Балық өнімдерінің адам ағзасына пайдасы мол. Күнделікті тұтынатын тамақтар құрамында әдетте көмірсутегі көп болады. Ал балық өнімдерін жеу ағзада тепе-теңдікті қалыптастырады.
Балық етінің тағамдық қуаты жоғары, сондықтан оны диеталық тағамдар рационының құрамына көп қосады. Адам ағзасына балықтың белогі тез тарайды. Егер қара малдың етіндегі белок 5 сағатта тараса, балықтың белогі 2-3 сағатта ағзаның бойына түседі. Балық майының құрамында А және Д дәрумендері мол болады. А дәрумені бала бойының өсуіне, дамуына пайдалы, сол сияқты көздің жақсы көруіне жақсы әсер етеді. Д дәруменінің де сондай қасиеттері бар және ол сүйек жасушаларының бекуіне жақсы әсер етеді.
Мамандар балық майының құрамында омега-3 және омега-6 қышқылдары барын айтады. Ал бұлар ми клеткаларының қабыршықтарын дамытады, сонымен бірге қандағы зиянды холестериннің көбеюін тежейді. Балық етінің құрамында йодтың мол болғаны қалқан безінің жұмысын да ретке келтіреді. Тіпті ғалымдар балық етінің құрамында А, И, Е, Д дәрумендері мол болғандықтан оның сапасын мал етінен жоғары қояды. Балық майын апаларымыз да түрлі ем-дом үшін жиі қолданатын.
Дегенмен балық етін пайдалануда оның әбден пісірілгенін, жақсы қуырылғанын қадағалау керек. Өйткені балықтың бойындағы паразиттері тағамның құрамында өлмей қалса, ағзада түрлі аурудың тууына себепші болады. Ветеринария ғылымдарының кандидаты, паразитолог Сәдібек Тоқпанов тұздап, кептірілген балықтың бойында да паразиттердің қалдығы көп болатынын айтады.
Балық өсіру, оның етін пайдалану өңірлерде әртүрлі деңгейде. Бұған балығы бар су айдындарының молдығы да әсер етеді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы 589 көлде балық ауланады. Оның 315-і жеке адамдардың пайдалануына бекітілген, 274-і – резервте. Жуырда облыстың табиғи ресурстар және табиғатты қолдануды реттеу басқармасының бастығы Бейбіт Исмановпен әңгімелескенімізде, ол балық шаруашылығын дамытудың өздері белгілеген жолдары туралы айтты.
«Біз балық шаруашылығымен айналысатын су айдындарының санын арттыру арқылы өңірдегі балық өндірісі саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейміз. Бекітілген су айдындарына түрлі балық уылдырығын жіберуді қолға алып жүрген пайдаланушыларға мемлекеттік қолдау жасап отырмыз», дейді.
Көлді пайдаланушылардың бастамасын мемлекет тарапынан қолдау 2021 жылдан басталған екен. Содан бері ол балық көлемінің 147 пайызға дейін артуына қол жеткізген. Атап айтқанда, 2021 жылы айдындардағы балық 577,3 тонна болса, қолдаудың арқасында ол 2023 жылы 1 428 тоннаға жеткен.
Айдындарға уылдырық жіберумен қатар оның қорегін де қамтамасыз ету ескеріледі. Оларды да арнайы дайындайтын су нысандары мен қоймалары бар. Қазір солтүстіктің су айдындарында жергілікті балықтың үстіне коммерциялық деп танылған тұқы, шортан, алабұға, ақ амур, форель, қарабалық өсіріліп жатыр.
Балық шаруашылығымен айналысатын жаңа су айдындарын анықтап, оларды алдын ала зерттеу үшін былтыр бюджеттен 16,2 млн теңге бөлінсе, биыл бұл шығын 19 млн теңгеге жеткізіліп, 62 су айдыны барланған. Зерттеу нәтижесінде тағы 40 балық шаруашылығын құру мүмкіндігі бар екені анықталып отыр.
Көлдерді пайдалануға алғандар арасынан кейбір шаруалар су айдынынан балық аулаудан гөрі балық өсірумен айналысудың тиімді екенін айтып отыр. Өйткені асыл тұқымды балық өсіруге бөлінетін бюджет қаражаты 20 млн теңгеге дейін көтерілген. Осы қаражаттан субсидияланып, ақ балық тұқымдарының «личинкалары» мен будандарын сатып алып өсірсе, болашақ табысы еселене түсетініне кейбір балықшылардың көзі жетіп отыр екен.
Сонымен бірге жыл сайын инвестициялық салымдар кезінде балық шаруашылығы субъектісі шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидия беріледі. 2022 жылдан бастап осы мақсаттарға шамамен 45 миллион теңге бөлінген. Балық шаруашылығының 2 субъектісі балықты сақтауға және бастапқы өңдеуге арналған жабдықтарды сатып алуға 3,5 миллион теңге көлемінде субсидия алған.
2025 жылғы қаңтардан бастап балық өнімдерін қайта өңдеуді субсидиялау және балық шаруашылығы субъектілеріне кредит беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау шараларын енгізу де жоспарланып отыр.
Біз Бейбіт Исмановтан балық шаруашылығын дамытудың қандай келешегі бар деп сұрағанымызда, ол «Үкімет бекіткен балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 2030 жылға қарай тауарлы балық өсіру көлемін 10 мың тоннаға дейін ұлғайту мақсаты тұрғанын» айтты.
«Бұл көрсеткішке балық шаруашылығы су айдындарының тізбесіне жаңа, болашағы бар көлдерді енгізу, балық шаруашылығы су айдындарын бекіту бойынша конкурстар өткізу, сондай-ақ су айдындарын кәсіпшілік балық аулау нысанынан балық өсіру нысанына ауыстыру құралдары бойынша қол жеткізіледі», дейді.
Айтуынша, облыста үш инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр:
Қызылжар ауданында 2025 жылы «Север Монтаж Автоматика» ЖШС тұйық сумен жабдықтау қондырғыларында қуаты жылына 25 тоннаға дейін бекіре балық өсіру кешенін; Мамлют ауданында 2025 жылға дейін «А.Н.Ухов» ЖК жылдық қуаты 50 тоннаға дейін балықты өңдеу және консервілеу шаруашылығын; Мамлют ауданында 2026 жылға дейін қуаттылығы жылына 20 тоннаға жететін «Петрофорель БШ ҒӨО» ЖШС форель шаруашылығын салады.
Солтүстік Қазақстан облысы