Оңтүстіктен қоныс аударған кейбір ағайын солтүстіктің қытымыр қысына шыдай алмайды. Олардың кейбірі біраз тұрып, қайта көшіп кеткен соң қыстың суығын асыра сілтеп айтып, көшкісі келгендерді үркітіп, қорқыта сөйлейтіндері де бар. «Адам тұратын жер емес, боранының қаттылығы сондай, екі үйдің арасына арқан тартып қойып, содан ұстап қатынайды. Болмаса адасып кетеді», деп шектен асырып жіберетіндердің барын да естідік.
Солтүстіктің Қызылжар ауданындағы Подгорный аулына көшіп келген Түркістан облысының Қазығұрт ауданына қарасты Шанақ аулының тумасы Тастан Үскенбаев та қыстың тым ұзақтығы шаршататынын айтты. Оған отын-көмірдің таусылып қалатыны ғана емес, қолдағы малдың жем-азығының түгесілетіні екінші жақтан қиындық тудырады.
Қырықтың қырқасына шыққан Тастанның төрт ұлы бар. 2021 жылы Қызылжар қаласынан 30 шақырымдай жердегі осы ауылға қоныс теуіпті. Қазір оның бесінші ұрпағы өмір есігін ашқалы отыр. Тастан көшіп келмес бұрын көп толқығанын айтты. Шымкент қаласының өзінде тұрып, жоғары білімді тарихшы болса да, мамандығына сәйкес қызмет таба алмай, таксимен кісі тасып жүрген ол күндердің бір күнінде солтүстікке халықтың көшуін жақтап жүретін Нұржамал Тәмбетова деген белсенді апайдың шақыруын естіп, оған қоңырау шалады. Өзі 2016 жылы көшіп келген, Мағжан ауданының орталығы Булаев қаласындағы аудандық оқу бөлімінде қызмет ететін Нұржамал апай оны құшақ жайып қарсы алатынын айтқан.
2020 жылы жағдаймен алдын ала танысуға келген Тастан cолтүстікке бет алған көшті ұйымдастырушылардың бірі Серік Өтебаймен кездесіп, соның ақылымен Петропавлдан 90 шақырым жердегі Мағжан ауданының орталығы Булаев қаласына емес, 30 шақырым жердегі Подгорный аулына ат басын тірейді. Алайда 2020 жылы әкесі қайтыс болып, тек 2021 жылы мамыр айында көшіп келе алады. Содан бері Тастанның отбасы Қызылжар өңіріне үш қыстап, жұрт қатарлы өмір сүріп жатыр.
«Алғашқы жылы қатты қиналғанымызды несін жасырайын. Берген үйлерінің сырты әдемі болғанымен, үскірік аязға еш қайраны болмады. Еденнің асты сыз, қабырғалар мен төбесі арнаулы материалдармен жылытылмаған, тек сыртын әрлеп, көзбояушылық жасап, сырлы тақтайлар қағып, әдемілей салған. Пешті қанша қыздырып жақсақ та, үй жылымайды. Оның үстіне оңтүстіктің әдетімен біз іргені басқан қарды еріп кетсе үйге су кірер деп ашып тастағанбыз ғой. Мұнда керісінше, іргені барынша бітеу керек екен. Сол жылғы суықтан қатты қиналдық, әкімдіктің мазасын ала жүріп, бір жыртығымызды бітесек екіншісі ашылып, өзіміз ауырып-сырқасақ та әйтеуір шыдадық. Бізбен қатар келген кейбіреулер үйлерін жауып, кетіп те қалды. Ал біз шыдап, жылдан-жылға үйімізді бүтіндеп келеміз», дейді Тастан.
Кезінде тегіске жуық өзге ұлт өкілдері қоныстанған осы Подгорный аулында қазір қоныс аударушылар мен қандастар 37 отбасы болып отыр. 200-дей бала оқитын мектеп қазір аралас. Бірақ негізгі бөлігі, атап айтқанда, 167 бала қазақша оқиды. Бұған балабақшаның мектепке дейінгі тобындағы тәрбиеленушілерді қоссақ, қазақ оқушыларының саны 180-ге барады. Мектептің бұрынғы салттары да өзгеріп, түрлі жиын мен іс-шара қазір екі тілде өтеді.
Тастанның отбасы келер жылдары үйді жылытудың қамдарын жасап баққан. Төбеге қалың етіп, ағаш үгіндісін үйген. Еден мен қабырғаларды да әкімдіктің көмегімен, өз күштерімен бүтіндеген. Алайда пештің темір құбыры қызғанда тез тұтанатын үгіндіден от шығып, кейбір үйлер күйген. Соны ескеріп құбырдың айналасына кірпіш қалады. Әйтеуір жұмысы көп болды. Биыл Шымкенттегі анасы келіп, кең тынысты ауаға үйренгені сондай, қапырық түстікке қайта кеткісі келмей қалыпты. «Тек жол-жора, той-томалақ болған соң ғана амалсыз кетті», деп күледі Тастан.
Сөйтіп, шын ниетпен қоныс аударғысы келген жандардың солтүстіктің қиындығын игере алатынын Тастан Уәлиханұлы өз мысалымен көрсетіп отыр. Алайда Үкіметтің беріп жатқан көмек-қаражатын ғана алып, өздері көшіп келуге асықпайтын жылпостар да жетерлік. Қазір билік тұрғын үйлерді тұрғызып бермей, таңдағанын өзіне сатып алдырып, оның жарты ақшасын төлейтін тәртіп шығарды. Осының өзі қоныс аударушыға да, бюджетке де тиімді екенін өмір көрсетіп отыр. Әйтпесе, сырты әдемі болғанымен, іші барынша сапасыз үйлерді самсатып сала бергеннен ешкім де ұтпайды. Ондай үйлердің бос тұрғандары да көп. Ал шынымен солтүстікке тұрайын деген ниетпен келген ағайын қандай қиындыққа болса да төтеп берері сөзсіз.
Солтүстік Қазақстан облысы