• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тағзым 17 Тамыз, 2024

Рақымжан Тұрысбек, филология ғылымдарының докторы, профессор: Жүсіпбек – жантанушы жазушы

178 рет
көрсетілді

ХХ ғасыр басындағы қоғамдық қопарылыс пен саяси сапырылыс уақытында азаттық идеясының негізінде ұлттық әдебиет пен мәдениетке, сонымен қатар ұрпақ тәрбиесіне орасан зор еңбек еткен тұлға – Жүсіпбек Аймауытұлы. Ол – ақын, жазушы, драматург, аудармашы, сыншы, публицист ретінде ұлт руханиятын жаңа биікке көтерген қайраткер. Биыл Алаш ардағының дүниеге келгеніне – 135 жыл. Осы орайда қаламгер ғұмырнамасына қатысты екіұшты пікірлердің дұрыс-бұрыстығын анықтау мақсатында белгілі ғалым, профессор Рақымжан Тұрысбекпен сұхбаттастық.

– Ғылыми ортада жазушының дү­ниеге келген жылы туралы әртүрлі де­рек келтіріледі. Мәселен, кей мектеп оқу­лықтарында жазушының дү­ние­ге келген уақыты 1889 жыл десе, ака­демиялық басылымдарда 1890 жыл деп көр­сетіледі. Неге бірізділік жоқ? Қай пікірге тоқтағанымыз жөн?

– Ел тарихында танымал тұлғалар­дың өмірбаян беттеріне қатысты әлі де анық­талмаған, зерттеу мен зерделеуді қажет ететін тұстар бар. Иә, Жүсіпбектің өмір­дерегіне қатысты әрқилылықтың бары рас. Мәселен, Шымкент педтехникумын­дағы анкеталық жазбада: «1888 жыл» деп толтырылады. Ал «…тергеу ісі» ма­те­риал­дарының бірінде (1929, 16 мамыр): «…40 жастамын, отбасылы – үш балам бар» дегенді анық-қанық айтады (ҚР ҰҚКМ – 01149 – іс, 2 том). Айып­тау қорытындысының келесі бөлігінде ­«…40 жас, қазақ, ұстаз – әдебиетші, партияда жоқ» дегенді де назарға салады (ҚР ҰҚКМ-011494- іс, 6 том).

Бұдан басқа, көрнекті қаламгер Сәбит Мұқанов «XX ғасырдағы қазақ әдебиетi» атты еңбегiнде Ж.Аймауытұлының әкесi, руы, ұрпақтары туралы мынадай дәйектерді алға тартады. Бастапқы тұста-ақ: «Жүсіпбек Аймауытұлы 1893 жылы бұрынғы Кереку уезі, Семей облысы, Қызылтау болысында туған» деп жазады.

Сонымен бірге филология ғылым­да­рының кандидаты Е. Өтебайұлы «Тағ­дыр­дың кездестiм ғой кермесiне…» атты мақаласында жазушы өмiрбаяны тура­лы бірқатар салыстыру жасайды. Со­ның бірінде: «...Жүсіпбектің туған ағасы Ахат одан екі жас үлкен – 1892 жылы туған, інісі Жақыпбек үш жас кіші – 1897 жылы туған. Біз енді оны ағасынан қалай үлкен санай аламыз?» деп бірқатар құжатқа назар ауда­рады. Түйінді тұста қаламгер хақындағы ойын былай бiлдiрген: «Жүсiпбек Аймауытовты 1894 жылы 28 қарашада туды, 1930 жылы 7 сәуiр­де өлдi деп жазып, әдiлдiгiне көш­кен мақұл».

Ал біз негізінен, «Өз жайымнан мағ­лұмат» атты жазбаға табан тірейміз. Бұл жазушы жинақтарына енген. Ондағы Смағұл Сәдуақасұлының сұрақтарына (анкета түрінде) қайтарған жауаптарында: «...сиыр жылының аяғында (1890 жылдар) Қызылтаудың бауырындағы Қараның адыры деген жерде, Дандебай аулында тусам керек... Руым – Сүйіндік, оның ішінде – Күлік. Айдабол, Күлік бір туысады. Сұлтанмахмұт Айдаболдан. Екеуміз сегізінші атадан қосыламыз. МәшҺүр Жүсіппен жетінші атадан қосыламыз. Кереку уезі, Семей губерниясы», деп жазады. Яғни 1889 жыл, сиыр жылының аяғы болса, наурызға дейін 1890 жыл болады. Сонда қисынды, жыл қайырғанға сай болады.

– Жүсіпбектің опат болған жылына қатысты да осындай сан қилылық болып тұр ғой?

