезінеді. Ақыры «тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?» деп, оның көзін ашуға барын салады.
Абай ұғымындағы жүрек – адам мен ақиқат арасындағы терезе. Осы терезеге ғаділет пердесі тұтылғаннан кейін оған хақтың сәулесі түспейді. «Бұлардың бас көзі соқыр емес, бірақ көкіректеріндегі жүрек көзі соқыр» деген Құран аяттары осы шындықты меңзесе керек. Жүрек көзіне сәуле түспеген адамға хикмет ілімі қонбайды.
«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».
Ақын өлеңіндегі «жылы жүрек» концепциясы – терең гуманистік ұғым. Бұл, әрине, даналардан жалғасып жатқан тұғырлы тұжырымдама. Әл-Фараби трактатында «Жүрек – ішкі табиғи жылылықтың көзі. Басқа мүшелерге жылылық нақ осыдан тарайды, олар осыдан нәр алып отырады», деген жазбасы бар. Сәйкесінше Абай да осы идеяны өз сараптауында:
«Сол жүректен жылылық, достықпенен,
Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы», десе, тағы бір өлеңінде:
«Жүректен қызу-қызба кете қалса,
Өзге тәннен еш қызық іс табылмас», деп оның маңызын нақтылайды. Жүректің жиырма төрт сағат суынбауын қадағалап отыру керегін айтады.
Абайдың жүрек туралы ұғымымен кеңірек танысу үшін, оның «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінің танымдық тамырына зер салу керек деп есептейміз. Онда құдайға бастайтын жалғыз көпір – жүрек, жай ғана емес, ынталы жүрек екенінен хакім алғашқы шумақта-ақ хабар береді. Әрі қарай өлең былайша өріледі:
«Дененің барша қуаты
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса Тәңірі үшін».
Ақиқат ғашық адамға ғана танылады. Бұл сезім – болмыс бірлігіне ұмтылу. Бұл халге жеткен бақыт иелері «мен» деп емес, «біз» деп сөйлейді. Шайда еріген шекердей, жарының жүрегіне мәңгілік сіңіп кетеді. Осы орайда «менің жарым – қыз емес, хақиқаттың шын нұры» деген Шәкәрімнің сөзін есте ұстаған абзал.
Құдайды ақылмен танығысы келген топтар қай заманда да болған. Қазір де мұндай пікір иелері жиі ұшырасып жатады. Алайда бұл беймүмкін әрекет екенін айтады Абай атамыз. Себебі өлшеусізді өлшеулі ақылмен сарапқа сала алмаймыз.
«Ақыл мен хауас барлығын
Білмейдүр, жүрек сезе-дүр.
Мұтәкәллимин, мантикин
Бекер босқа езе-дүр».
Мұндағы «мұтакәллимин, мантикин» сөздері – исламияттағы теологиялық терминдер. Ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Абай және Шығыс» еңбегінде бұларға кең көлемді талдау жасайды. «Мұтакәллимин бағытының негізін ІХ ғасырда ал-Аашари (874–935) салған еді. Бұл сөздің мағынасы арабша «кәлам» (логос), ал «мұта» сөзі кәлам ілімін насихаттаушы, таратушы дегенді білдіреді. Мұтакәлламистер орта ғасырда ислам дініне грек философиясын пайдалану арқылы теологияны үстемдікке жеткізді. Табиғат, адам, қоғамдағы құбылыстарға осы мұтакәлламин ілімі тұрғысынан жауап беріп, ұғындырып отырған. Ал мантикин сөзі де арабша, ол логика сөзіне келеді».
Бұдан түсінетініміз, адам білім жинаумен ақиқатқа жақындамайды. Жүрек түбінде жасырынған түрлі дерт-мерездермен күресу арқылы шындықтың шыңына жетеді. Барлығы адам кеудесіндегі он сегіз мың ғаламның қазынасы жасырынған жұдырықтай жұмыр етке байланысты.