Балығы тайдай туламайды
Балқаш көлін әзірше табыс көзі ретінде пайдаланып отырмыз. Ал қазіргі таңда жекеменшікке өтіп кеткен көлдің келешек тағдыры ешкімді толғандырып отырған жоқ. Не нәрсенің шегі бар, егер көлдегі балық таусылса, оның тағдыры не болады? Балықтың тұқымын көбейтіп, өсіріп, аялы алақанмен қамқорлық жасау керектігіне мән берілмей келеді. Табиғаттың сыйы шексіз дейміз, алайда, адамзаттан қамқорлық күтетіндігі тағы да шындық. Кейбір мамандар балықтың азаюына табиғаттың құбылысы әсер етеді деген сыңай танытады. Қазақстанның экспортқа балық өнімдерін шығаруы ертеде де болған, қазір де жалғасын табуда. Мәселен, 2008-2009 жылдары экспортқа 37 мың тонна балық өнімі шығарылған. Тұтынушылар Ресей, Германия, Литва сияқты мемлекеттер. Ал өзімізге шетелден көбінесе мұхит балықтары жеткізіледі. Оның көлемі 58 мың тоннаға дейін жетеді. Балық шаруашылығын өркендету үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен жаңа заң қабылданды. Мұның ішінде балық шаруашылығын барынша көтеру, мәдениетін дамыту, балық өсіруге қолайлы жағдай жасау қарастырылып отыр. Тіпті, субсидия бөлу де ойластырылған. Әрине, бағдарлама, заң қабылдағанмен, түпкі шешім қаржыға байланысты. Балықты өсіру, азықтық корегін сатып алу, сонымен қатар, генетикалық аналық таза тұқымдарды асырау – бәрі-бәрі қаржыға келіп тіреледі. Тағы да қайталап айтайық, табиғи мекенінен балық аулаудың күндердің күні азаюы, тіпті таусылуы да мүмкін ғой. Міне, осыдан келіп балық өсіру тәжірибесін барынша кеңейту қажеттігі туындайды. Көрші Қытай мемлекеті балық өнімдерін өндіруде алдына жан салмай келеді. Жылына 42 млн. тонна көлемінде балық өнімдерін өндіреді. Осы өнімнің 62 пайызы қолдан өсірілген жасанды балықтардың өнімі болып табылады. Оны адам басына шаққанда 32-33 келіден келеді. Ал Қазақстанда жалпы өндірген балық өнімі адам басына шаққанда 4 келіден ғана келіп отыр. Ғалымдардың есебінше қазақстандықтарды қанағаттандыру үшін жан басына 14 келі балық өнімі керек. Осы жоспарды орындау үшін жылына 272 мың тоннадай балық аулау қажет. Иә, тек Қазақстан тұрғындарын қанағаттандыру үшін. Әзірше Балқаштың балығы тайдай туламай тұр. Табыс ортақ қазанға түспейді. Бір қызығы, елімізде осы балық өнімін өңдейтін кәсіпорынға балық Ресейден әкелінеді. Әзірге өнім Алматы, Астана, Қостанай, Қарағанды, Ақтау қалаларына жөнелтілуде екен. Ал Балқаш көлінің маңында, солтүстік жағалауда балық өңдеуші кәсіпорын қашан салынады? Ортақ мүддеге қашан қол жеткіземіз? Әрине, өзімізде шетелдерге экспорттайтын балық бар. Шет мемлекеттен Қазақстанға да жеткізіледі. Дей тұрғанмен, Балқаш көлінің тағдырын ойласақ, балық өндірісін мықтап қолға алған жөн. Сондай-ақ, балық өсіруді ғылыми тұрғыда Үкімет қолға алса, тұқымы азайған «теңіз маржандары» көбейе түсер еді. Балқаш көліне балық тұқымын өсіріп жіберу күні бүгінге дейін нақты белгіленген жоқ. Ал көл жағалай балық аулаушылардың, шақырымнан астам тор құрушылардың саны жылдан жылға артып келеді. Табиғи мекеннен балық аулаудың күндердің-күнінде кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан, Балқаш балығын молайтып, оның уылдырық шашуына мүмкіндік жасау, нақты бір қамқорлық көрсету – кезек күттірмейтін жайт.Балық шаруашылығындағы бір кем дүние