– Иә, мұнда да әртүрлі сандар кел­тірі­леді. Айталық, журналист, ақын-аудар­машы Әбдісаттар Әліп «Жазу­шының шығармашылық қазынасы» атты мақаласында: «...1931 жылы 21 сә­уір­де Мәскеудегі Бутырька түрмесінде атылған», дегенді жазады. Сонымен бірге Ж.Аймауытұлының өмір-тарихы, тағдыры төңірегінде де бірқатар ізденіс­ бар. Айталық, журналист-қаламгер Ғ.Іскендерұлы «Жат жұртта жерленген жампоздар» атты барлау-талдау мақа­ласында атажұрттан жырақта жерленген тұлғалардың өмір-тағдырына қысқаша шолу жасайды. Түркия, Қытай, Ресей, Германия, Мысыр, Үндістан, Сирия, Иран, Моңғолия, Өзбекстан, Украина, Тәжікстан, Түрікменстан сияқты ел-жерлерде жерленген танымал тұлғалардың өмір-де­регі жұртқа ұсынылады. Мақаланың қо­рытынды бөлігінде: «...Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) – қазақ халқының азат­тығы үшін күрескен ұлт қайраткері, классик жазушы, ағартушы ғалым, 1929 жылы «ұлтшыл ұйыммен байланысы бар» деген жаламен тұтқындалып, 1931 жылы ату жазасына кесу туралы сырттай үкім шығарылды. Мәскеуде жерленген», деп жазылады.

Ресми хат негізінде – Жүсіпбек Айма­уыт­ұлы Ваганьков қорымы аумағындағы жалпы зиратқа қойылғаны анықталып, Павлодар мұрағатшылары елден топырақ әкелгені туралы дерек бар. Жүсіпбек Мәскеудің Бутырка түрмесінде атылып, Ваганьков зиратына жерленгенін жұрт­шылық біледі.

 Асылы, ақиқаттан ешкім айналып та, аттап та өте алмасы анық. Осы реттен келгенде, еліміздің Орталық мұра­ғатында, ҰҚК мен Шымкент, Ташкенттегі мұрағаттарда Алаш ардағы, асыл сөздің саңлағы Жүсіпбек Аймауытұлының қайтыс болған уақыты – 1930 жылдың 21 сәуірінде, Мәскеудегі Бутырка түрмесінде атылғаны жазылған. Біздіңше, осы жыл мен уақыт – ақиқаттың ту тіккен тұсы. Осыған ден қойған, тоқтаған жөн.

– Отбасы, ұрпақтары туралы қан­дай деректер бар?

– Жазушының ұл-қыздарының қазақ еліне, руханият әлеміндегі өзгерістерге, әсіресе әкелері – Ж.Аймауытұлына деген перзенттік ықылас-ілтипаттары, сағы­ныш-сезімдері жан-жүрек дүрсі­лінен де, көз бен көңілдегі қуаныш нұры­нан да танылған. Өзіміз де жекелеген жүз­десу, қауышу-кездесу кездерінде – жазу­шының балаларының аузынан жо­ға­рыда айтқан мазмұндағы әңгіме-сыр­ларға қаныққандықтан (кездестік, іссапарда болдық, суретке түстік), оның қайсыбір қырларын қайталағанды артық деп білеміз. Себебі оның басым бөлігі, бірсыпыра тұстары қалың көпшілікке ақпарат арналары арқылы да таныс-тұғын. Алайда жазушының ұрпақтары хақында жинаған ақпараттарымыздың бірер бөлігін халыққа таныстырғанның сөкеттігі жоқ.

Жүсіпбектің ұлы Бектұр туралы бел­гілі «Оян, қазақ» кітабының авторы М.Дулатұлының қызы Гүлнәрдің естелігінен хабардар боламыз. Онда: «...Тұтқындарды Мәскеуге алып кете­ді» деген хабарды естідік. Ертемен, күн шығар-шықпаста қасымда үш бір­дей қатар құрбыларым бар, олар – Жүсіп­бектің баласы Бектұр, Абай тұқым­дары Өміртайдың қызы Әзен, Жүсіпов Ахметсафаның қызы Фарида болатын. Екі өкпемізді қолымызға алып вокзалға жеттік. Жүк таситын вагондар, шеткі бір вагонда, темір торлы терезеден әкем мен Жүсіпбек қарап тұр екен. Күзетшілер вагонға жолатпай, «қайт, атамын» деп жекіп, жасқай берді. Бектұр үркіп, кідіріп қалды. Жүсіпбек аға анадайдан айқай салды: «Бектұр, жақында... қорықпа...» деп. Айтатын бір сөзі болуы керек. Күзетшілер баланы әкесіне жолатпады, жылап-еңіреп жүріп, пойызды көзбен шығарып салдық. Бұл 1929 жылғы 24 маусым күні болатын», дейді-ау.

