ERG құрамындағы «Соколов-Сарыбай» тау-кен байыту өндірістік бірлестігі Шахтер күні мерекесі мен кәсіпорынның 70 жылдығын атап өтті. Салтанатты іс-шарада ССКӨБ және Қашар кенішінің 300-ден аса қызметкері мемлекеттік және салалық наградалармен марапатталды.
Мерекелік жиынға ардагер кеншілер, қала тұрғындары, ERG директорлары кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов, ERG-дың Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажанов, облыс әкімі Құмар Ақсақалов, қала әкімі Виктор Ионенко қатысты.
«Кен байыту – еліміздің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін табысты саланың бірі. ССКӨБ жетпісжылдық кезең ішінде түрлі кедергілер мен қиындықтарды еңсере отырып, дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінде біздің кәсіпорын Қазақстан өнеркәсібінің маңызды бір тармағын құрайды деп мақтанышпен айта аламыз. Дегенмен алда жоспар көп. Қазіргі таңда өзіміздің жаңа даму стратегиямызды әзірлеп жатырмыз. Ең басты мақсат – жаңару, толықтай заманауи технологияларға көшу, осылайша еңбек қауіпсіздігі мен өнім тиімділігін арттыру. Мәселен, алдағы онжылдық ішінде біз кен байытудың тың технологиясына көшіп, жаңа кәсіпорын салуды жоспарлап отырмыз», деді Ш.Ибрагимов.
Мерекелік іс-шарада ССКӨБ-тің 70 жыл ішінде атқарған жұмысы қорытындыланып, алдағы мақсат-міндеті туралы айтылды. Бір адамның бүтін ғұмырына татырлық тұтас кезең ішінде алпауыт кәсіпорын 745 млн тоннаға жуық концентрат, 395 млн тонна шекемтас өндіріпті. Тәуелсіздік жылдары өндіріс үдерісінде озық технологияның үлесі артып, өнімнің жаңа түрі – құрамындағы темір мөлшері жоғары BF-шекемтастар әзірленді. Ол темір кені концентратынан алынады. Кәсіпорын бүгінге дейін шамамен 150 мың тонна BF-шекемтас өндірген. Құрамында 65,5-66%-ға дейін темір бар сапалы өнімнің бәрі Қазақстан аумағында сатылған.
«Бұл – енді алғашқы тәжірибе. Келешекте ыстықтай брикеттелген темір зауытын ашу жоспарда бар. Жаңа зауыт іске қосылса, жоғары сапалы шекемтастар мен концентрат алу ұлғаяды. Бұл – ССКӨБ-тің үлкен жобасы. Бүгінде жобалық құжаттамалар әзірленіп жатыр. Темір кені дивизионы ұзақмерзімді даму стратегиясын кезең-кезеңімен тиімді іске асырып жатыр. Мәселен, Қашар кені алаңында өнеркәсіптік автопарк толық жаңартылып болды. 220 тонналық 42 «Hitachi» ауыр жүк көлігі және шөмішімен бірден 30 текше метрге дейін кен көтере алатын алты экскаватор сатып алынды. Биыл 15,5 миллион тонна кен өндіруді жоспарлап қойдық. Келесі жылы бұдан бір миллионға артық өнім алуды көздеп отырмыз», дейді ERG-дың Қазақстандағы бас директоры С.Шахажанов.
Салтанатты іс-шара барысында талай жылдан бері кен өндіру саласында табанды еңбек етіп келе жатқан он шақты кеншіге «JAC JS6» автокөліктерінің кілті табысталды. Қостанайда құрастырылған су жаңа темір тұлпарға ие болған кеншінің бірі – 44 жыл осы салада роторлы экскаватор машинисі болып жұмыс істеп келе жатқан озат кенші Александр Помелов.
