• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 26 Тамыз, 2024

Әліппемен бірге шахмат әліпбиін үйренеді

35 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде шахматты дамытудың 2027 жылға дейінгі кешенді жоспары жүзеге асып жатыр. Оның бір бағыты – шахматты мектеп бағдарламасына вариативті пән ретінде енгізу. Былтыр қанатқақты жоба ретінде еліміздің жеті өңіріндегі 42 мектептің оқушылары шахматты меңгере бастаған.

Ал қазір 750-ден астам мектеп­тің бас­шы­лығы шахматты оқу бағ­дарламасына енгізуге дайын екенін жеткізген. Бірден айтайық, пән ретінде емес. Қазір білім жүйесінде қолданылып жүрген вари­а­тивті компонент деген термин бұрынғы факультативті сабақ деген ұғымды біл­діреді. Яғни таң­ғы ауысымда оқитын оқушы түстен кейін мектепке барып шахмат үйірмесіне қатыса алады деген сөз.

Жоба шеңберінде 1–4 сы­ныптар­­ға арналған «Шахмат негіз­дері» оқу бағ­дарламасы әзір­ле­ніп, бекітілген. Оқу бағ­дарламасы шеңберінде шахматты бас­тауыш сынып педагогтері үйретеді. Бұл туралы Астанада өткен «Білім берудегі шахмат» халықаралық кон­ференциясы барысында айтылды.

Аталған іс-шараны Оқу-ағарту ми­нистрлігі, Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), «Freedom Holding Corp» бас әріптестігімен KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырды. Кон­­ференцияда АҚШ, Еуропа, Азия және ­ТМД елдерінің ха­лық­аралық сарапшы­ла­ры, сон­дай-ақ елі­міздің білім жүйесін­де еңбек­теніп жүрген 200-ден астам педа­гог бас қосты. Екі күндік па­нель­дік пікірта­лас барысында ха­­лық­аралық және отандық сарап­шы­лар цифрлан­дыру және жасанды интел­лект қар­қынымен дамып жат­қан зият­керлік ойынның адам дағды­сы­ның дамуына тигізетін әсерін талқылады.

«Бүгінде Қазақстан шахмат федерациясы осы зияткерлік ойын­ды білім саласына енгізу үде­рісінің негізі болып отыр. Оқу-ағар­ту министрлігімен және жер­гі­лікті атқарушы органдармен бір­­лесіп, былтыр қанатқақты жоба ре­­тінде еліміздің жеті өңіріндегі 42 мек­тептің 1000-ға жуық оқушысы шах­матты меңгерді. Сонымен қа­тар 1-сынып оқушыларына арнап әзірленген оқу-әдістемелік кешен мақұлданды», деді KazChess бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов.

Айта кетейік, биыл сәуір айында 1-сынып оқушы­ларына арнап әзірленген оқу-әдістемелік кешен бекітілген. Қазіргі уақытта екінші сынып оқушыларына арналған оқу-әдістемелік кешен әзірленді, оны да бекітетін күн алыс емес. 2024–2025 оқу жылына дайындық мақсатында аймақтардың білім басқармаларымен бірлесе отырып шахматты вариативті пән ретінде енгізуге дайын екенін растаған 767 мектептің тізімі анықтал­ған. Қазіргі уақытта мектептердің тізімі жергілікті бюджеттің мүм­кін­діктері мен бір адамға шақ­қандағы қар­жыландыру көлемі еске­ріліп, білім басқармалары деңгейінде нақ­тыланып жатыр.