Сегізінші шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясы жемісті де мазмұнды жұмыс атқарып, көпшілік көптен күткен бірқатар заң қабылдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған, қоғамға ашықтық пен жариялылық лебін ала келген Әділетті Қазақстан құру жолында бұл заңдардың атқаратын қызметі мен арқалайтын жүгі мол.
Парламент Сенаты Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформаларды және Жолдауда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында, Ұлттық құрылтайда жүктелген міндеттерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында нәтижелі жұмыс істеді. Бұған осы бір сессияның өзінде 102 заңның қабылдануы дәлел. «Олардың үштен біріне депутаттық корпус бастамашы болды. Азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ететін «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданды. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге арналған заңнама қатаңдатылып, лудоманиямен күрес шаралары қолға алынды. Алғаш рет «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» арнайы заң қабылданды. Денсаулық сақтау жүйесіндегі бірқатар өзекті мәселелерді шешуге, саланы одан әрі жетілдіруге арналған заңдарға да маңызды түзетулер енгізілді. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау мақсатымен «Масс-медиа туралы» заң қабылданды», деп атап өтті Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Бұдан бөлек, өткен сессия барысында Палатада 4 Үкімет сағаты, комитеттердің 50-ге жуық көшпелі отырысы, 100-ден астам дөңгелек үстел мен кездесу өткізгенін айта кету керек. Сонымен қатар сенаторлар 200-ге жуық депутаттық сауал жолдап, өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Аталған іс-шараларда қабылданған ұсынымдар жұмысқа алынып, Үкіметке және жауапты мемлекеттік органдарға жолданды.
Президенттің Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты директорының орынбасары Берік Бекжанов бұрын заң жобалары көбіне Үкімет тарапынан келетін болса, кейінгі жылдары Парламент депутаттары да жиі бастамашы болып жүргенін айтып, мұның жақсылықтың нышаны екенін айтқан еді.
«Заң жобаларына бастамашылық жасау құқығы Президентке, Үкіметке және Парламентке берілген. Дәл қазіргі жағдайда Парламент депутаттары өздерінің осы құқығын өте белсенді пайдаланып жүр», деді ол.
Сонымен сегізінші шақырылымдағы Парламенттің кезекті сессиясының басталуына да санаулы күндер қалды. Бұл науқаннан не күтеміз? Сенат қоржынында қабылданбаған қандай заң жобалары қалды? Екінші сессияда Сенат 107 заң жобасын қарап, оның 102-сін қабылдаған. Қазіргі таңда Палата қоржынында 5 заң жобасы жатыр. Таяуда басталатын үшінші сессия жұмысы осы заң жобаларын қараудан басталуға тиіс. Оның бірі – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы.
Екіншісі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Бұл – кейінгі уақытта көпті алаңдатқан мәселе. Қала көшелерінде көбейіп кеткен жаңа жол қатысушылары – мопедтер жолаушылар қауіпсіздігінің кемшін тұстарын айқындап берді. Бұл заң жобасында кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, атап айтқанда Қылмыстық кодекстің 3-бабындағы «мотоциклдер» деген сөзден кейін «мопедтер» деген сөзді қосу қарастырылған. 1-баптың 41-тармақшасында «Мопедтерге мокиктер, скутерлер және осыған ұқсас сипаттамалары бар басқа да механикалық көлік құралдары теңестіріледі» деген толықтыру көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, Сенат қоржынында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары жатыр.
Сонымен қатар өткен сессияда Сенат қарауына келіп түскен заң жобаларының ішінен 9 құжат Мәжіліске кері қайтарылғанын атап өту керек. Олардың ішінде кейбір заңнамалық актілерге несие беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері қарастырылған заң жобасы да бар. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау, бизнес жүргізу, жер қойнауын пайдалану және экология, Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелеріне қатысты заң жобалары да қайтадан екі палатада қаралмақ.
Мәселен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарау кезінде сенаторлар құжаттың кейбір баптарын мақұлдамай, олардың жаңа редакциясын ұсына отырып, Мәжіліске қайтарған болатын. Несие беру де, жоғарыда айтылған өзге мәселелер де – қазіргі қоғам өмірінде күн тәртібінен түспей тұрған түйткілдер. Олардың оңтайлы шешімін табу қоғам мойнында тұрған ауыр жүкті түсіріп, халық өміріне өз жеңілдігін алып келер еді. Мұның бәрі Сенат пен Мәжілістің үшінші сессиядағы жұмысы қызу әрі маңызды болатынын білдіріп тұр. Бұдан өзге, қос палатаның депутаттары жаз мезгілінде еліміздің барлық аймағында сайлаушылармен кездесіп, жергілікті жердің проблемаларын көзбен көріп қайтқаны белгілі. Мұның нәтижесі Сенатта айтылып, жүгі мол депутаттық сауалдардың жолдануына, халық күткен мәселелердің шешімін табуына септігін тигізеді деп үміттенеміз.