• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 27 Тамыз, 2024

Бақыт Алтынбасов: Оқу орны мен өнеркәсіп байланысының тиімділігі жоғары

219 рет
көрсетілді

Еліміздегі бірқатар ұлттық және мемлекеттік университеттер коммерциялық емес акционерлік қоғам нысанына ауысқаны белгілі. Осы тұста университеттің басқару моделін халықаралық тәжірибе негізінде қалыптастырудың тиімділігі байқалады. Студенттердің сапалы біліміне бірден-бір әсер ететін жоғары оқу орындарының қаржылық тәуелсіздік мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Сарапшылар университеттің басқару органдарына өнеркәсіп компаниялары мен бизнес өкілдерін тарту моделін енгізуді ұсынады. Аталған мәселені дүние жүзіндегі озық жоғары оқу орындары қалай шешіп отыр? Университет пен өнеркәсіп арасындағы ынтымақтастық­тың жүзеге асырылу тәртібі қандай? Бұл туралы «Болашақ» бағдарламасы бо­йынша Ұлыбритания­дағы Бристоль университеті докторантурасының түлегі, заң ғылымдары­ның кандидаты, қауымдастырылған профессор Бақыт Алтынбасовтан сұрап білдік.

– Жоғары білім саласы мен кәсіпорындар бірлестігі еліміз­дің әлеуметтік-эко­номи­калық дамуына қанша­лықты ықпал етеді?

– Мұндай байланыстың арқа­сында, ең алдымен, университет­тер пайда көреді. Бүгінгідей мем­лекеттік бюджеттен бөлінетін қар­жының тапшылығы тұсында жоғары оқу орындары үшін мұн­дай серіктестіктің берері көп. Әуелі өнеркәсіп компанияларымен әріптестік орнату арқылы қосымша қаржы көзі пайда болады. Сонымен қатар өнеркәсіп компаниялары кадр даярлау мен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге қаражат бөледі. Бұл ға­лымдардың жаңалықтары мен па­тенттерін өндіріске енгізуге, яғни ғылымды коммерциялизация­лау­­ға мүмкіндік береді. Есесіне университеттер өнеркәсіп қыз­мет­керлеріне қысқа оқу курстарын ұйымдастыру, кадрларды қайта даярлықтан өткізу, кәсіби біліктілігін арттыру сияқты түрлі қызмет көрсете алады. Сондай-ақ өнеркәсіп компаниялары­ның ұсыныстарын ескеріп, еңбек нары­ғындағы сұранысқа ие мамандарды даярлауға септігін тигізеді. Университет оқытушылары, студенттер мен магистранттар қоғам мен мемлекетте болып жатқан шынайы тәжірибелік мәселелер­ді зерттеумен айналысатын болады. Сайып келгенде осындай ынтымақтастықтың негізінде университеттер академиялық, ғылыми зерттеу және қаржылық тұрғыдан пайда көреді.

– Өнеркәсіп компанияларына қандай пайда болады?

– Олар өздеріне қажетті заманауи кадрларды даярлауға, өндірістік проблемаларды тегін және ақылы зерттеуге мүмкіндік алады. Өндіріске инновациялық идеяларды енгізу, жаңа патенттер мен авторлық құқықтарға қол жеткізу арқылы өндірістің сапасын жоғары сатыға шығарады. Білікті ғалымдар мен сарапшылардан кеңес алып, зертханада сынақтар жасап, сараптама жасайды. Университет ғимараттарында түрлі жиындар өткізіп, бизнес серіктестермен кездесулер өткізеді.

Ал бұл үрдістің ең бастысы қо­ғамға, яғни сол жердің халқына пайдасы көп. Мысалы, халық тұты­нушы ретінде жаңа өнімдер, сапалы тауарлар мен қызметке қол жеткізеді. Өнеркәсіп компания­лары жаңа технологияларды қол­данып, істері алға басса, салық та көп түсіп, сол өңірдің экономикасы ілгерілейді. Осының арқасында халықтың жұмыспен қамтылу мәселесі де оң шешімін табады. Демек мұндай ынтымақтастық барлық тараптарға материалдық, рухани, ғылыми және қаржы­лық жағынан тиімді.

– Мұны халықаралық тәжі­рибеге сүйеніп айтып отырсыз ба?