Ақиқатында, жазушының үлкен ұлы Бектұр Аймауытұлы әкесі «істі» болған соң-ақ «Алашорданың баласы» атанып, өз еліне, жеріне «сыймады». Кейін араға ұзақ жылдар салып, 78 жасында Ресейдің Кемерово облысы, Профьевск қаласынан Қазақстанға келген болатын.

Екінші ұлы Жанақ, құжаттағы аты – Аймауытов Евгений Юрьевич. Семейде 1920 жылы 18 ақпанда туған. Оның екі қызы, бір ұлы бар, яғни немерелері – Валентина, Надежда (Мәскеуде) және Александр (Шурик). Заманында бірі Мәскеуде, бірі Санкт-Петерборда тұрған. Олардың қазіргі өмір-тұрмысынан хабарым жоқ.

Ал Муза (қазақша Мәруә – Мағрипа) Жүсіпбекқызы Аймауытова-Сахно 1926 жылы Орынборда туған. Кейін Ақтөбе қаласында тұрды. Жұбайы – Степан Сахно, мұнайшы. Қыздары – Наталья мен Татьяна. «Ақтөберентген» бірлестігінде еңбек еткен. Қазіргі қал-жағдайынан хабарсызбыз. Бірақ кезінде анасы – Евгения Қарабатырқызы мен атасы Арыстан Сер­мұхамедұлынан естіген естеліктерімен бөлісіп, отбасылық альбомнан алынған суреттерін көрсеткен еді. Әке-шешесімен Шымкент шаҺарында болғанда, алдымен Крегер көшесіндегі №8 үйде, кейіннен – А.С.Пушкин атындағы №9 үйде тұр­ғанын да айтып берген-тұғын.

Айта кетейін, Жүсіпбек ұрпақтары мемлекет тарапынан елеусіз қалған жоқ. Мәселен, Бектұрға Алматыдан бір бөл­ме, немересі Римаға Қарағандыдан екі бөлмелі пәтер берілген.

– Жүсіпбек Аймауытұлының таланты жөнінде кеңес дәуірі әдебиетінің өкілдері қандай пікір білдірген еді?

– ХХ ғасырдың орта шенінде, яғни қазақ әдебиетінің дәуірлеу тұсында Жүсіпбек есімі айтылмай қалған жоқ. Қабырғалы қаламгерлердің дені оны қазақ әдебиетінің алтын бастауында тұрғанын ашық мойындап жазған. «Жүсекең – бекер күйгендердің бірі. Тезірек оны қатарымызға қайтаруымыз керек», деген­ді трибунадан Ғабит Мүсірепов талай айтқан. Ал енді бір естелігінде оның шы­ғармашылық әлеуетін жоғары бағалап былай жазады: «Менің ұстазым – Аймауытов. Маған жазуды үйреткен, қалай жазудың үлгісін көрсеткен Жүсіпбек еді...» деген сөзде айрықша мән, үлкен шындық пен мол өмір тағылымы, тәлім-тәжірибесі бар.

Бұдан басқа, атап айтқанда, ақын Әбділда Тәжібаев «Қазақ әдебиеті» газе­тінің редакторына арналған 1987 жылғы «Ашық хатында» Алаш арыстары – Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы туралы айта келіп: «...олардың қазақ әде­­бие­тіндегі қадірлі орындарын қайта алуын, қазақ оқырмандарымен қайта та­бы­суы қажеттігін» қозғайды. Олар­дың ара­сында Ж.Аймауытұлының өмірі мен кезеңіне, шығармашылық мұрасына қысқа-нұсқа түрде тоқталады. Қаламгерді көргенін, ұстаздық ұлағаты мен ғалымдық қырларын, өнерпаздық орнын, әсер-ықпалын айрықша атайды. Тиісті тұста: «Жүсіпбек Аймауытов – жиырмасыншы жылдардың басынан жарқ етіп көрініп, республикамыздың барлық түкпірінде өз жарығымен айқын танылған, аса іскер, белсенді жазушы. ...Біздің әдебиетімізде, оның тарихында Жүсіпбек Аймауытовтың орны ерекше биік. ...Ол орын үңірейіп иесіз тұрмау керек» деп жазады 1993 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Есімдегілер» еңбегінде.

