Жуырда Петропавл қаласында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен еліміздің түкпір-түкпірінен келген жедел жәрдем бригадалары арасында жеделдік, шеберлік, кәсіби көмек сараланған республикалық спартакиада өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 20 команда қатысты.
Мұндай жарыс Қызылжар өңірінде алғаш рет өткізіліп отыр. Оған облыстың жедел жәрдем бригадасының былтыр осындай спартакиадада жеңіске жетуі негіз болды. Бұл өткен жылы 11 тамызда Абай облысының орталығы Семей қаласында өткізілген еді. Оған еліміздің барлық өңірінен жедел жәрдем бригадалары қатысқан.
Спартакиаданың бір мақсаты – жедел медициналық көмек көрсету сапасын жақсартумен қатар медицина қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын, тәжірибелерін арттыру. Жарыстар жедел медициналық жәрдем бригадаларының жедел коронарлық синдром, полижарақат, балалар реанимациясы, жаңа туған нәрестені үйде туған кезде реанимациялау және басқа жағдайлар кезінде жедел медициналық көмек көрсетудің әдіс-тәсілдері бойынша өткізілді.
Ауруханаға жеткізілгенше науқасқа жедел медициналық алғашқы көмек тасымалдау кезінде көрсетіледі. Сондықтан жедел жәрдемдегі фельдшерлердің жұмысы өте жауапты. Олар төтенше ауыр жағдайға түскен азаматтарды құтқару бойынша алғашқы жедел көмекті дұрыс жасағанда ғана адам өмірі сақталуы мүмкін. Яғни ауруханаға аман жеткізудің маңызы зор. Сондықтан жедел жәрдемнің халықаралық атауы «ambulare» деген латын сөзімен жазылады. Бұл сөздің тура мағынасы – «жедел жүру» немесе «жедел қозғалу». Демек науқасты дереу ауруханаға жеткіз деген сөз. Қала көшелерінде дабылын безілдетіп бара жатқан «жедел жәрдем» машиналарына басқа көліктердің жол беріп, оны босатып жіберетіні де содан.
Арнайы «жедел жәрдем» көліктерін қолдануды адамзат тарихында алғаш ХV ғасырда ойлап тапқан – испандықтар. Ал арнаулы машиналар қолдану ХІХ ғасырдан бері енгізілген. Жедел жәрдемнің қолдануын саралаған статистер оның ең көп көмек көрсеткені өткір ауруы бар пациенттер мен жарақат алған жандар екен. Ондай науқастарға жедел жәрдем көлігі ретінде тіпті ат-арбалар, қайықтар, тікұшақтар, ұшақтар қолданылған. Әрине, қазір жедел жәрдем көліктері барынша жетілдірілген. Санитарлық авиация ғана емес, қазір арнайы, өте толық деген науқастарға арналған баритариялық жедел жәрдем көлігі де бар.
«Біз облыста жедел медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Жедел жәрдем орталығындағы санитарлық көліктер 100 пайызға жаңартылды. Биыл жедел медициналық көмек көрсетудің халықаралық стандарттарын дайындайтын оқу алаңы ашылды», деді спартакиаданы ашқан сөзінде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Спартакиаданың өтуіне Денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы және Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы, жедел медициналық жәрдем қауымдастығы ұйытқы болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген командалар жедел медициналық көмек көрсетуде өз шеберліктерін көрсетті. Барлық қатысушы шеберлік сабақтарынан өтіп, жүрек-өкпе реанимациясын жүргізуде, диагноз қоюда, шақыру орнында жұмысты ұйымдастыруда тамаша нәтижелер көрсетті. Спартакиаданың қорытындысы бойынша былтыр өз жерінде Солтүстік Қазақстан командасынан жеңіліп қалған Абай облысының өкілдері бірінші орын алды. Қызылжарлықтар екінші, маңғыстаулықтар үшінші орынмен қанағаттанды. Алайда барлық қатысушы «AinalaMed Қазақстан», «Astana Motors», «Allur», «TND» ЖШС т.б демеушілердің қолдауымен бағалы сыйлықтар алды.
Солтүстік Қазақстан облысы