– Әрине, Американың әлемге танымал Стэнфорд, Гарвард, Йель сияқты университеттері ірі өнер­кәсіп компанияларымен әріптес­тік орнатудың нәтижесінде әлем­­ді өзіне қаратып отыр. Тек бір ғана Стэнфорд университетінің аума­ғында Кремний алқабы (Silicon Valley) орналасқан, ол жер­де жүз­деген алпауыт IT компа­ния­ла­рының офистері ашылған. Со­­ның себебінен бұл университет­тер әлемдік деңгейде танылып, мемлекет бюджетінен тәуелсіз болып отыр. Олардың жеке қорындағы қаражат кейбір мемлекеттің бір­жылдық бюджетінен көп. Мыса­лы, Гарвард университетінде – ­50,9 млрд, Йель университетінде – 41,4 млрд, Стэнфорд универси­тетінде – ­36,3 млрд, Принстон университе­тін­де 35,1 млрд дол­лар­лық эндаумент қорлары бар. Жалпы алған­да теорияда «Triple Helix Model» сияқты мемлекет-индустрия-университеттер арасында әріптестікті орнатудың тиім­ділігін негіздеген түрлі теория­лар бар. Осындай теорияларды басшылыққа алып, біздің елдің контексінде де зерттеулер жүр­гізу керек. Мысалы, университет­тер­­дің директорлар кеңесін бизнес және индустрия өкілдерін тарту арқы­лы әріптес­тік орнатудың алаңы­на айналдыру керек. Директор­лар кеңесі­­нің функционалдық міндеттеріне қатысты бірқатар өзгеріс енгізу қажет деп ойлаймын.

– Бізде де ғылымға қаржы бөлу үшін түрлі ынталандыру шаралары қарастырылған. Мәселен, «Жо­ғары білім мен ғылымды дамы­тудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамада» өңір­лік университеттердің ғылыми және инновациялық әлеуетін көтеру, оларды экономикалық және инновациялық хаб ету сияқ­ты жобалар ұсынылды. Нәти­же қалай болды?

– Көңіл көншітерлік емес. Қа­зір университет пен өнеркәсіп арасында шынайы ынтымақтас­тық орнады және одан екі тарап та пайда тауып жатыр деп айту қиын. Менің ойымша, мұндай байланыстың орнамауы әлі де тиісті заңнамалық база­ның нашар болуында және мемлекет­тік органдардың өзара келісіп жұ­мыс істемеуінде. Нақтырақ айта­йын. Заңды түрде өнеркәсіп ком­панияларын университеттермен ынтымақтастық орнауына негіз ­болатын жалғыз заң – Жер қойнауын пайдалану туралы кодекс. Осы Кодекс­ке сәйкес бұл салада қызмет ететін компаниялардың барлығы өз инвестициялық салымынан 1% кадр даярлауға және 1% ғылыми зерттеу жұмыстарына жұмсау керек. Алайда бұл кодекстің нормалары әлі де толық жұмыс істе­мей келеді. Заң ғылымында «өзі­нің жүзеге асырылу тетігі жоқ құқықтық норма – өлі туылған норма» деген қағида бар. Яғни бұл кодекстің нормалары жұмыс жасау үшін тиісті заңға сәйкес акті­лер шығарылу керек еді. Өнер­кә­сіп компанияларын университеттермен ынтымақтастық жасауына міндеттейтін басқа заң немесе заңға сәйкес акт жоқ. Әрине, басқа министрліктердің кадр даярлау және ғылыми зерттеу жұмыс­та­рын жүргізуге жос­парланатын бюджеті болатын шы­ғар, алайда ондай қаржының университеттерге жеткені туралы ақпараттар табу өте қиын. Мы­салы, докторлық зерттеу барысында еліміздің ірі мемлекет­тік және ұлттық университеттері­нің басшылық құрамынан 30 адам­­мен сұхбат жүргізгенімде, қаты­сушылардың басым бөлігі универ­ситетке өнеркәсіп тарапынан түсетін қаржының әлі де аз екенін айтып кетті. Осының алдында да бес жыл, он жыл са­йын мемлекеттік бағдарламалар Президенттің Жарлықтарымен немесе Үкіметтің қаулылары­мен бекітіліп келген. Сол құжаттарда да өнеркәсіп пен жоғары білім сала­сы бірлесіп қызмет ету керек деп ­талай айтылған. Алайда өнеркәсіп ком­паниялары жоға­ры оқу орында­рына тиісті көңіл бөлер емес.

