Ел іргесі бұзылмай, тыныштықта бейбіт өмір сүрудің өзі – адамзат үшін үлкен бақыт. Осындай шадыман шаттығы мол өмір сыйлаған ардагерлердің қаһармандығына әрдайым бас иіп, тағзым етеміз. Тарихтың еншісіне кеткен Екінші дүниежүзілік соғысқа біздің әкеміз Ұзақ Ахметов те қатысты.
Ол Жамбыл облысы Жуалы ауданының Күреңбел ауылында 1924 жылы дүниеге келген. Соғыс өрті тұтанғанда небәрі 17 жаста болған екен. Бір кіндіктен тараған 15 баланың ішінен біздің әкеміз ғана аман-есен ер жетіп, 1942 жылы 15 тамызда әскер қатарына алынады. «Жалғыз баласы бардың шығар да шықпас жаны бар» демекші, бір атаның ізін жалғаған жалғыз тұяғы, бір шаңырақтың бар үміті осылайша майданға аттанып кете барды.
1941 жылдан бастап Украина, Беларусь және Ресей жерін сұрапыл соғыс өрті шарпып жатты. Өрімдей жас жігіттерден бастап, қолына қару ұстай алатын ер азаматтардың барлығы майданда басқыншы жаумен шайқасып, сол кездегі ортақ Отан үшін ерлік пен өр рухтың үлгісін көрсетті. Бес жылға жуық елдің берекесін қашырған соғыстан сау келгендері саусақпен санарлықтай болғанын тарихтан білеміз. Біздің әкеміз Ұзақ Ахметов те сол аждаһадай алапат соғыстан 1945 жылғы 15 қазанда елге аман-есен оралды. Бірнеше рет жараланып, госпитальде емделгеннен кейін шайқасқа қайта қосылып, жауды кері шегіндірген кеңес әскерінің сапында жүріп, Жеңіске өз үлесін қосты. «Отан соғысы» орденімен, еңбектегі және майдандағы ерліктері үшін 9 медальмен марапатталған. Өкініштісі, Жеңістің 50 жылдығын көре алмай, өмірден ертерек озды. Жан жары екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Анамыз Мәлике Шекенқызы 2015 жылы 22 қарашада өмірден өтті. Соңында 30 немересі, 25 шөбересі, 1 шөпшегі өсіп келеді.
Ұзақ әкеміздің 8 ұл-қызы бүгінде мәуелі бәйтерекке айналғанымызға шүкіршілік дейміз. Үлкен ағамыз Керімқұл Ұзақұлы Қиыр Шығыстағы Приморье өлкесінің шекарасында әскери борышын өтеп, Даманск оқиғасында – алақандай арал үшін Қытай мен кеңес одағының қарулы қақтығысы кезінде байланысшы міндетін атқарған. Өзіне берілген жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындағаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Жауынгерлік айбыны үшін», «Бауыржан Момышұлы. Батыр шапағаты» медальдарымен марапатталды. Осылайша, бейбіт күнде ағамыз Керімқұл да Қытай мен Ресейдің ортасында тұтанған қанды ұрысқа қатысып, әскери борышын өтеп, әке үмітін ақтады. Отбасына аман-есен оралып, бала-шағасының ортасында бақытты ғұмыр кешіп, 2018 жылы дүниеден озды. Әулетіміздің үлкен шаңырағындағы жеңгеміз Сара, ініміз Талғат ағамыздың орнын жоқтатпауға тырысып келеді. Үлкен әпкеміз Айкүміс Ахметова «Білім беру ісінің үздігі» құрметті атағымен марапатталған. 2023 жылы Оқу-ағарту министрінің Алғысхатын иеленді, Тараз қаласындағы № 45 қазақ классикалық гимназиясында ұстаз болып еңбек етіп, құрметті демалысқа шықты. Ағамыз Сайын мен жеңгеміз Гүлзира да әкеміздің үмітін ақтап келеді. Екінші қызы Күлсін Ұзаққызы 2017 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен, 2023 жылы Оқу-ағарту министрінің Алғысхатымен марапатталды. Тараз қаласындағы № 49 гимназияда ұстаз болып еңбек етіп, зейнетке шықты. Ұлы Рысқұлбек пен келіні Алмаш та Ахметовтер әулетінің шаңырағын елорда төрінде биіктетіп отыр. Ұлы Сабектің шаңырағындағы келіні Ғазиза «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған, Тараз қаласындағы № 33 балабақшада логопед қызметін атқарып жүр. Әкеміздің кенжелері Құралай мен Алмас Ахметовтер де – бір-бір отбасының иелері.
Әкемізді еске алу мақсатында оның 100 жылдығына орай бауырларымыз жаңа өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тағылым болатын басқосу ұйымдастырды. Биыл жүрегімізде өшпес із қалдырған асқар тау әкеміздің ғасырлық мерейтойына орай Т.Рысқұлов ауданындағы «Тау қымыз» шипажайында кең дастарқан жайып, Құран бағыштап, ас бердік. Спорттық жарыстар ұйымдастырып, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар тапсырдық. Жарыстарды ұйымдастырып, қызықты өтуіне атсалысқандар – күйеубаламыз Ермек Жұманұлы мен сіңліміз Жанна Мықтыбекқызы. Әке рухына бас иіп, немере, шөберелеріне естелік болар әңгіме өрбіттік. Ұрпағына Ұзақ аталарының батылдығы мен еңбекқорлығын насихаттадық.
Әкеміз Ұзақ Ахметов тарихтың шырғалаңында шыңдалып, соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де жан-жақты білгірлігімен, қара қылды қақ жарған әділдігімен абырой-беделге бөленді. Азаматтық белсенділігімен танылып, қаржы саласында ұзақ жыл адал еңбек етіп, зейнетке шықты. Зейнеткерліктің қызығын аз көргені болмаса, шүкір, артына ұрпақ қалдырды. Әке өсиетін біз санамызға сіңіріп өстік. Үлкенге құрмет, кішіге ізетімізден жаңылған емеспіз.
Ұзақ Ахметовтың ұл-қыздары
Тараз