АЛМАТЫ
Кезектен тыс президенттік сайлауға Алматы қаласының жұртшылығы бір кісідей таң азаннан қатысып, қала аудандарында өткізілген жексенбілік ойын-сауық мейрамдарына баруға да уақыт тапты. Бұл күні қалада әдеттегідей жексенбілік көңіл-күймен қатар, мерекелік екпін, қала тұрғындары мен қонақтарының жанын жадыратар жағдай толықтай салтанат құрды.
Алматы қаласы бойынша сайлау күні халықтың 17,25 пайызы, яғни тұрғылықты халықтың қалалық тұрақты буыны өз дауысын беріп үлгерді. Бұл аз көрсеткіш емес. Қалаға кейіннен келіп қосылған, қала межесінде тіркелген қалалықтар тобы толассыз дауыс беру орталықтарына бас сұғу арқылы, бұған дейінгі тіркелген межені едәуір алға жылжытты. Бұл сайлау барша ел үшін жауапты да саяси серпіліс жасау мүмкіндігі екенін қаладағы әрбір сайлау учаскесіне ағылған жұрт айқындады.
Алматы қаласындағы жаңадан ашылған Алатау ауданының тұрғыны 100 жастағы кейуана Мәмилия Әлімбаеваның (суретте) «Шаңырақ» шағын ауданындағы №26 мектеп залына, №20 сайлау учаскесіне өз аяғымен кіріп келуінің өзі сайлауға қатысушыларды бір серпілтіп тастады. Сол жердегі топ 100 жасаған анамен суретке түсіп, естелік үшін ана батасын алуға асықты. М.Әлімбаева апамыз өзінің азаматтық парызы – дауыс беру құқығын орындай отырып, сайлау учаскесіндегі жамағатқа өз басынан кешірген ғұмырлық шежіресінен хабар беріп, барша қауымға, бүгінгі сайлауға түсіп жатқан азаматтардың баршасына тілек тілеп, бата берді.
Социалистік Еңбек Ері, 7 бала, 25 немере, 16 шөбере, 7 шөпшектің ұлы анасы Мәмилия апа Қазақстан мемлекетінің бүгінгі шыққан белесі мен бағындырған биіктеріне үлкен қуанышын білдіре отырып, алда Қазақ елінің асар асуы мен жетер жеңісінің молдығына бек сенімді екенін мәлімдеді.
АҚТАУ
Сайлау күні Маңғыстау облысында 177 сайлау учаскесі жұмыс жасады десек, соның 57-і облыс орталығы Ақтау қаласында орналасты. Бізге қызметімізге орай, осы учаскелердің бірнешеуіне бас сұғып, сайлау барысы мен сайлаушылар қатысын аңғаруға мүмкіндік туды.
Құрылғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтіп, бірнеше орта буын мамандардың тұсауын кескен Маңғыстау гуманитарлық колледжі ғимараты өзінің қай мерекені де жасантып-жандырып жіберетін дағдысына сай бұл күнге ерекше дайындықпен келіпті. Ауласын білдей үш жеке кәсіпкердің және өздерінің студенттік асханаларының жәрмеңкесіне айналдырған колледж маңы абыр-сабыр адам. Өйткені, мұнда №141 сайлау учаскесі орналасыпты. Таңертең сайлауды салтанатты жағдайда бастаған аталған учаске жасы 18-ге толып, алғаш рет сайлауға келген 6 жасты құттықтап, арнайы сыйлықтар тапсырған. Патриоттық ән-әуен тербеген әдемі көңілмен дәлізге енгендерді тиянақтылық пен тазалық лебі ескен учаскеден комиссия мүшелері ықыласпен қарсы алуда.
– Біздің учаскемізге 1734 сайлаушы тіркелген. Төрт сағаттан астам уақытта 600-ге жуық адам келіп өз таңдауларын жасады. ЕҚЫҰ-дан, ТМД миссиясынан және отандық байқаушылар да келіп, сайлау барысын өз көздерімен көрді. Ешқандай сайлау заңдылықтарын бұзатын әрекеттер орын алған жоқ, – деді аталған сайлау учаскесінің төрағасы, Маңғыстау гуманитарлық колледжінің директоры Мәзілбек Өтебаев. Мәзілбек Нұрбосынұлының бұл сөзін «Каспий» қоғамдық комиссиясының өкілі – байқаушы Рыскүл Есеуова да мақұлдады.
Қызылды-жасылды безендіріліп, бүйірдегі есіктен самал ескен кең залда келушілерді қарсы алып, әрқайсысын өз үйлері тіркелген үстелдерден бюллетень алуға сілтеп жүрген бұл учаскенің тыңғылықты тірлігі Ақтаудағы барлық учаскелерде қайталанып жатты.
Суретті түсірген
Талант ҚҰСАЙЫН.
АҚТӨБЕ
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы облыста белсенділікпен басталды. Сайлау күні 14 аумақтық комиссия жұмыс істеп, 521 сайлау учаскесі есігін айқара ашты. Ақтөбеліктер сайлауды айрықша саяси маңызды оқиға ретінде бағалап, асқан ұйымшылдық танытты. Сайлауға 448 мыңнан астам адам қатысты. Бұл сайлауға алыс-жақын шетелдерден көптеген байқаушылар келді. Солардың 19-ы көршілес Орынбор облысынан.
Қаладағы №19 орта мектепте екі сайлау учаскесі орналасқан екен. Біз барған №61 сайлау учаскесінде таңғы 07.30-да 50-ден астам сайлаушы өз таңдауларын жасап үлгергенін білдік. Мұнда алғаш дауыс берушіге, сондай-ақ, ең қарт сайлаушыға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалған. Сайлау учаскесінде мерекелік көңіл-күй байқалады. Сайлау комиссиясының төрайымы Роза Аманбаева сайлаушылардың алды ертелетіп келгенін жеткізді. Әсіресе, қарттар жағы белсенділік танытқанын алға тарта сөйледі. Ал 62 сайлаушыға үйлеріне барып, дауыс беруге мүмкіндік туғызылғанын атап өтті. Осы сайлау учаскесінде алғаш рет дауыс берген Гүлмира Аманжолова өз таңдауын жасағанына қуанышын білдірді.
Осында орналасқан №60 сайлау учаскесінде кезектен тыс президенттік сайлау өтуіне байланысты сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның облыстық филиалының байқаушысы Әсия Рахманованы кездестіріп сөзге тарттық. Ол сайлаудың уақтылы басталғанын, ешқандай заң бұзушылық болмағанын жеткізді.
Металлургтер Мәдениет үйінде орналасқан №38 сайлау учаскесіне келгенімізде, адамдардың қарасы көп болды. Мұнда күндізгі 11.00 сағатта сайлаушылардың 52 пайызы дауыс беріп үлгеріпті. Бұл металлургтердің еңбекте ғана емес, қоғамдық-саяси өмірде де белсенділігі жоғары екенін тағы бір аңғартты. №38 сайлау учаскесінен Ресейден келген ТМД Байқаушылар миссиясының өкілі, Орынбор облысы үкіметінің вице-губернаторы, ішкі саясат бөлімі төрағасының орынбасары Олег Димовтың сайлаудың ұйымшылдықпен таза және әділ өтіп жатқаны туралы пікірін естіп, марқайып қалдық.
Ақтөбеліктер президенттік сайлауға бір кісідей ұйымшылдықпен қатысты. Жалпы, облыс бойынша кешкі 19.00-де сайлаушылардың 95,5 пайызы дауыс беріп үлгерді.
Суретті түсірген
Хайрилдин РАУШАНОВ.
АТЫРАУ
Мұнайлы өңірдің тұрғындары президенттік сайлауға атүсті қараған емес. Бұл жолы да азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсеткен 304 593 сайлаушы 232 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасауы тиіс болса, күндізгі сағат 12.00-ге дейін олардың 47,54 пайызы дауыс беріп үлгерді. Дәл осы уақытта дауыс беруде Исатай (72,41%), Қызылқоға (58,38%) және Құрманғазы (55,08%) аудандарында сайлаушылардың дауыс беру белсенділігі айрықша байқалып отырды. Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Тамар Аман-Тұрлинаның айтуынша, осыдан кейінгі екі сағаттың ішінде, яғни күндізгі сағат 14.00-ге дейін дауыс берушілердің қатары 73,41 пайызға жетті. Кейбір сайлау учаскелерінде адамдардың дауыс беру үшін кезекке тұрғанына өзіміз куә болдық.
– Тәуелсіз Қазақстанымыздың экономикалық өркендеу қарқыны сәтті жалғасуы үшін дауыс бердім. Бұл – менің азаматтық парызым. Себебі, мен Қазақстанның келешегі жарқын болғанын, қуатты мемлекетке айналып, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарынан орын алғанын қалайтын патриоттың бірімін, – деген пікірімен бөлісті мыңдаған мұнайшының бірі Батыржан Мизамғалиев.