– Екі тарап тізе қосып жұмыс істеуге құлықсыз болғаны ма?

– Олардың мүдделері әртүр­лі болып тұр. Университеттер білім беру мен оны таратуға тырыс­са, өнеркәсіп компаниялары на­рықтағы басымдыққа ие бо­луға ұмтылады. Осы тұста Ұлы­бри­та­ниядан үйренеріміз көп. Мәсе­лен, ол жақта 165 универ­си­тет бар. Соның бесеуі ғана жеке­меншік, қалған 160-сы «public» мәрте­бесіндегі университет. Біздің тіл­мен айтқанда, мемлекеттік университет. Бірақ оның құзырет­­тік сипаты біздікінен басқаша. Яғни ол мемлекеттікі де емес, жеке біреу­дікі де емес, қоғамдікі, нақ­тырақ айтқанда, халыққа тие­сілі. «Рublic» университеттерді кезін­де дәулетті адамдар ақша бе­ріп салған. Олардың ішінде ірі те­мекі фабрикасы мен спирт зауыт­тарының иелері, тіпті құл сату секілді антиморальдік на­рық иеле­рі өзі университетке ақша ауда­руға өте ынталы бол­ған. Бірнеше жыл, тіпті ғасыр­ өткен соң жемісін бере­­тін уни­вер­ситетті қаржыландыру олар­дың мемлекеттік мүддені бас­ты орынға қойып тұрғанының белгісі. Сол дәулетті отбасылардың аты-жөні мен династиялық таңбалары бүгінгі таңда университеттер­дің рәміздерінде көрініс тауып, әлі күнге дейін жазулы тұр. Соған қоса көптеген университеттің оқу ғимараттары сол филантроп­тар­дың атымен аталады. Осы­лай­ша, есімдерін тарихта мәңгілік­ке қалдырып кетті. «Тек мемлекет қаржысына сүйеніп, жоғары білім мен ғылымды дамыта­мыз» деу – үлкен қателік. Шыны керек, қазір еліміздегі мемлекет­тік және ұлттық университеттер қиын жағдайда тұр. Өйт­кені олар мемлекеттік гранттар, ақы­лы бөлімде оқитын студенттердің ­оқу ақысы мен ғылыми жобалар­дан түсетін қаржыға ғана тәуелді ­болып отыр. Сол себепті еліміз­дегі университеттердің қаржылық ­тұ­рақтылығын қамтамасыз ету үшін оларға түсетін қаржы көз­дерін әртараптандыру қажет.

– «Болашақ» бағдарлама­сы­мен Ұлыбританияда білім алып келдіңіз. Ол жақтың оқы­ту жүйесінде қандай ерекшелік байқадыңыз?

– Иә, онда мен Бристоль уни­­верситетінде Білім саласын бас­­қа­ру мамандығы бойынша докто­ран­­тураны аяқтап кел­дім. Жұбайым да осы бағдарлама бойынша докторан­тураны тәмам­дады. Бристоль уни­верситеті – QS рейтингі бойын­ша әлемде 54-орында, Ұлыбрита­ния­да 9-орын­да тұрған ірі зерттеу уни­­вер­­ситеті. Ол жерде қазіргі за­ман­­ғы зерттеу жүргізудің қыр-сы­рын терең меңгеріп шықтық, әлемдік деңгейдегі профессорлардан дәріс алып, зерттеуші ре­тінде қалыптастық. Мысалы, мен Ұлы­британияға оқуға түскенге дейін елімізде 100-ден астам ғылы­ми еңбегім жарияланған, өзімді бір тәжірибелі зерттеуші ретінде санайтынмын. Алайда біздің елде зерттеу методология­сы, теорияларды ғылыми жұмыста қолдану, тәжірибеге бағытталған зерттеу жұмыстарын жүргізу дамыма­ған екен. Тіпті елімізде академия­лық жазудың негіздерін үйрету бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламаларына ен­гізілмеген. Осының салдарынан қорғауға шығып жатқан докторанттар немесе ғылыми атақ алғысы келген оқытушылар ше­телдік журналдарға мақала шы­ғара алмай, ғылыми атағы мен дәре­жесін ала алмай жүр. Бұл жер­де тек ағылшын тілін білмеу мәсе­лесі емес, жалпы ғылыми жұ­мысты жазудың дәстүріндегі кем­шіліктерді көріп отырмыз. Нәти­жесінде, академиялық ортада Scopus және Web of Science базаларына кіретін шетелдік журнал­дар­ға ғылыми мақаланы тек ақы­лы түр­де шығаруға болады де­ген теріс пікір қалыптасқан. Тіпті біздің ел­де мұны үлкен бизнес деп санай­тындар да бар. Өз басыма келетін болсам, мен шетелдік жо­ғары рейтингтік журналдар­да ма­қалаларымды ақысыз шы­ғарып жатырмын. Әрине, мұн­дай жур­нал­дардың мақала маз­мұнына, ғылыми жаңалығына, мето­дология­сы мен теориялық не­гізіне қоя­тын талаптары өте жоғары.

