Бір әулеттен тараған ұрпақ бір шоғыр тіл жанашырлары, ұлағатты ұстаздар. Сәтімен сабақталған еңбек дәстүрі талайды тәнті еткендей. «Білім бағының бағбандары» атанған әулеттің еңбек өтілі – 108 жыл.
Өзгеге өнеге боларлық осы бір сабақтастық туралы сыр шерткенде алдымен, Жұмабике Сүлейменовадан бастаған дұрыс. Жұмабике апай 1973 жылы Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтын аяқтап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атанған. Ақмешіт ауылындағы білім ошағында табаны күректей 52 жыл жас ұрпаққа білім берген. Осы арада ұлағатты ұстаздың өз ісіне мығым, мейлінше еңбекқор болғандығын алдынан дәріс алып шыққан шәкірттері мен ауылдастары жыр қылып айтады. Ізденімпаз ұстаз әр сабағына шығармашылық дайындықпен әзірленіп, шеберліктің шырқау шыңына шыққандығы да анық. Осы арада берілген бағаға дәлел келтіру үшін кейінгі жылдары жоғары сынып оқушыларын ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау барысында айта қаларлықтай жетістіктерге жеткендігін, жүз пайыздық білім сапасын қамтамасыз еткендігін айтсақ та жеткілікті. 2018–2019 оқу жылдарында оқушыларының екеуі Алтын белгіге ие болды. Әрдайым білім беру саласындағы жылт еткен жаңалықты қырағы көзінен таса қылмайтын ұстаз бірнеше мәрте аудан мұғалімдерінің семинарлары мен әдістемелік, педагогикалық кеңестерде мазмұнды баяндамалар жасап, ұзақ жылғы мол тәжірибесімен бөлісті. Аудан бойынша қазақ тілі бірлестігінің жетекшісі болып қыруар еңбек етті. Ана тілін тереңдетіп оқыту мақсатында «Қазақ тілін тереңдетіп оқыту» бағдарламасын жасады. Еңбегінің игілігін жалғыз өзі ғана емес, аудандағы ұстаздар да көрді. Аудандық, облыстық білім конференцияларында баяндама жасап, іс жүзінде жетілдіруге ұмтылды. Еңбегі еленбей қалған жоқ. Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде қатарында бірнеше жыл қабылдау комиссиясының төрайымы болды. Елімізге аты шыққан аға оқытушы Қанипа Бітібаеваның мектебінен шақырту алып, оқу әдістемесін жетілдіре түсті.
Туған тілімнің тұғырын биіктетсем деген ынтызарлыққа толы ұстаз алдында тәлім-тәрбие алған оқушылардың бойындағы табиғат сыйлаған талантын ұштауға бар күш-жігерін жұмылдырды. Талапты оқушылары республикалық жас ақындар айтысына қатысып, «Сиқырлы қазан» байқауларында бақ сынады. Білім сайысында бір оқушысы жақсы білім деңгейін көрсетіп, Еуразия университетіне жолдама алса, екіншісі Түркияда тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Осындай жетістіктері үшін Жұмабике Сүлейменова «Аға оқытушы», «Әдіскер мұғалім» атақтарына ие болды. Оқушылары да талабы тас жарғандай ынталы, алғыр. Олар «Мұқағали оқулары», «Фариза оқулары» тәрізді тіл уызы електен өтер кезеңдерде топ жарып, бірнеше мәрте бас жүлделерге ие болды.
Өнегелі ұстаздың қызы Айнагүл Бәкиева да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері. Айнагүл Олжабайқызы білімін жетілдіруге құштар. Жаңа леп, соны соқпақсыз жас талаптың өсуі, жетілуі қиын. Ұстаз өз бойындағы білім деңгейін көтеруге де жауапкершілікпен қарайды. Аудандық, облыстық конференцияларға үзбей қатысады. 27 жыл бойы оқу ісінің меңгерушісі болып мінсіз қызмет атқарып келеді. Целиноград педагогикалық училищесін 1993 жылы аяқтап, бастауыш сынып мұғалімі ретінде еңбек жолын бастағаннан кейін 1999 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атанды. 31 жыл табан аудармастан әуел баста жүрек қалауымен таңдаған мамандығына адал еңбек етуде. 31 жыл ішінде ұстаздық еңбегі үшін көптеген марапатқа ие болды. Екінші қызы Назгүл Олжабайқызы Астана қаласындағы №59 мектеп-лицейінде жиырма жыл бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.
– Орыс тілінде білім беретін сыныптарға қазақ тілінен сабақ беру барысында біршама жетістікке жеттім, – дейді Назгүл Олжабайқызы, – ана тілінің қасиеті кез келген жерде шәкірт бойына білім нәрін сіңіріп, қалыптастыруға қажетті құрал деуге болады. Өз басым ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосып жатқанымды мақтан тұтамын.
Бұл әулеттің немерелері де ұстаздық жолды қалаған. Мәселен, Жұмабике апайдың немересі Жоламан Ардақұлы музыка пәнінің мұғалімі. Астана қаласындағы гуманитарлық колледжге түсіп, музыкалық білім беру мамандығын игерген. Павлодар педагогикалық университетін 2022 жылы аяқтаған. Қазір Ақмешіт білім ошағында музыка пәнінің мұғалімі.
– Оқушыларымды өнер байқауларына үзбей қатыстыруға тырысамын, – дейді Жоламан Ардақұлы, – мұндай додалар талапкерлерді қанаттандыра түседі. Мектепте бұрын болмаған домбыра үйірмесін аштым. Шәкірттерімнің дарқан даланың бар даналығын, көне тарихын шанағына сыйғызған киелі аспапқа деген ынта-ықыласы жанарларынан көрініп тұрады.
Ұстаздың айтуына қарағанда, саламатты өмір салтын дәстүрге айналдырған, ат жалында ойнайтын оғлан көкпарды жақсы көреді. Бірнеше мәрте республикалық деңгейдегі додаларға қатысқан. Астана қаласындағы көкпар командасының белді мүшесі. Екінші немересі Назерке Ардаққызы да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Өз айтуына қарағанда, ілкіден жалғасып келе жатқан еңбек дәстүрі жас жүрегін жаулап алған. Жалғыз Назерке ғана емес, немересі Еркебұлан Ардақұлы музыка маманы. Бар ғұмырын білім саласына арнаған Жұмабике апайдың тәлім-тәрбиесі текке кетпепті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бүтін бір әулеттің еселі еңбегі білім саласына мөп-мөлдір жылға болып құйылып жатқанын көргенде, көкірегіңді қуаныш кернейтіні бар.
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы