Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің аса маңызды бөлігі. Нақты мәліметтерге қарағанда отандық азық-түлік өндірушінің ісі әлі күнге оңалар емес. Биыл да сауда орындарының сөрелерінде импорттық тауардың саны мен көлемі жергілікті өнімнен біршама көп болып тұр. Жер емген диқан мен шикізатты өңдеп сауда сөресіне жеткізетін отандық кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың әлі де олқы тұстары бар екенін айтады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен азық-түлік қауіпсіздігін алға шығарған Үкімет бұл салада тағы да батыл қадамдар жасауы керек.
Азық-түлік өндірісінде елеулі үлеске ие керекулік өндірушілердің айтуынша, импорттық өнімдер сапасыздау келеді әрі арзан бағада ұсынылады.
«Өз еліміздің нарығында қонақ сияқтымыз. Ал бөтен біреу өзін қожайын ретінде сезініп жүр. Біз – отандық өндірушілерміз. Сауда желілерімен бәсекелес емеспіз. Тек азық-түлік өндіреміз, сауда желілері оны сатады. Бәріміздің ортақ басты мақсатымыз – ел азаматтарын сапалы, табиғи, жаңа және қолжетімді өнімдермен қамтамасыз ету. Біздің өнімге сауда желілерінде «Қазақстанда жасалған» деген жазуы бар ең жақсы сөрелерді бөліп беру қажет. Сауда орындарында үлкен кеңістігі бар, тауарлық сөреде жақсы орны бар ресейлік, белоруссиялық, литвалық өндірушіден біздің неміз кем? Оған қоса барлық «кіру төлемдерін», ретробонустарды – жалпы алғанда, сауда желілері өндірушіден оның тауарын осы желіде сату үшін алатын кез келген қосымша төлемді жою керек. Сондай-ақ өңдеу саласы үшін мемлекеттік қолдау шаралары әлі де ұлғайтылуы қажет деп есептейміз. Кәсіпкерге фермерден шикізат сатып алу үшін айналым қаражатын жеңілдікпен қаржыландырудың жеке мемлекеттік бағдарламасы болса құба-құп. Мұндай бағдарламалар Ресей мен Белоруссияда аса белсенді түрде жұмыс істейді. Сол себепті олардың нарықтағы бәсекелестік позициясы өте күшті», деді осы мәселеге орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелде «Фирма Арго» ЖШС директоры Олег Литвиненко.
Қатысушылар импорттық азық-түлікті ел аумағына кіргізу кезінде мемлекеттік бақылауды күшейту керек екеніне баса назар аударды. Нарықтағы барлық өндіруші мен жеткізуші үшін тең жағдай орнауы қажет. Өкінішке қарай, қазір мұндай теңдік жоқ.
Оның үстіне Ресей мен Белоруссия аграрлық және азық-түлік саласын едәуір дәрежеде субсидиялайды. Кәсіпорындары әлдеқайда үлкен, логистикасы мен шикізат базасы жақсы дамыған. Мұның бәрі шетелдік өндірушіге біздің азық түлікпен салыстырғанда төмен, өзіндік құнға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда ашық нарық игілік болып саналмайды. Өйткені ол отандық кәсіпорынды өз елінде тауарын өткізуден айырады. Сөйтіп, саланы іс жүзінде толық дерлік жояды. Осыдан барып елдің азық-түлік қауіпсіздігі қыл үстіне шығады. Жергілікті кәсіпкерлер қатысқан дөңгелек үстелде Қазақстан ЕАЭО шеңберінде мемлекеттік қолдау мен баға белгілеудің тең шарттарын қатаң қорғап, өз өндірушісін қолдауы шарт екені айтылды.
«МолКом Павлодар» ЖШС директоры Виталий Михайловтың айтуынша, нарықтағы арзан импорт қысымының арқасында оның кәсіпорны тауар ассортиментін қысқартуға мәжбүр болған.
«Өткен жылдан бастап біз ассортиментті қысқартуға мәжбүрміз. Қазір 90-ға жуық өніміміз бар. Бірақ сауда желісіне келгенде бізге сөрелерден 15 сантиметр ғана орын беріледі. Қосымша сауда алаңына ақы төлеуді талап етеді. Бізде ондай көп ресурс жоқ қой. Ресейлік бәсекелестің тауар бағасы төмен. Олар үлкен және қуатты. Сауда желілерінде сөре үшін ғана төлейді. Сондықтан сауда үшін үлкен аумақты алады. Енді ашық нарықта импорттық өнімдермен тең дәрежеде даму және бәсекелесу үшін отандық өндірушіге қосымша мол ресурс керек», деді В.Михайлов.
Кәсіпкер Ресейдің іргелес аймақтарының нарығында осыған ұқсас азық-түлік өнімдерінің бөлшек сауда бағасы бізге қарағанда 20-30%-ға төмен екенін алға тартты. Бұл – Ресей билігінің тамақ өнеркәсібінде жүзеге асыратын нақты мемлекеттік қолдауының нәтижесі. Сондықтан отандық тамақ өнеркәсібі ішкі нарықта ресейліктерге бәсекелестіктен жеңіліп отыр.
Сала өкілдері қазіргі жаһандық тұрақсыздық жағдайында елдің азық-түлік қауіпсіздігіне кепілдік беру керек деген пікірге тоқтады. Мысалы, келешекте Ресей Қазақстанға қазір әкеліп жүрген өнім көлемін жеткізе алмаса не болады? Елдің кейбір өңіріндегі сауда сөрелерінде ресейлік азық-түліктің үлесі 80% немесе одан да көп екенін ескерсек, оның салдары әлеуметтік жарылысқа әкелуі ықтимал. Сондықтан нарықты реттеу, отандық өндіруші үшін басым жағдай жасау – кезек күттірмейтін шаруа. Сөйтіп, өз өндірушімізді ЕАЭО-ның басқа елінен төмен емес деңгейде қолдау қажет.
«Еліміз өңірдің жетекші агроөнеркәсіптік алпауыты болу мақсатын алға қойып отыр. Табиғи мүмкіндіктерімізді ескерсек, бұл жоспарды жүзеге асыруға болады. Алайда оны жүзеге асыру үшін саланы жүйелі, жан-жақты, мұқият қолдау қажет. Отандық өндірушілер жеткілікті қаражат тауып, оны өз өндірісін жаңғыртуға және кеңейтуге салуы қажет. Осы мақсатта біз жаңа заң дайындап жатырмыз. Біз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін кез келген жағдайда отандық өнімге басымдық берілуге тиіс деп санаймыз», деді Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшесі, депутат Нұржан Әшімбетов.