Тағы бір айырмашылық, бізде док­торантура үш жыл болса, оларда төрт жыл оқиды. Ұлыбританияда докторлық диссертация негізі­нен эмпирикалық зерттеу әдістері­не негізделеді және зерттеуші өзі қолымен мәліметтер жинап, соның нәтижесінде қорғауға шығады. Ең бастысы, ол жақта әр факультетте ғылыми этика бойынша комис­сия маңызды рөл атқарады. Зерт­теу бастайтын болсаң, алдымен сол комиссияның рұқсатын аласың. Содан кейін барып зерттеуіңді бастайсың. Ғылыми зерттеуге деген талаптары өте қатал. Бізге де осындай тәжірибені енгізу қажет. Сонда ғана мемле­кет­тің ғылымды дамытуға қатыс­ты саясаты жүзеге асырылып, жал­ған авторлық пен сапасыз мақала­лар азаяды.

Тағы бір ерекшелігі, ол жақ­та оқытушы құрамы сабақ бере­тін және ғылыми зерттеумен ай­на­лы­сатындар деп екі санатқа бөлінеді. Ғылыми зерттеумен айна­лысатындардың жалақысы әлде­қайда жоғары. Ал ғылымға жақын емес оқытушылар көп жағдайда жұмыс уақытының басым бөлігін сабақ беруге арнайды.

Ал бағалау жүйесіне келетін болсақ, Англияның зерттеу уни­вер­ситеттерінде ғылыми жұмыс жазуға ерекше көңіл бөлінеді, яғни академиялық жазудың рөлі маңызды. Мысалы, докторантурада алғашқы екі жыл аудитория­­лық сабақтар болып, әр пән бойын­­ша 4000-8000 сөз аралығында ғылы­ми эсселер жаздық. Ол жерде саған өз тақырыбың бойынша сол пәннің шеңберінде эссе жазуға мүмкіндік береді. Әр эссе ғылыми мақаланың деңгейінде жоғары дәрежеде жазылып шығады. Екі жыл ішінде осындай жеті эссе жазып шыққан докторанттар өз тақырыбы бойынша зерттеу жұ­мысын жүргізуге дайын болып шығады. Сонымен қатар докторанттар факультет пен универси­тет деңгейіндегі түрлі ғылы­ми зерт­­теу орталықтардың мүшесі болып, ғылыми семинарларға қатысып, презентациялар жасайды. Бұл жағдай докторанттар­ға зерт­теуді пәнаралық деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді.

Келесі бір ерекшелік, Брис­толь университетінде докторанттар әлемдік ғылыми жұмыстар базалары мен кітапханаларын те­гін қолдана алады. Мысалы, мен докторлық жұмысымды жүргізу барысында әлемнің кез келген кітапха­насынан онлайн материалдар алып, еркін жұмыс жүргіздім. 

Жалпы алғанда, әлемдік университеттерден үйренетініміз әлі көп және ол жерлерде елімізге ғы­лыми кадрлар даярлау саясаты өте дұрыс деп ойлаймын. Сол себепті осындай әлемдегі жетекші университеттің бірінде білім алып, зерттеу жүргізуге мүмкіндік берген «Болашақ» бағдарламасына алғысымыз шексіз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Бекзат ҚҰЛШАР,

«Egemen Qazaqstan»