Атырауда дауыс беру басталысымен сайлау учаскесіне асыға жеткендердің бірі – Гүлдана Елемесова. Қазір ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде экономика және құқық факультетінің 2-курсында оқиды. Дәл осы күні алғаш рет өз таңдауын жасаған жалынды жастардың қатарында бұрнағы күні 18 жасқа толған аталған оқу орнының тағы бір студенті Иманғали Төлепов те бар. Сонымен бірге, Атырау қаласына таяу орналасқан Томарлы ауылының 104 жастағы тұрғыны Нышан Жұбаева да өз таңдауын жасады.
Бұл күні Атыраудағы әскери бөлімдердің сардарлары мен сарбаздары, Каспий теңізінің төрінде еңбек етіп жүрген мұнайшылар да дауыс берді. Кешкі сағат 20.00-дегі мәлімет бойынша дауыс беруге құқылы атыраулықтардың 97,75 пайызы ел келешегі үшін маңызды таңдауын жасап үлгерді. Бұл күні сайлау учаскелерінде көркемөнерпаздардың әсем әні әуелеп, мың бұралған бишілер сазды әуеннің ырғағымен тербетілді.
Суретті түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.
КӨКШЕТАУ
Өзіміз дауыс беруге тіркелген №6 сайлау учаскесіне таңғы сағат 6.30-да келгенбіз. Қырықшақты адам жиналып қалған екен. Араларында 18 бен 25-тің шамасындағы жастар қалыңдау. Көбісін танимын. Жүздері жарқын, жылы амандасып жатырмыз. Шуақты күн мерекелік ауанды ала келгендей желпініс бар.
Қаладағы №1 мектептің есігі тура 7.00-де ашылды. Қазақстан Республикасының Әнұраны ойналды. Кең залдың төрінде тәуелсіз еліміздің Мемлекеттік нышандары көз тартады. Мұнда дауыс берушілерге комиссияның бес мүшесі алфавиттік тәртіппен қызмет көрсетеді, көгілдір шымылдықты бес кабина жабдықталған.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Ирина Головченко өз әріптестерімен және Сайлауды байқау жөніндегі қоғамдық комиссияның мүшесі Виктор Гейдің қатысуымен дауыс беру бюллетеньдері салынған сейфті ашып, дауыс беру жәшігін мөрмен бекітті. Мұның барлығы комиссияның №1 қаулысында көрініс тауып, ілініп қойылды.
Төрайымның айтуы бойынша дауыс беруге 2635 адам тіркелсе, 40 кісіге жол жүруіне байланысты сайлауға өзге өңірлерде қатысуға рұқсат беріліпті. Сайлаушылардың 12-сі маңызды науқанға тұңғыш рет қатысады екен. Сондай-ақ, 31 кісі жылжымалы дауыс беру жәшігінің қызметін пайдаланады.
Көкшетаудағы С.Сейфуллин көшесіндегі 13-үйдің, 20-пәтерінде тұратын студент Хайрат Айдын бірінші болып дауыс берді. Жұртшылық оған қошеметпен қол соқса, учаске тарапынан арнайы сыйлық тапсырылды. Ал А.Мырзахметов атындағы университеттің 3-курс студенті Кеңес Мөлдір ата-анасымен бірге жүзі бал-бұл жанып дауыс берді.
Осы учаскеде дауыс берген Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин жұртшылықты ел тағдырындағы маңызды оқиғамен құттықтады.
Сайлау барысын байқауға қатысып отырған нұротандық Боранбай Бегалин мен Ә.Құсайыновтың өкілі Серік Есмағамбетовті сөзге тартқанымызда, айтулы шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, дауыс берудің белсенділікпен әрі заңдылыққа сай өткізілгенін атап көрсетті.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
ҚАРАҒАНДЫ
Облыста сайлау үлкен белсенділікпен қатысу үстінде өтті. 784 сайлау учаскесіне тіркелген 800-мыңға жуық дауыс берушінің сағат 20.00-ге дейін 97, 21 пайызы өз таңдауларын жасады.
Барлық жерде сайлау салтанатты рәсіммен ашылды. Қарағанды қаласындағы Кеншілер Мәдениет сарайындағы №17 сайлау учаскесінде өз таңдауларын жасауға ертелетіп келушілерді «Қызыл Жұлдыз» ордені мен медальдардың иегері, тыл ардагері, подполковник Рахметолла Оспанов ақсақал ел өміріндегі маңызды саяси оқиғамен құттықтап, алғашқы болып дауыс берді. Сайлауға бірінші рет қатысушы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенті Аманғали Рахимов жастар арасынан осындай құрметке ие болды. «Мен өзімнің, елімнің болашағы үшін дауыс беруге келдім. Қалауымды үміткерлердің қайсысына жасау үшін көп толғандым. Шешімім дұрыс болды деп ойлаймын», – деді ол.
Облыс орталығындағы №53 сайлау учаскесіне тіркелген сайлаушылар да белсенділігі есігі ашылған уақыттан жоғары болды. Осында ТМД Байқаушылар миссиясының басшысы Олег Сосковец болып, дауыс беру барысымен танысты. Су тасқынынан зардап шеккен елді мекендер тұрғындары да қалауларын білдіруге зор ынта танытты. Нұра ауданындағы Жаңақұрылыс ауылына сайлау комиссиясының мүшелері бюллетеньдерді қайықпен алып барып, дауыс беруге жағдай жасады.
Халықаралық және жергілікті байқаушылар сайлау учаскелерінде болу кезінде дауыс берудің ел заңнамасына сәйкес еш заң бұзушылық өтуіне жоғары баға беріп, сайлауға қатысушылардың азаматтық парыздарын өтеуге деген биік жауапкершілік көрсетуін атады.
Сайлаудың нақты қорытындысы шығуына байланысты облыс орталығындағы Мұз айдынында саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, қала жұртшылығы өкілдерінің салтанатты бас қосуы өтті.
ҚОСТАНАЙ
«Тыныштық күні» Қостанайда көктемнің өкпек желі тұрды да, сайлау күні таңертеңнен ақ жаңбыр жаусын келіп. Қолшатырын ұстап, сайлауға ағылған жұрт. Барлық сайлау учаскелерінде еліміздің гимні ойнап, дауыс беру салтанатты түрде басталды. №3 сайлау учаскесіне «Шарқ» тәжік-өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Эргашвой Холметов таңертеңгі 7.00 болмай келді. Бюллетень алуға алғашқылардың бірі болып отырды. Үстінде ала шапан, кестелі көйлек, басында ала топы. Ол өз қалауын жасағаннан кейін тілдестік. «Құлпырып кетіпсіз да» дейміз. «Мерекенің үлкені бүгін! Барымды киіп келдім. Бірінші дауыс бергендер қатарында сайлау учаскесінің сыйлығын да алып тұрмын. «Алла ерте тұрғанға несібе шашады» деген осы. Ал бүгінгі сайлау халықтың несібесін түгендейді. Еліміздің бірлігі, тыныштығы үшін дауыс бердім», – деді Эргашвой әкә.
Шынында, сайлау Қостанайда мерекеден кем түскен жоқ. Педагогика колледжінде орналасқан №60 сайлау учаскесінде студенттер қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын қызықтамаған сайлаушы қалмады. Педколледж ауласында студенттер жаңбырға қарамай флэш-моб биледі. Сайлау осы жастардың бақытты болашағы үшін өтіп жатқанына қуаныш білдіргендей әсер қалдырды. Барлық сайлау учаскелері ұйымдастыру жағынан бәсекеге түскендей, өте маңызды шараны шынайы, қызықты өткізуге ұмтылғаны білініп-ақ тұр.
Сайлау учаскелерінің барлығында дерлік түрлі жастағы сайлаушылардың түске қарай кезегі қалыптасты. №21 сайлау учаскесіне Ұлы Отан соғысының ардагері, атақты теміржолшы, 92 жастағы Бертран Рубинштейн келгенде кезекте тұрған сайлаушылар жарылып жол берді.
– Мен көпті көрген адаммын. Елге алдымен тыныштық керек, оның бағасын айналамыздағы жұрттар жақсы сезініп отыр. Экономика дамып келеді. Мен таңдауымды жасадым және дұрыс таңдау екеніне сенімдімін, –деді Бертран Иосифович.
Облыстық сайлау комиссиясы түскі сағат 12.00-де сайлаушылардың 55 пайызынан астамы, сағат 16.00-де 80 пайызы, кешкі сағат 18.00-де 91 пайыздан асып кеткенін хабарлап отырды. Республикалық, жергілікті және сырттан келген байқаушылардың барлығы да ең алдымен сайлаушылардың белсенділігіне таңдай қағумен болды. Сайлау күнгі жаңбыр аспаннан жауған нұрдай сезілді. Ал ағаштар дүр етіп бүршік атқалы тұр. Сайлаудан кейінгі өмір секілді...
ҚЫЗЫЛОРДА
Таңсәріден сайлау учаскелерінің алды халыққа толы болды. Сағат тілі 7:00-ді соққанда барлық учаскелерде Әнұран орындалып, сайлаушылар дауыс бере бастады. Жалпы, Қызылорда облысы бойынша 397 885 адам сайлауға қатыса алады. Бұл – шамамен аймақ халқының жартысынан астамы деген сөз.
