• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 20 Тамыз, 2024

Мергендер мүлт кетпейді

59 рет
көрсетілді

Сайын даланы дүбірімен тербейтін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында садақшыларға да зор сенім артылып отыр. Олар елордадағы «Қазанат» атшабарында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, шеберліктерін шыңдап жатыр.

Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құ­раманың бас бапкері Диас Ахме­товтің айтуынша, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында сынға түсуге 35 мемлекеттің мергендері өтініш жолдаған.

«Елордада өтетін сайысқа өтініш жолдаған елдердің делегациясын тіркеу жұмыстары жүріп жатыр. Спортшыларымыздың дайындығы жақсы, дейтұрғанмен Мажарстан, Қырғызстан, Малайзия, Түркия, Ресей сынды мемлекеттен келетін садақшылардың да шеберлігі жо­ғары. Бірақ төл спортымыздан өз жерімізде өтетін аламанда саң­лақтарымыз барын салып, ел ме­рейін үстем ететініне сенімдіміз», деді Д.Ахметов.

Ұлттық құрама мүшесі Бақберген Сәлімов орасан жауапкершілік жүктелетінін айтты.

«Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дары 2014 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биылғы доданы ұйымдастыру мәртебесі бізге бұйырды. Өз жерімізде өтетін са­йыста барымызды саламыз. Қалың жанкүйердің де зор сенім артып отырғанын білеміз. Сайыс өтетін алаңда жаттығу жүргізу біз үшін де зор мүмкіндік болып отыр. Өйткені жер жағдайын толықтай зерделеп, климатын, желдің қай бағытта соғатынын бағамдап, алдын ала зерттеп келеміз», деді садақшы Б.Сәлімов.

Әйелдер арасында сынға түсе­­тін Ажар Рахметқызы айтулы до­­даның басталуына санаулы күн қалғандықтан, дайындық жұмыс­ы күшейтілгенін жеткізді.

«Бізден қалың көрермен тек алтын медаль күтетіні белгілі. Жан­күйерлердің сенім үдесінен шығудан аянып қалмаймыз. Дәс­түрлі садақ ату спортының елі­міз­де кең қанат жаюына Дү­ние­жүзілік көшпелілер ойында­ры серпін беретіні сөзсіз. Заман­дастарымыздың арасында ұлттық спортқа қызығушылар қата­ры артып келе жатқаны қуантады», дейді мерген қыз.

«Дәстүрлі садақ ату» федерация­сы да Ұлттық спорт түрлері қауым­дастығының құрамына кіреді. 89 елден 2 мыңнан аса спортшы қатысатын Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында дәстүрлі садақ атудан сын­ға түсетін мергендердің өнерін көрер­мендер «Көшпелілер ғаламы» этноаулының алаңында тамашалайды.

Дәстүрлі садақ ату сайысы­на қатысушы мергендердің жетек­шілері, яғни әр елден келген команда басшылары 8 қыркүйекте ман­дат­тық комиссия талқылауына қатысады. Мергендер додасына қатысатын спортшының садағы, жебесі талапқа сай болуы қатаң ескеріледі. Әр елден келетін команда құрамында 18 жастан асқан 6 ер, 4 әйел садақшы додаға қосылады.

Дәстүрлі садақ атушылар Астана төрінде өтетін көшпелілер ойындарында бірнеше нысанаға тигізуден сайысқа түседі. Түріктің «Пута» деп аталатын нысанасына ерлер 70 метр қашықтықтан ататын болса, әйелдер 60 метрден көздейді. Қазақтың «Qalqan» деп ата­латын нысанасы­­ның диаметрі 60 см болады. Түріктің пута нысанасына қарағанда қашықтық жақындау: ерлер 60 метр, әйелдер 50 метрден адырнасын тартады. Жамбы нысанасында жерден 170 см биікке ілінген жамбыны қағып түсіру үшін ерлер де, әйелдер де 30 метр қашықтықтан шеберлігін сынайды. Дәстүрлі садақ атудан командалық сайыс та осы жамбы ату стилі бойынша өтеді.

Дәстүрлі садақ атудан Түркия елінің мергендері өте тегеурінді. Себебі бұл елде бірнеше жылдан бері халықаралық турнир тұрақты өткізіліп келеді. Садақ атуды кәсі­би спорт ретінде танып, ерекше көңіл бөледі. Мажарстанның да садақ­шы­лары қиядағыны қағып түсіретін деңгейде. Қырғыздар мен тәжіктер де садақ атуға айрықша көңіл бөліп, дамуына серпін беріп отыр.