Бірде еңбек ардагері Нұрғазы Нұрмұханбетұлына жолыққанбыз. Көл жағасындағы ауданның партия комитетін басқарды, «Балқашбалық» өндірістік бірлестігінде кәсіподақ комитетінің төрағасы болды. – Балық шаруашылығына солақай көзқарастан әлі де арыла алмай келеміз. 2001 жылы қазақ теледидарына арнайы барып, «Бетпе-бетке» қатыстық. Ондағы ойымыз Балқаш көлін сақтап қалуға байланысты өз ұсыныс, пікірімізді өткізу еді. Әр облыс өзіне тартып, көлдің жағалауы, үсті ханталапайға түсіп жатқан-тын. Біз айтамыз, Балқаштың бір ғана иесі болуы керек, ол – мемлекет. Ал Балқаш көлі – Қазақстанның өз меншігі. Оның байлығы бүкіл елге жетеді. Тек қамқорлық керек. Жылына бұрын 10 мың тонна балық ауланатын, өңделетін. Мұнда жылына 16 млн. консерві шығаратын зауыт болды. Қазіргі отандық тауар деп айтып жүргеніміз осы. «Балқашбалық» ӨБ-нің өнімдері бүкіл Мәскеуді асырады, одан қалса шетелге жіберілді. Түбі осы жолға қайтып оралуымыз керек, – деп еңбек ардагері балық шаруашылығы туралы өз ойының шетін шығарған-тын. Ойды ой қозғайды, жекеменшік балық аулайтындар тиісті орындардан арнайы лимит алады. Мәселен, шартты түрде айтсақ, 50 тонна балық аулау керек болса, мүмкін олар 500 тоннаға дейін балық аулайтын шығар. Оны есептеп жатқан ешкім жоқ. Есепсіз кеткен балықтың пайдасы халыққа тимейді. Сондықтан, мемлекет өз қолына алу керек деген пікір осындайдан туындайды. Мәселен, Атырауда қара уылдырық жөнінде мемлекеттік тұрғыда мәселе көтерілді. Балқашта да балық шаруашылығы жөнінде осындай мемлекеттік деңгейде мәселе көтерілсе, құба-құп. Балық шаруашылығынан мемлекетке ешқандай табыс түсіп жатқан жоқ, салық төлемейді. «Балқашбалық» инспекциясының мамандары көлденең кездесіп отырған қиыншылықтардың бар екенін жасырмайды. Балық қорын көбейтуді мемлекет тендерден балық аулауды ұтып алған қожайындарға жүктеп отыр. Әрине, олардың жұмысы, жүктелген міндетті дұрыс атқаруы біркелкі емес. Әсіресе, браконьерлермен күресті барынша күшейткен дұрыс болар еді. Броконьерлердің техникалары мықты, жан-жақты жарақтандырылған. Біздің алдымызды орап кетеді, дейді олар. Балық инспекциясының міндеттері де ауқымды. Олар табиғатқа жаны ашымастармен бетпе-бет кездеседі. Кейінгі кезде Қытайда синтетикалық заттан жасалған ауды құру көбейіп кетті. Кейбір браконьерлер құрған ауды алмайды, сол бетінде тастап кетеді. Құрған торға қаншама балық түсіп, қырылады. Шіриді, көлдің де, балықтың да табиғатын бұзады. Көлдің маңын ластау, күл-қоқысқа айналдыру шектен шықты десе де болады. Сондай-ақ, кеуіп қалған көлшіктерді бір-бірімен жалғастырып, ұсақ балықтарды көлге қосу қолға алынбай отыр. Мелиорациялық жұмыстың тоқтағанына да біраз болды. Кеңес кезінде мелиорациялауға арнайы қаржы бөлінетін. Мұның өзі көлде балықтың азайып кетпеуіне бірден-бір дәнекер. Тағы бір айта кететініміз, балық инспекторларын техника, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету өз мәнінде емес. Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми хатшысы Боранбай Кенжебеков көлге байланысты кейбір мәселелерді алдымызға тартты. – Көлдің деңгейі 2008-2009 жылдары төмен түскен еді. Биыл климатқа байланысты қайта көтерілді. Әжептеуір көтерілді. Бірақ, бұл уақытша ма деп ойлаймыз. Себебі, Қытайда екі плотина тұрғызылды, олар Іле өзенінің бастауында тұр ғой. Құлжаның маңында суармалы егіншілік бар. Қашқарияға қарай су жібереді. Біздің елге іргелес Дружбаға да су жібереді. Демек, Іле суының 40 пайызы қытайлықтардың пайдасында қалады. Осының өзінен