Сайлауға ақсақалды қариялар мен ақ жаулықты аналардан бастап жаңа ғана отбасын құрып, некеге тұрған жас жұбайлар мен өмірінде тұңғыш рет дауыс беру құқына ие болған азаматтарға дейін белсенді түрде қатысты. Олар үшін өңірде 345 сайлау учаскесі жұмыс істеді.
Түскі сағат 14:00-де сайлауға халықтың 73,13 пайызы қатысты деген ақпарат алдық. Арада екі сағат өткеннен соң 346 698 адамның дауыс бергендігі жөнінде дерек келді. Яғни, түстен кейіннің өзінде қызылордалық сайлаушылардың 87,5 пайызы дауыс беріп үлгерген еді. Осыдан-ақ халықтың ел өміріндегі елеулі оқиғаға енжар қарамай, сайлауға өте белсенді қатысқанын байқауға болады. Осы арада сайлаудың мерекелік көңіл-күйде өткенін айтқан абзал шығар. Мысалы, Қызылорда қаласының тұрғындары нөсерлеп жауған жаңбырға қарамай сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасады. Мұның өзі елімізде саяси мәдениеттің күн санап артып келе жатқанын дәлелдесе керек.
– Дәл қазір Қызылорда облысы бойынша орналасқан барлық 345 сайлау учаскесінде дауыс беру процесі аяқталды. Тізімге ілінген сайлаушылардың 97,5 пайызы саяси науқанға толықтай қатысты. Бұл қызылордалықтардың саяси белсенділігінің артқанын, ел болашағына бейжай қарамайтынын аңғартады деген ойдамын. Сайлау барысында ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ. Байқаушылар тарапынан да сын-ескертпелер айтылмады. Саяси науқан өте жоғары деңгейде өтті, – деді Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қорғанбек Қайроллаев.
ОРАЛ
Еліміздің батыстағы қақпасы – Орал өңірінде ел ертеңін айқындайтын елеулі күн – президенттік сайлау күні жоғары азаматтық белсенділік пен өршіл көңіл-күй және жарқын да шат-шадыман мереке жағдайында өткізілді. Егер біз биылғы 2015 жылдың 26 сәуірі елдігіміздің тағы бір сынға түскен, мемлекеттілігіміздің мерейін өсіру үшін тағы бір аршынды қадам жасалған күн болды деп санасақ, осы сынақтан Жайықтың бойын жайлаған қалың ел де асқақ абыроймен шыға білгені анық.
Бүгінде дәлелсіз, қисынсыз айтылған сөздің қадір-қасиеті мен ешқандай бағасы жоқ. Яғни, алдыңғы айтылған қорғасындай салмақты ой-пікірімізді Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясынан алынған соңғы деректермен байыта түсер болсақ, тағы да көңіл шіркін одан әрі тоғая түседі.
Мысалы, Орал өңірі аумағында кеше түскі сағат 12-00-ге дейін облыс бойынша дауыс беру үшін тіркелген 404 мың 465 сайлаушының 40 пайыздан астамы өз таңдауларын жасап үлгерді. Бұдан соң түстен кейінгі сағат 14.00-де бұл пайыздық көрсеткіш 67,13-ті құрады. Кешкі сағат 20.00-де, яғни өңірдегі дауыс беру үдерістері қорытындыланар кезде бұл көрсеткіш 100 пайыздық мөлшерге иек артқаны биік нәтиже екеніне талас жоқ.
– Бұған дейінгі республикада өткізілген электораттық науқандармен салыстырғанда, биылғы президенттік сайлаудың басты ерекшелігі – оның заңдылығы мен мөлдірлігін сақтау және қадағалау үшін отандық және шетелдік байқаушылардың үлкен және қалың топтары қатысуында. Облыста олардың саны мыңнан асып түсті. Оның 14-і Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы делегациялары атынан келіп, өңірдегі президенттік сайлауға әзірлік пен оның өту барысына және ұйымдастырылу деңгейіне оң баға берді. Аймақта өткізілген дауыс беру үдерістерінің тағы бір өзгешелігі сайлаушылар тізімдерін түбегейлі түгендеу үшін әрбір сайлау учаскесі халыққа қызмет көрсету орталықтарымен байланыстырылды. Бұл үшін сайлау қосындарына арнайы байланыс телефондары орнатылды, – деді газет тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов.
Суретті түсірген
Рафхат ХАЛЕЛОВ.
ӨСКЕМЕН
Шығыс өңірінің тұрғындары президенттік сайлауға қатысуда жоғары белсенділік танытты. Оны облыс орталығындағы гуманитарлық колледжде орналасқан №79 сайлау учаскесіне таңғы сағат 7.00 болмаса да тұрғындардың молынан жиналып, учаскенің ашылуын тағатсыздана күткенінен аңдадық. Учаскелер Әнұранмен ашылып, жиналған қауымға дауыс беру тәртібі түсіндірілді. Биылғы ерекшелік – ерте дауыс берген азаматтарға, алғаш рет дауыс берушілерге және балаларымен келген отбасыларға арнайы сыйлықтар үлестірілді. Барлық сайлау учаскелерінде балалардың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарламалар мен кішігірім сауда-саттық, дойбы, шахмат ойнайтын орындар ұйымдастырылды.
Денсаулығына байланысты келе алмаған ардагерлер мен зейнеткерлер үйде дауыс берді. Өскемендегі Жібек маталар комбинаты шағын ауданының 80 жастан асқан тұрғындары Шернияз Жаманбаев пен Шолпан Кәбдікәрімқызы аталған көмекті пайдаланды. Ерлі-зайыпты еңбек ардагерлерінің бюллетеньдерін №4 сайлау учаскесі комиссиясы төрайымының орынбасары Рулан Нысаинов алып келді. «1954 жылдан бастап дауыс беріп келемін. Бұрын сайлау учаскелеріне өз аяғыммен барып дауыс беретін едім. Биыл денсаулығым көтере алмағандықтан, өтініш жаздым. Балалардың барақатты, берекетті өмірі мен келешегі үшін таңдауымызды жасадық», – деді Шолпан әже. Тарбағатай ауданында дүниеге келген қос қария 8 бала өсіріп, 12 немере мен 4 шөбере сүйіп отыр. А.Байтұрсынов атындағы мектепте орналасқан №82 сайлау учаскесінде «Алтын белгіден» үміткер оқушы Сағыныш Баянбекова тұңғыш рет өз таңдауын жасап, дауыс берді.
Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Александр Рукиннің айтуынша, өңір халқының сайлауға қатысу деңгейі өте жоғары болған. «Кеше сағат 16.00-дегі мәлімет бойынша шығысқазақстандық сайлаушылардың 89,5 пайызы дауыс берді. Оның ішінде Катонқарағай – 99,5, Бородулиха 98,8 және Бесқарағай 98,6 пайыз жинап, аудандар арасында алдыңғы үштіктен көрінді. Дауыс берудің толық қорытындысы бойынша бұл тізім өзгеруі де мүмкін», – деді А.Рукин.
ПАВЛОДАР
Облыс орталығындағы №59 сайлау бөлімшесіне бүгін таңғы 7-де ашылған уақыттан бастап алғашқы сайлаушылар дауыс бере бастады. Бәрі де көтеріңкі көңіл-күйде. Осы учаскеде алғашқылардың бірі болып дауыс берген зейнеткер Валентина Вершининаның жасы 80-де екен. Қарт сайлаушы қобалжып, көңілі босап, көзіне жас алды. «Осы жасқа жетемін, дауыс беремін деп кім ойлапты», – дейді. Павлодарға сонау бір жылдары Томскіден оқу бітіріп жолдамамен келіпті. Ұзақ жылдар «Энерго» орталығында энергетика саласында қызмет етіпті. Бұл күннің өзі үшін де, қазақстандықтар үшін де маңызды күн екенін айтты.
Ал сайлау учаскесінің төрағасы Нұрбол Омаровтың айтуынша, барлық қазақстандықтар үшін ерекше есте қалатын күн екенін сайлаушылардың сайлау бөлімшесі ашыла салысымен ерте келген белсенділіктері, ел тағдыры үшін бейжай қармайтындары айқын аңғартады. Бірінші келген және 18 жасқа биыл толып, бірінші рет дауыс беруге қатысып отырған азаматтарға белсенділік танытқандары үшін сыйлықтар берілді. Облыс орталығының жастары да бүгін ерекше белсенділік көрсетуде. Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Әлия Сабырханова таңертең облыс орталығын аралап шыққан кезде сайлау бөлімшелерінде дауыс беруге сайлаушылар көптеп келіп жатқанын көрген. «Аға ұрпақ өкілдерімен қатар, біздің жастарымыздың өздерінің азаматтық көзқарастарын, жауапкершіліктерін танытып жатқандары қуантты. Жалпы, облыстың барлық ауыл, аудан орталықтары, қалалары жақсы белсенділік көрсетті. Оны біздер өзімізге аудандардан келген фотосуреттер арқылы да көз жеткізіп отырмыз», – деді Ә.Сабырханова.
