Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Ділдәбеков ұлттық құраманың жаңа бас бапкері Қайрат Сәтжановқа қандай талап қойылғанын айтты, деп жазады Egemen.kz.
Мұхтархан Ділдәбековтің айтуынша, Қайрат Сәтжанов алдағы олимпиадалық циклге ұтымды жоспар ұсынған. Десе де федерация бас бапкерге нақты талап қойған.
«Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша бас бапкерді ауыстырғанымызды білесіздер. Оған қойылған негізгі талаптардың бірі - командада жеке шәкіртінің болмауы.
Сондай-ақ шетелдік мамандармен жұмыс істеп, жасөспірім және жастар командаларына бірдей көңіл бөлуді жоспарлап отырмыз», деді Мұхтархан Ділдәбеков.
Бас бапкерді тағайындарда оның жетекшілігімен 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында үздік нәтиже көрсеткені де ескерілген.
Бұған дейін бокстан Қазақстан ерлер құрамасын баптаған 10 адам жұмыстан шеттетілгенін және жаңа бас бапкер ретінде Қайрат Сәтжанов тағайындалғанын хабарлаған едік.