Жақында Мәскеу төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, әнші, композитор Сәуле Жанпейісованың Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ер есімі – ел есінде» атты авторлық әндер кеші өтті.
Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігі, «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдайтын «Астана» қорының» ұйымдастыруымен өткен іс-шараның басты мақсаты – Халық қаһарманы, қазақтың аты аңызға айналған тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың ерлігін ұлықтау.
Авторлық әндер кешіне жиналған көрерменнің қарасы қалың болды. Олардың басым бөлігі – кезінде түрлі жағдаймен Ресейге қоныс аударған, тағдыр-талайымен сол жақта қалған қазақтар. Мәскеуде білім алып жүрген жастарымыз да осы кештің басы-қасынан табылды. Көрші елде тұрып жатқан қырғыз, өзбек, татар, қарақалпақ секілді өзге этнос өкілдері де аталған концертті ұйып тыңдады.
Сахна шымылдығын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Бейбіт күн тілегі» әнімен ашқан Сәуле Стаханшылқызы осынау кештің маңызы ерекше екеніне тоқталды.
– Біз бейбіт күнді сыйлап кеткен, Жеңіс күнін жақындатқан, фашизмге қарсы жан аямай соғысқан әрбір жауынгерге қарыздармыз. Мәскеу төріндегі бүгінгі кеш – сол батыр-бабаларымызға арналған тағзым кеші болмақ, – деді әнші, композитор.
Бұдан соң көрермендерге Хиуаз Доспанова туралы шағын бейнефильм көрсетіліп, даңқты ұшқыштың құрметіне арналған Сәуле Жанпейісованың «Хиуаз» әнінің тұсауы кесілді. Әннің сөзін жазған ақын Нұрсұлтан Мықтыбай кешке арнайы қатысып қана қоймай, аталған кештің тізгінін ұстады. Әнді Хиуаз Қайырқызының жерлесі әрі композитордың шәкірті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 4-курс студенті, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының солисі Шыңғыс Нұрғалиұлы орындады.
– Қан майданда жаумен алысып, талай мәрте өлім аузынан аман қалған Хиуаз апамызға арналған ән осыдан екі жыл бұрын 100 жылдық мерейтойына орай шыққан болатын. Бірақ халыққа ұсынудың сәті бүгін түсіп отыр, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Жезтаңдай әнші кеште халық әндері, Абай, Мұхит, Ғарифолла шығармаларынан бөлек, Пушкин мен Есениннің «Татьянаның хаты», «Қара шәлі» секілді өзі әнін жазған атақты туындыларды орындап, орыс, қырғыз, ноғай тілдерінде ән шырқады. Мәскеулік көрермен «Жан әке», «Фариза – жыр биік», «Көк нөсер», «Тұғыр» секілді авторлық әндерін жылы қабылдап, қошемет танытты. Сондай-ақ Ресейде тұратын Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Татьяна Полтавская, Ресейде тұратын және білім алып жатқан Гүлнар Қоспақова, Гүлбану Мұратова, Динара Сейтешева, Гүлсәуле Үділбекова, Ақбермет Айнақұлова, Гүлжанар Бимұғамбетова, Еркін Саяжан, Асхат Оралбеков, Абзал Тастанбек, Айжамал Асқарова өнер көрсетіп, ән мен биден шашу шашты.
Мәскеуде басталған іс-шара артынша Халық қаһарманының кіндік қаны тамған туған жерінде жалғасты. Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Хиуаз ауылының мәдениет үйінде қазақтың «қанатты қызына» арналған «Хиуаз» әні орындалған сәтте зал толы көрермен орындарынан тік тұрып, ыстық ықыласын білдірді.
Айдын ӘБДІХАЛЫҚ