Біздің келесі келген №79 сайлау учаскесінде де белсенділік көрініп тұрды, әдемі киімдерін киініп, қуанышты көңіл-күйде келіп жатқан қала тұрғындары көп еді. Сайлаудың барысын бақылап отырған байқаушылар да ешқандай заң бұзушылықтардың орын алмағанын, бәрі де қалыпты жағдайда өткенін айтып жатты.
ПЕТРОПАВЛ
Таңмен таласа тұрған солтүстікқазақстандықтар ерекше мерекелік көңіл-күймен сайлау учаскелеріне келе бастады. Сағат тілі таңғы сағат 7-ні көрсеткенде, облыстық балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығында орналасқан №644 сайлау учаскесінің есігі айқара ашылды. Дүбірлі дода басталмай жатып жиналғандардың қарасы қалың. Мемлекеттік Әнұран ойналғаннан кейін сайлау комиссиясының төрағасы Қанат Сәдуақасов сайлаушыларды дауыс беруге шақырды. Өз көзқарасын айқындауға келген Мария Леонова кейуана дауыс беруге кезексіз өткізіліп, өз миссиясын атқарып болғаннан кейін арнайы сыйлық тарту етілді. Сөйтсе, дәл осы күні тыл еңбеккері 80-нің сеңгірін еңсерген екен.
Өңірде «ов-тан» бірінші болып құтылған Алтай Қожахмет ағамыз да дауыс беруге алдыңғылардың қатарында жетіпті. Қазақтың оюлы шапанын, оқалы қалпағын киген ғалым ағамыз абыз ақсақалдан аумай қалыпты. Бір-бірімен қатар орналасқан №684 және 685 сайлау учаскелерінде де сайлаушылардың белсенділігіне көз жеткіздік. Мұндағы жауапты адамдардың айтуына қарағанда, әр учаске бойынша тізімге 2300-ден астам сайлаушы енгізіліп, 10 кабинадан қойылған. 90 адам үйден дауыс берген.
Бірқатар сайлау орындарын аралағаннан кейін жолай облыстық сайлау комиссиясына соғып, маңызды науқанның өту барысымен жете танысуды ұйғардық. Комиссия төрағасы Асқар Сақыпкереев сайлау учаскесі аумағындағы тұрғылықты мекенжайлар бойынша 380 мыңнан астам адам тізімге алынып, 709 сайлау учаскесінде өз таңдауларын жасап жатқандарын жеткізді. Демалыс үйлерінде, емханаларда, қарғын су шайған, қатынауы қиын елді мекендерде ұйымдастыру шаралары тыңғылықты қарастырылған. Жүріп-тұруы қиын адамдар үшін 141 көшпелі жәшік қызмет көрсетті.
Сағат 18-де Айыртау ауданында іссапармен жүрген халықаралық байқаушы Матвей Бергманмен ұялы телефон арқылы хабарласқанымызда сайлаудың ашық, әділ өтіп жатқанын сайлаушылардың 97,5 пайызы өз таңдауларын жасағандарын жеткізді. Ал облыс бойынша бұл көрсеткіш 93,86 пайызды құрап, 98 учаскеде тәмамдалғаны белгілі болды.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
ТАЛДЫҚОРҒАН
Жетісулықтар кеше ертелете сайлау учаскелеріне асықты. Бүгінгідей беймарал заманда конституциялық құқығына сай төл міндетін орындаушылар парасаттылық пен мәдениеттілік танытты. Сайлау учаскелеріне келіп-кетушілер мыңдап саналғанымен, адамдар арасындағы сыйласымдылық, үлкенге көрсетілген мейірімділік пен кішіге жасалған ілтипат көрген жанды сүйсінтті.
Осыған дейінгі сайлаулармен салыстырғанда, бүгінгі Қазақстан Республикасының Президентін сайлауға халықтың қатысу белсенділігі жоғарылап, мәдениеттіліктің тамаша әрі үйлесімді қырын көрсетті. Бұл – қуана құптарлық жайт. 26 сәуір күні таңғы сағат 7.00-де Алматы облысы бойынша 883 сайлау учаскесі сайлаушыларға есіктерін айқара ашты.
Міне, сағат 20.00-де облыс бойынша сайлауға қатысатындығы анықталып, тіркелген 945 708 сайлаушының басым бөлігі, яғни нақты айтқанда, 98,48 пайызы дауыс берді. Елдің бұл сайлауға деген белсенділігінің артуы республикамыздағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсарғанын және халықтың саяси белсенділігінің көтерілгендігін көрсетеді.
