• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Қаңтар, 2015

Кедергі жасайтын емес, қолдау көрсететін кез

310 рет
көрсетілді

Елімізде ішкі туризм саласы­ның әлі де жолға қойылмай келе жатқаны аз айтылып жүрген жоқ. Соның әсері ме екен, кім білсін, инфрақұрылымдық жобалар қолға алына бастағаны көңіл қуантады. Алайда, жаңа бастамаларға экологияны алға тартып, қарсылық көрсететіндер де жоқ емес. Әсіресе, ол «Көк-Жайлау» курортын салуға қатыс­ты мәселеде анық көрінді. Қайбір күні «Көк-Жайлау» курортына қатысты өткен  жи­на­лысқа 200-ге тарта адам қатысса, соның біразы өз­дерінің келіспейтіндіктерін біл­дір­ген. Әрине, басты себеп эко­логиялық мәселелерге келіп тіреледі. Елі­мізде бірден-бір арзан электр қуатын алуға болатын атом электр стансасын салуға қатысты мәсе­лені талқылағанда да осындай қарсылықтар орын алған болатын. Мұнда да мәселе экологияға апарып тірел­ген-тін. Мұның барлығы ел халқының игілігі үшін жасалып жатқандығын ескерсек, мәселені тек экологиямен ғана байланыстырып қоюымыз орынсыз, әрине. Мәселен, Оңтүстік Корея тарабы мемлекет қаржысына тау шаңғысы базасын салып, артынан оны жекеге беруге болатынын мәлімдеген-тін. Мұның ел халқы үшін де пайдалы жағы көп екеніне күмән жоқ. Сол сияқты елімізде демалыс орындарын көптеп салып, оларды басқаруды жекеге өткізіп жатсақ, нұр үстіне нұр емес пе?! Олай болса, неге біз курорт саламыз дегендердің алдын кес-кестеуіміз керек?.. Сол «Көк-Жайлау» курортына ені 7 метр, ал ұзындығы 6023 метрді құрайтын жол салынарын ескерсек, бұл демалушылар үшін өте ыңғайлы болатыны анық еді ғой. Жолдарының сапасы жөнінен Қазақстан әлемде 117-орында екенін ескерсек, әрине, бізге заман талабына жауап беретіндей жолдар ауадай қажет. Былтыр таратылған мәліметтерге қарағанда, туризм саласында жыл сайын Қазақстаннан өзге елдердің экономикасына 400 миллион доллар кетіп жатыр. Ал жалпы туризм үлесі әлемдік ІЖӨ-нің 9,4 пайызын құраса, 2012 жылы осы саладан түскен пайда 1,075 миллиард долларға жетіпті. Өкініштісі сол, елімізде туризмнің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 0,3 пайыз ғана болса, мемлекет қолдауымен оны 2020 жылы ІЖӨ-нің 3 пайызына жеткізу көзделіп отыр. Негізінен, Қазақстан үшін туристер ТМД елдерінен, Қытайдан, Таяу Шығыс пен Үндістаннан келеді деген үміт басым. Сондай-ақ, Қазақстан өз тарапынан инвестиция салған елдер азаматтарына визалық және миграциялық режімді жеңілдетуге күш салғаны жөн-ақ. Сарапшылар ЭКСПО-2017 көрмесіне 2 миллионға тарта адамның келетінін айтса, соның 300 мыңын шетелдіктер құрайды деген болжам жасап отыр. Қорыта айтқанда, еліміз үшін ішкі туризмді дамыту маңызды міндеттердің біріне айналуы тиіс. Азаматтарымыздың саламатты өмір салтын ұстануда туризмнің атқарар міндеті орасан екенін ескерсек, онда қолдан кедергі жасауды тоқтататын кез жеткені анық. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».