келешекте көлдің қандай жағдайда болуы көз алдыңа елестейді. Егер қытайлықтар Ілені бұғаулап, судан таршылық жасаса, көл екіге бөлініп қалуы мүмкін. Жоғарыда айттым, қытайлықтар судың 40 пайызын алып қояды. Қазір Іленің бойымен көлге 11 млрд. текше метр су келіп тұр. Қытайлықтар неғұрлым суды көбірек пайдаланса, Іленің бізге жететін арнасы төмендей береді. Азайған судың орнын толтыратын өзендер бізде жоққа тән. Алатау бөктерінен бастау алатын Шелек, Шарын өзендерінің суы мардымсыз. Қайталап айтайын, қытайлықтар Іледен жылына 4 млрд. текше метр су алуды көздеп отыр. Онда Ілемен 6 млрд. текше метр ғана су келіп, Балқаш көліне құйылады. Ондай жағдайда Қапшағайдың да халі мүшкіл тартады. Іленің де арыны бәсеңдейді, көлдің тұздылығы көбейеді, балықтың корегі азаяды. Бұрын Талдықорған өңіріндегі Текеліде қорғасын өндірілген. Қазір де сол өзен арқылы қалдық шлактар көлге түседі екен. Әсіресе, жауынды-шашынды күндері көрініс беріп қалады. Оның өзі де көлдің табиғи қалпын сақтауға кері әсер ететіні сөзсіз. «Балқаштүстімет» ӨБ 1995 жылдан бері өндірісте пайдаланған суды көлге жібермейді. Бертіс бұғазының түбі тазарып келеді. Институт ғалымдары көл түбіне шөккен руданың қалдықтарын зерттеді. Олардың топшылауынша, бұл қалдықтардың суға аса зияны жоқ. Газбен қосылып ұшқан кейбір зиянды қалдықтарды көл суы бойына сіңіре бермейді, ұшып кетеді. Әрине, ауаға тараған соң зияны болады. Балқаш көлінің тумасы Қордахан Түсіпбеков көл тағдырына алаңдайтындығын білдірді. – Мен көлдің өз тумасымын. Ақөлеңнің құм жағалауында балықпен ойнап өстік. Қасиетті көкше теңіз ашаршылық жылдары халықтың күнкөрісі болған, талай тағдырға араша түсті. Кезінде ата-бабаларымыз үкіметтің берген жоспарын орындаймыз деп бүкіл ғұмырын көл үстінде өткізді. Бүгінгі күнге ең өзекті мәселе, балық шаруашылығының Ауыл шаруашылығы министрлігінің қол астына кетуі. Еш уақытта балық пен қозыны салыстыруға болмайды ғой. Не болмаса балық пен бидайды салыстыруға келмейді. Балық табиғи өсім, ұрық шашуы, қыста, жазда ыңғайына қарай судың әр жерін мекендеуі, тереңге кетуі, саязға шығуы – бәрі-бәрі табиғи құбылыс. Қазақстанда шамалы өзен-көлдер бар. Табиғатты қорғау, өзен-көлді қорғау, сол қалпында ұстап қалу, табиғи қалпын бұзбау оңай шаруа емес. Сондықтан, балық шаруашылығы өз алдына жеке бір министрлік құруды қажет етіп тұрған сияқты. Балық шаруашылығының ірі өндіріс орындарын меншіктеудің реті жоқ. Мына Шашубай қонысында ірі балық өнімдерін өндіретін кәсіпорын болды. Ал осындай кәсіпорындарды меншіктеу дұрыс болмағанын қазір уақыт көрсетіп отыр. Балықшылар қонысы ертеде балықшылар үшін салынған. Бұл күнде балықшылар қонысын балықшылардан бөліп әкеттік. Қоныс ауыл шаруашылығынан ешқандай пайда көріп отырған жоқ. Егер де балық өнеркәсібі мемлекеттің қарамағында болып, ортақ табыс халық игілігіне жарап жатса, ұтарымыз көп. Кезінде осы балық өндірісінде тоңазытылған балық сонау Мәскеуге дейін жіберілді. Соның өзінде халықтың жағдайы жаман болған жоқ. Қаншама техника сатып алынды, балықшылар үшін арнайы үй, қысқы мекен-жай салынды. Бүгінгі күні жекеменшік қожайындар балық өнімдерін сыртқа жіберуде. Оның рахатын балықшылар көрмейді, халық күн көру үшін көлден балық аулайды, оның заңсыз жағы да бар.Туризм саласындағы бір кем дүние
Балқаш көлінің маңын туристік өлкеге айналдыру жөнінде біраздан бері әңгіме қозғалып келеді. Қазір де шетелден дем алушылар келіп, жаз айында көлдің рахатын көреді. Балқашқа арнайы іссапармен келген Елбасы Н.Ә.Назарбаев шетелге барудың қажеті қанша, мынандай табиғаттың өз сыйы – Балқаштың айна көлі тұрғанда деп тиісті орындарға тапсырма берген-тін. Осындайда еске түседі, табиғат жанашыры Мэлс Елеусізов Балқашқа жиі келеді. Мәкең әлі де көлдің жағдайы мүшкіл екенін айтады. Балқаш Аралдың кебін кимеуі керек дейді. Ауыр металдар көлге түседі, тұрғындар шомылады, әртүрлі аурулар тарайды. – Алматының маңында қалдық су жиналатын (тұрмыста пайдаланған) Сорбұлақ көлі бар. Сонау жылы Жаманқұм көлі ернеуін бұзып, далаға жайылды. Екі көпір істен шықты, отар-отар қой кетті. Егер де қолдан жасалған Қапшағай көлі болмағанда Балқашқа да құяр еді. Әр жағын ойлаудың өзі қиын. Сорбұлаққа жан бітсе, Күрті, Балқаш аудандары халқы түгелдей сел астында қалады. Есеп бойынша 50 мың адам сел құрбаны болады. Қазір Сорбұлақ көлі ернеуіне келіп, шөпілдеп тұр. Оның суын ептеп-ептеп далаға жайып, қызыл мия өсіруге болады, ағаш егуге болады. Сорбұлақтың маңында өскен шөпті малға емес, қоянға беру керек. Жыртқыш аңдарды асырап, солардың терісін пайдаланып, шетелге валютаға өткізсек, маңдайымызға тар келе ме? Айтпақшы, Қызыл мия тамыры шетелде алтынмен пара-пар. Балқаш көлін сақтап қалудың бір саласы осында жатыр, – деп еді Мэлс ағамыз. Көл мәселесі төңірегінде сұрағымызды Нұрғазы Нұрмұханбетұлына қойғанбыз. – Менің ойымша, жеке меншікке берілген көлдің жағалауы, көлдің үсті түгелдей мемлекетке қайтарылуы керек. Кезінде талапайға түскен ірі ғимараттарды, балабақшаларды қайтарып жатқан жоқ па. Сол секілді халықтың қазынасын өзіне қайтарып беру керек. Көлдің үстін бөліп-бөліп алды, ойларына не келеді, соны жасап жатыр. Туризм өлкесіне қалай айналдырамыз? Жағалау әркімнің меншігінде. Жүргізіліп жатқан құрылысқа бақылау жоқ. Ал мемлекеттік тұрғыдан ойластырсақ, туризм жүйесін Үкімет өз қолына алуы керек, сонда халықтың қазынасына қаржы түседі, бюджет молығады. Балықшы кәсіпкерлер салық төлейді дейді ғой, ол түк емес, көптеген мемлекеттер туризмнің арқасында бюджетті қампайтып отыр емес пе. Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының хатшысы Боранбай Кенжебеков те туризм жөнінде өз ойымен бөліскен-тін. – Балқаш көлі жағалауында туризмді дамытуда мардымды ештеңе қолға алынған жоқ. Мына Ақжайдақ жағалауын тілге тиек етіп жүргендер бар. Құптаймыз, туризмге сұранып-ақ тұр. Бірақ, ауыз су мәселесі қалай шешіледі. Жолы да қиын. Электр желісін тарту керек. Туристерді жағалауға жеткізу үшін қазіргі заманның жайлы ұшқыр техникалары керек. Соның негізін дәл бүгіннен бастап қолға алмасақ, ертең кешігеміз. – Туризм мәселесі бойынша біздің тарапымыздан мәселе қарастырылып жатыр, – деді Шашубай қонысының тұрғыны, мемлекеттік қызметтің ардагері Әміртай Жұманбаев. – Бұрынғы алтын өндірушілердің емдеу-сауықтыру орны болған. Сол емдеу сауықтыру, демалу орнын қарағандылық іскер жігіттер сатып алды. Түпкі мақсаты көл жағасында демалу, сауықтыру туризмін жасау. Қазірдің өзінде жөндеу жұмыстарын қолға алды. Келесі жылы қонақтарды қабылдай бастайды. Алтын өндірушілердің маңында ертеде саяжайлар болған. Қарағандының бір фирмасы осы жерді сатып алып, спорттық дем алу кешенін салуға уәде беріп отыр. Тек дем алу емес, туристік саяхат жасауға да бетбұрыс жасаған жөн. Сән-салтанаты жарасқан кемелер кезекпен саяхатшыларды көл үстінде қыдыртса, осы маңның шежіресімен таныстырса, кеменің ішінде мәдени шаралар жүргізілсе, жарасымды емес пе. Дүние жүзінде сирек кездесетін ғажайып Тораңғы тоғайын аралатып, көрсетудің өзі неге тұрады. Ертеде «Балқаштүстімет» ӨБ-нің көл үстіне саяхат жасайтын арнайы кемесі болды. Бір-екі сағаттың ішінде көлдің үстін айналып, тұрғындарды шаттыққа бөлейтін. Көлдің тарихымен таныстыру, ерекшелігін елге жеткізу, келгендерге тамсана майын тамызып айтып беру, бәрі-бәрі туризмнің еншісіне жатады. Қазір бұрынғыдай Пионер лагері жоқ, сондықтан балалардың дем алу, сауықтыру орындарын ашу ешқандай кезек күттірмейді деп ойлаймын. Ертедегі Тораңғылықтағы «Тұлпар» демалыс орны оқушыларды қабылдап, тынықтырған-тын. Менің ойымша, туристік өлке қысқа да бейімделуі керек. Қыс айында аңға шығу, шаңғы тебу, мұз ойықтан балық аулау, мұның өзі бір ғанибет. Жылдың төрт мезгілінде де туризм аймағы келушілерді қабылдап, қайнап жатуы керек. Еңбек ардагері өз пікірін осылайша жеткізді.Экология саласындағы бір кем дүние
Балқаш аймағының экологиясы күкірт қышқылы цехы іске қосылғаннан бері біраз жақсарды. Күкірт қышқылы цехының газды толық пайдалануы металлургия өндірісінің қалыпты жұмыс жасауының бірден-бір көрінісі. Балқаш көлі стансасының «Қазгидромет» кешенді лабораториясы қаланың төрт бақылау орнында атмосфералық ауа тазалығының мониторингісін жүргізуде. Демек, қоршаған ортаны қорғау гидромет лабораториясының мәліметі бойынша атмосфералық ауа сапасы жақсарып келе жатқанға ұқсайды. Диоксид күкіртінің шамадан тыс жіберілуі азайды. Алайда, жүйелі жүргізіліп отырған сараптама экология саласында да бір кем дүниенің бар екенін айғақтайды. Тексеру барысында орынсыз шығарындылар кездескені анықталды. Мемлекеттік экологиялық талаптарын орындамау, қоршаған ортаны ластау көздерін тізімдеу жобасы жүзеге асырылмаған, қолға алынбаған. Көпшілік жағдайда өндіріс процесіне мониторинг өткізілмейді. Шаң тазарту тұтқыштары пайдаланылмайды. Өндіріс қалдықтарын рұқсатсыз өртеу жиі кездеседі. Атмосфералық ауаны қорғауда экологиялық талаптар жиі бұзылып отыр. Әрине, мұның көлге де тікелей әсері бар. Енді бір сәт «Қазгидромет» қоршаған ортаны қорғау лабораториясының мониторингіне жүгінейік. Бір кезде Балқаш көлінің Бертіс шығанағындағы құбыр жүйесінің істен шығуына байланысты шаруашылық-тұрмыстық сулар төгінділері жіберілген. Қала кәсіпорындары арасында Балқаш жылу электр орталығы ғана көлге төгінді құяды. Бетондалған лотоктың тозуына байланысты жағалауды су басып кетуде. Жер асты суларын бақылау ұңғымалары орнатылған, бірақ жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Көлдің Тораңғылық жағасында ірі қалдық сақтауыш орналасқан. Ол 1953 жылдан бері жұмыс жасайды. Бұл қалдық сақтауышқа өндіріс ағындылары жіберіледі. Тоғандардағы, құрғатқыш каналдардағы, бақылау ұңғымаларындағы судың сапалық құрамына сынама жасағанда қоршаған ортаға зиянды ауыр металдардың иондары анықталған. Су ресурстарын қорғау жүйесінде экологиялық заңдылықтарды, оның ішінде, ауа қышқылдануын тексеретін автоматикалық құралдың жұмыс жасамауынан заңсыздыққа жол берілген. Осының бәрі айналып келгенде Балқаш көлі экологиясына, қоршаған ортаны қорғауға барынша назар аударуды қажет етеді. Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Қарағанды облысы.