«Мұндай қымбат сыйлық аларымды бүгін ғана естідім. Қуанышымда шек жоқ. Саналы ғұмырымның бәрін осы салаға арнап, осы кәсіпорынмен бірге көп нәрсені бастан өткердім. Осы сәтті пайдаланып, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына бүкіл кеншілердің атынан алғыс айтқым келеді. Кейінгі жылдары біз сияқты ауыр өндірісте, қауіпті әрі зиянды еңбекте жүргендерге мемлекет қамқорлығын күшейтті. Мысалы, биыл Президенттің пәрменімен бірталай заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, біздің зейнет демалысына ерте шығуымызға жол ашылды. Осының нәтижесінде бірталай жылдан бері бірге жұмыс істеп келе жатқан аға буын әріптестеріміздің біразы зейнетке шығып кетті. Біразы қауіпсіз, жеңіл жұмысқа ауысып, осы кәсіпорында еңбек жолын жалғастырып жатыр», дейді тәжірибелі кенші.
Салтанатты жиында құрмет көрсетілген кеншінің бірі – 14 жылдық еңбек өтілі бар «Соколовская» шахтасының ұңғышысы Ербол Найзаев.
«Басты құралымыз – перфератор-балға. Жер астын үңгу қауіпті әрі өте ауыр жұмыс. Қас қағым сәтте қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан біздің жұмысқа тек мықты жігіттер ғана шыдай алады. Бұрын спортпен айналыстым. 260 метр тереңдікте жұмыс істейміз. 7-8 сағат бойы шахтада боламыз. Бригадада 6 адам бар. Жер астына дұғамызды айтып түсеміз. Түсетін кезде арнайы дәрігерлік тексерістен өтеміз. Жұмыс аяқталып, сыртқа шығатын кезде «Аллаға шүкір!» деп шығамыз. Бір ауысымда бір метр алға жылжимыз. Жер астында жұмыс ауыр болғанмен, уақыт тез өтеді. Кейде ауа қысымы жоғарылап, демалу қиынға түседі. Соның бәріне шыдау керек. Аяқ астынан қауіп төнуі мүмкін. Төбеміздегі үлкен тас құлап кетіп, ажалдан аман қалған кезім де болды. Дәл алдыма келіп түсті. Тас құлап келе жатқанда жарты қадам алға бассам, астында қалады екенмін. Сыртқа шыққан соң, бас инженеріміз бүгін сенің екінші рет өмірге келген күнің деп әзілдегені есімде. Келіншегім, үш балам бар. Үлкені алты жаста. Жұмыстан сәл кешіксең олар да алаңдап, қорқып отырады. Дегенмен, шүкір, кәсібім өзіме ұнайды. Жалақымыз да жақсы. Мемлекет, өзіміздің кәсіпорын үнемі қолдау көрсетіп отырады. Биылдан бастап 55 жасқа толған азаматтар зейнет демалысына шығып жатыр. Зейнетақылары да көңілге қонады. Жалпы, кейінгі кездері кеншілердің әлеуметтік жағдайы жақсарып, ерекше мәртебеге ие болып жатқаны қуантады», дейді Ербол.
Зиянды өндірісте жұмыс істейтіндер үшін зейнет жасын 55 жасқа дейін төмендету туралы заң осы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгені белгілі. Соның нәтижесінде бүгінде 9 мыңнан аса адам арнайы әлеуметтік төлем алып отыр. Ербол Найзаев рудныйлық кеншілер де осы заңның игілігін көріп жатқанын меңзеп отыр.
Бүгінде ССКӨБ Рудный қаласы мен жалпы өңірдің әлеуметтік өміріне де белсене атсалысып, бірталай игі жобаларды іске асырып жатқанын айта кеткен жөн. Мысалы, биыл рудныйлық балалар үшін роботтехника кабинеті жасақталды. Кәсіпорын өткен жылы қала мектептерінің бәріне интерактивті панель тарту етті. Сондай-ақ Рудныйда 1 200 орындық мектеп салынып жатыр.
Кәсіпорын бірталай жылдан бері «Tugan qala» жобасын жүзеге асырып келеді. Жоба аясында жергілікті тұрғындардың қаланы көркейтуге бағытталған көптеген бастамасы қолдау тапты. Мысалы, кейінгі төрт жылдың ішінде Рудный, Қашар және Октябрь кенттерінде тұрғындардың өздері ұсынған 39 нысан салынды. 2024 жылдың соңына дейін тағы 14 жоба іске асырылады.
Қостанай облысы,
Рудный қаласы