Алатаудың етегіндегі Шымбұлақ ауылында орналасқан Қазақ тағамтану академиясына қарасты «Амиран» сүт зауытының жұмыс істеп келе жатқанына 15 жылға жуықтады. Алты айлық сәбиден бастап, егде жастағы тұтынушыларға арнап сүт өнімдерін шығаратын өндіріс ошағының жұмысы мажар технологиясына негізделген. Осы уақыт аралығында «Амиран» сүт зауытының өнімдеріне сұраныс артпаса, кеміген емес. Басты себебі – өнімдерінің еш қоспасыз әзірленетін табиғи тазалығында.
«Біздің өнеркәсіпке қажет шикізат, яғни күнделікті құйылатын 16 тонна сүт сырттан келмейді. Талғар ауданы Нұра ауылдық округінің аумағында «Амиранның» шаруашылығы жұмыс істейді. Балаларға арналған сүт тағамдарын әзірлейтін болғандықтан, өнеркәсіптің барлық жұмыс айналымы қатаң қадағаланады. Яғни сауын сиырлардың қора-жайы мен күтімі, мал азығы түгел бақылауда. Бастапқы жылдары сүт сырттан жиналып, өңделетін. Уақыт өте келе сапаның 100 пайыз сақталуын ескеріп, компания өз шаруашылығын ашуға бел буды. Осы мақсатта Канададан алынған сүтті бағыттағы асыл тұқымды голштин-фриз тұқымдас 800 бас сиырдың саны бүгінгі күні 1 200-ге жетті. Фермадағы сиырлар тәулігіне 3 рет сауылып, 16 тонна сүт қабылданады. Маусымдық кезеңге қарай сүттің майлылығы өзгеріп отырады. Айталық, жаз айларында сүт көлемі көбейгенмен, майлылығы кемиді. Ал қыс айларында керісінше, сүт азайғанмен, құнарлылығы артады», дейді зауыттың өндірістік меңгерушісі Асқар Түкешов.
Бірегей сүт зауытында табиғи йогурт, балалар йогурты, 2,5 және 3,2 пайыздық табиғи сүт пен айран, сары май, балалар сүті, қаймақ, «Лакто Ас» сарысу сусыны, сүзбе пастасы, балалар сүтқышқыл өнімі, табиғи қатық, сүзбе сынды 12 түрлі өнім шығарылып, Алматы қаласы мен Талғардағы ірі сауда желілерінің сөрелеріне жөнелтіледі.
«Ауылда өстік, бала кезден табиғи дәмнің қандай болатынын жақсы білеміз. Қазір дүкен сөрелерін шетелдік тауарлар басып қалған. Оның құрамында не бар екенін біле бермейміз. Сол себепті немерелерімнің денсаулығын ойлап, сауда орталығынан «Амиранның» сүтін үзбей алып отырамыз. Ішіп көрсеңіз, ауылдың дәмі, табиғи сүт екеніне еш күмән келтірмейсіз», деп ағынан жарылды тұтынушы Жәмилә Орынбасарова.
Табиғи сүт, сүзбе түрлерінің сақталу мерзімі 3 күннен аспайды. Табиғи йогурт, айран 5 күнге, қаймақ түрлері мен сарысу 10 күнге дейін сақталады, ал таңдайға татымды сары май 2 ай мерзімге жарамды. Сондықтан сүт зауытының өнімдері балалардан бастап барлық жастағы тұтынушылар үшін таптырмас экологиялық таза, табиғи өнім десек асыра айтқандық емес. Сүт зауытында арнайы зертхана жұмыс істейді. Онда күнделікті сүт пен одан алынатын тауардың құрамы тексеріліп тұрады.
Кәсіпорын қалдықсыз өнім шығаруға машықтанып келеді. Оған мысал – сүттен қалған сарысу да тұтынушы ағзасына пайдалы сусын ретінде қайта өңделеді.
«Сүт өнімдерінің қатарын «Лакто Ас» сусыны толықтырды. Ашытқыны ғалымдар ғылыми-өндірістік орталықта жасаса, сусын осы зауытта өндіріледі. Жобаға биология ғылымдарының кандидаты Байкен Баймаханов жетекшілік етеді. Ғалымның сөзіне сүйенсек, сүт сарысуы ең пайдалы элементтерге өте бай», деген Асқар Таласбайұлы ғылым мен өндірісті ұштастырудың тиімділігі артып отырғанын айтады.
Санға емес, сапаға жұмыс істейтін зауыт толықтай автоматтандырылған. Сүтті үйдегідей ұйытып, өңдейтін өндіріс орнында бұл күнде 70 адам тұрақты жұмыс істейді. Дені – Талғар ауданының тұрғындары. Жұмыскерлердің еңбекақысы уақтылы беріліп, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде, еңбек өнімділігі жоғары.
Біраз жыл бұрын «Амиран» сүт зауыты ауданның біраз мектебімен келісімшарт жасасып, жұмыс істеген. Осы үрдісті жаңғыртып, мектеп оқушыларын табиғи сүтпен қамтамасыз ету бойынша жаңа жобалар қарастырылып жатыр екен. Себебі балалар тұтынатын сүт тағамдарының табиғи тазалығы айрықша маңызға ие екенін естен шығармаған абзал.
Кәсіпорын жетекшілерінің басты қағидасы – жаңа сауылған сиыр сүті мен одан алынатын өнімдерді еш қоспасыз табиғи, балғын қалпында тұтынушы дастарқанына жеткізу. Осы бағытта ізденістерін арттырып, істерін ілгерілетіп келеді.
Алматы облысы