ТАРАЗ
Жамбыл – ежелден Мәңгілік Ел идеясынан туындап отырған ұлттық бірлікті санада сақтаған, татулықтың ордасы болған өңір. Қазақстан Президентін сайлау Жамбыл облысында өте ұйымшылдықпен өтті. Әулиеаталықтар бұл науқанда асқан белсенділік танытты.
Облыстағы 461 сайлау учаскесіне ел күні бойы ағылып жатты. Осынау жандардың қуанышты жүздерінен бұл саяси науқанның жауапкершілігін сезініп, оған тың дайындықпен келгенін байқайсыз. Соның бірі ретінде Тараз қаласындағы №50 сайлау округін айтсақ болады. Учаскеде сайлаушыларға барлық жағдай жасалған. Аулада әсем ән шырқалып жатса, іште дауыс берушілердің кейбірі шахмат, дойбы ойындарына қызу кірісіп кетіпті. Сондай-ақ, сайлау учаскесі жанында сауда дүңгіршектері қойылып, ел қажетті азық-түліктерін сатып алуда.
Ал Тараз қаласындағы №39 сайлау округіне алғашқылардың бірі болып келген 78 жастағы Ботабай Малдыбаев ақсақал ел тағдыры шешілетін жауапты сәтке бейжай қарай алмайтынын айтады. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған қария дауыс беруге әжей екеуі келіпті. Ал Жамбыл политехникалық колледжінің студенті Захар Шарипов өз таңдауын №35 сайлау округінде жасады. Болашақ жылыжай маманы Захар осы науқанға атсалысып, дауыс бергеніне өте қуанышты. «Таңертең ерте тұрып, сайлау учаскесіне жеткенше асық болдым, бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік», – дейді ол. Жамбылдық сайлаушылардың өз таңдауларын жасауда белсенділік танытуы, әрине, олардың бұл жауапты сәтке асқан жауапкершілікпен қарайтынын білдірсе керек. Бірлігі, ынтымағы жарасқан елдің халқы осындай ұйымшыл болады.
Облыстық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, жамбылдық сайлаушылардың 97,31 пайызы дауыс берді.
ШЫМКЕНТ
Шымкент қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Бектұрғанов қаладағы №222 сайлау учаскесінің 20-сы жабық деген. Себебі, мынадай: жабық сайлау учаскелеріне ауруханалар, екі әскери бөлім, қарттар үйі және тергеу изоляторында ісі сотқа жетпеген азаматтар кіреді. Ал мүгедек жандарға сағат он екіге дейін арнайы бөлінген азаматтар сайлау жәшігін апарады.
Облыстық клиникалық ауруханада науқастар осында ұйымдастырылған №125 сайлау учаскесінде дауыс берді. Бүгінгі таңда мұнда 675 адам ем алып жатыр екен.
– Аурухана болғаннан кейін осы учаскеге қиналмай жететін жағдай жасадық, – деді №125 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Мамуржан Саипов. – Әр науқасты өз бөлімінің медбикесі алып келеді. Үш сағаттың ішінде дауыс беріп болдық десек те болады.
Облыстық клиникалық аурухана ұжымы төсек тартып жатып қалған 11 науқасқа да сайлау комиссиясының мүшелері мен байқаушылардың қатысуымен сайлау жәшігін алып барды.
Шымкенттегі №49 сайлау учаскесінің комиссиясы мен байқаушылар да денсаулықтарына байланысты үйінен шыға алмаған азаматтарға сайлау жәшігін алып барды. Солардың бірі қарт майдангер Қорғанбай Елеуов ақсақал еді. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен, қанды қасаптан аман келген майдангер өзі барып дауыс бере алмағанына іштей қапа болғанымен, комиссия келгенде қуанып қалды.
– Біз елдің тыныштығының қадірін білетін жанбыз. Күндей күркіреп өткен соғыстың миллиондаған жүректерге салған жарасы әл-әзір жазылмайды. Аспанымыз ашық болып, еліміз тыныш болғанға не жетсін. Мен таңдаған адам Отанымыздың бағына туған жан деп түсінемін және қателеспек емеспін. Мұндай сайлауға немқұрайдылықпен қарауға болмайды, сондықтан үйдегілерді ертерек оятып, сайлауға жібердім, – деді ол.
Тыныштық күзетшісі, бейбіт өмірдің қадірін жақсы білетін, президенттік сайлауда қателеспейтіндігін айтқан қарияның байламы осы.
Айқарма бетті дайындағандар «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшілері.