Батыс Қазақстан облысына қарасты Сырым ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге арнап үй салу жұмыстары әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Сырым ауданында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға арналған 114 үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары тамыздың соңына дейін аяқталады. Оның 14-і аудан орталығы Жымпитыда аяқталып, отбасылар қоныстойларын атап өтіп жатыр. Құрылыс барысын gov.kz порталы арқылы онлайн бақылауға болады», деп хабарлады Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Ахуалдық орталығының мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында 775 жеке тұрғын үйдің 80-і салынып біткен. Сондай-ақ зардап шеккен отбасыларға екінші нарықтан 1098 үй сатып алынып, 1310 үйде жөндеу жұмыстары аяқталған.