Бертінде, Сәбең – Сәбит Мұқанов ақын Қадыр Мырза Әлимен кездесу-сұхбаттарының бірінде: «Мәдениетті қазақ прозасы, тіпті драманың өзі осы Жүсіпбектен басталады. Тек бір ғана Аймауытовтан айырылуымыздың өзі біздің әдебиетімізді жарты ғасыр кейінге ысырып тастады. Бір Аймауытовтың өзі бір көркем қол, бір әскер сияқты еді!.. Қарындашпен жазудың өзін Ғабит сол ағасынан үйренген. Жүсіпбектің әйелі қырым татары болатын... Сол жеңгеміз үнемі біздей ғып қарындаш ұштап отыратын... Аймауытов – сыншыл реализм өкілі. Идеологияда шаруасы жоқ. Нені көрсе, нені білсе – соны, яки өмір қалай болса, солай жазады. Егер маған со кісінің туындыларын түгел жинап бастыру керек, сол жауапкершілікті сізге жүктейміз десе, ойланбай келісер едім. Ойланбай бір түнде бес-алты томын дайындап, қол қояр едім», деп сеніммен сөз етеді. Бұл Қадекеңнің «Иірімінде» анық-айқын жазулы тұр.

– Қаламгердің жазудан бөлек өнер­лері туралы естеліктер де аса сүйіс­пеншілікпен айтылып жатады.

– Иә, Жүсекең сан қырлы тұлға. «Талантты адам барлық салада да – талант­ты» деген қанатты сөз Аймауытұлына дәл келеді. Оның ағаш пен темірден түйін түйген ұста, қолөнер шебері, асқан әнші, домбырашы Һәм сазгерлігі жұрт жадында қалған. Жүсіпбектің өзі секілді өнерпаздарды жанына ерекше жақын тұтқанын шәкірті Қалабай Бекдуллаевтың сөзінен байқаймыз. Онда жазушының Жұмат Шанинмен, Құрманбек Жандар-бековпен және айтулы әнші-ақындар Иса Байзақ, Әміре Қашаубаевпен тығыз байланыста болғаны айтылады. «Бұл әртістер Шымкент қаласына келген бетте-ақ жарқын достары ретінде Аймауытұлының үйінің төрін бермейтін», дейді ол.

Көбі біле бермес. Жүсіпбектің дәстүрлі өнердің бізге аман жетуіне үлесі зор. Ол Александр Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» жинағына 29 ән мен 1 күй қос­қан. Оның ішінде танымал «Ғалия», «Қараторғай», «Қарғам-ау» секілді әндер бар. А.Затаевич жинақтың соңында «Орындаушы Аймауытұлы Жүсіпбек. Павлодар уезі, Баянауыл ауданының тумасы» деп көрсеткен.

Оның музыкаға жақындығын, сонымен қатар қолөнерге шебер болғанын Әбділда Тәжібаев та еске алады. Ол кезде шамамен он алты-он жеті жаста болса керек. «1926-1928 жылдары Шымкент қаласындағы педагогикалық техникумда оқытушы болып жүргенде мен оны өзім көрдім (Онда Бауыржан Момышұлы екеуміз Ғани Мұратбаев атындағы интернатта тәрбиеленуші едік). Мен оның Қожа Ахмет Ясауи ғимараты жөнінде жазылған ұзақ очеркін, әнші Әміре туралы әңгімесін әлі ұмытқан жоқпын. Он саусағынан өнер тамған – домбыраның неше түрлі шешендерін жасаған, көк салылап саптамалы етік тігетін, күміспен, жезбен әшекейлеп ер-тұрман жасайтын Жүсіпбек жастарға бұл өнерлерін де көрсетіп отыратын. Ол жас қауым үшін өте сүйкімді жан болды», дейді.

– Жүсіпбек шығармашылығындағы мәйекті мәселелер жас ұрпақ санасын­да өзектілігін сол қалпында сақтай ма?

– Міржақып Дулатұлының «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз» деген сәулелі сөзін Жүсіпбектің де әзиз рухына бағыштай аламыз. Хас шығарма кез келген дәуір дидарында түрленіп, жаңашаланып өмірін жалғастырып кетеді. Себебі ондай шығармада уақыт тезіне майыспайтын құндылықтар ғана алдыңғы орынға қойылады. Ол – адам болмысы. Адам­ның жан түкпіріне бойлаған Жүсіпбек Ай­мауытұлының шығармашылық мұ­расы жаңа ұрпақ санасында осы қасиетімен жаңғырады. Себебі ол – жантанушы Жүсіпбек. Иә, тұтастай алғанда Алаштың қайраткер қаламгері, әдебиет жанрлары мен біліми һәм ғылыми бағыттарға сүбелі үлес қосқан сара сөздің сардары Жүсіпбек Аймауытұлының шығармашылық мұрасы азат елімен бірге жасап, жаңа уақыттың рухымен қатар үндесіп, сабақтастықта кең өріс ала береді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Абзал МАҚАШ,

«Egemen Qazaqstan»