Жақында eGov.kz порталында «Білім» деп аталатын жаңа бөлім енгізілген еді. Осы арқылы мектеп бітірушілеріне негізі және орта білім туралы аттестатын онлайн алуға болатын мүмкіндік ашылды. Енді аталған бөлімге тағы бір жаңа қызмет қосылды. Бұдан былай ата-аналар мен заңды өкілдер баланы бір мектептен екінші мектепке ауыстыруды үйден шықпай-ақ eGov.kz порталында жүзеге асыра алады.
Оқу-ағарту министрлігі хабарлағандай, елімізде балаларды мектептер арасында ауыстыру бойынша мемлекеттік қызмет автоматтандырылды. Осыған орай eGov.kz порталындағы «Білім» бөлімінде тұрғылықты жері бойынша немесе одан тыс жерлерде көрсетілген кез келген білім ұйымын таңдау мүмкіндігі беріледі.
Жаңа үдеріс есептен шығару және бекіту талондарын, сондай-ақ жеке іс құжаттарын тапсыруды қажет етпейді. Мектеп таңдаған кезде оқу тілі де көрсетіледі. Сондай-ақ өтініш берушінің өтінімді қайтарып алуға мүмкіндігі бар.
Бұл мемлекеттік қызметті алу үшін алдымен eGov.kz порталында тіркеліп, «Білім» бөліміне өту керек. Содан соң «Орта білім» бөлімінде «Балаларды мектептен мектепке ауыстыру үшін құжаттарды қабылдау» мемлекеттік қызметін таңдап, қажетті жолдарды толтыру және электронды цифрлық қолтаңба көмегімен өтінішке қол қою қажет. Қызмет нәтижесімен «Жеке кабинетте» танысуға болады.
Жаңа мемлекеттік қызмет түрін Оқу-ағарту министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» акционерлік қоғамы және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы бірлесіп әзірледі.