Қазақ даласындағы тұңғыш білім ошағы 1841 жылы Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің бастамасымен ашылды.
Мектепте діни дәріспен бірге орыс тілі, арифметика, тарих, жағрафия, дінтану және шығыс тілдері секілді негізгі ғылыми пәндер оқытылған. Еуропалық үлгіде жабдықталған мектепке Қазан, Орынбор, Петербор, Астрахан қалаларынан білімді ұстаздар шақырылды. Мұнда шекті аспаптар оркестрі, хор және бай кітапхана болған. Сондай-ақ орда ішіндегі алғашқы музей мен дәріхана да осы жерде ашылыпты. Тағы бір айта кетерлігі, шетелге оқуға кеткен шәкірттерге қазына есебінен арнайы стипендия төленіп тұрған.
Ыбырайдың «Хрестоматиясы»
1879 жылы Орынбор қаласында жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» – ұлт тарихындағы алғашқы оқу-әдістемелік еңбек ретінде бағаланады.
Осы кітапта Ыбырай Алтынсариннің төл шығармалары мен қазақ халық әдебиетінің озық үлгілері және Еуропа әдебиетінің аудармалары өлең һәм қара сөз түрінде берілген. Автор әсіресе шығарманың тәрбиелік сипатына айрықша назар аударған. «Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын көздедім», дейді ұлы ағартушы кітаптың алғысөзінде.
Мағжанның «Педагогикасы»
Біз Мағжан Жұмабаевты сыршыл ақын ретінде жақсы танимыз. Ал 1922 жылы шыққан «Педагогика» еңбегі Алаш ардақтысының жас ұрпақ тәрбиесінен де тыс қалмағанын анық аңғартады.
Оқулық 15 бөлімнен тұрады. Автор әр бөлімде педагогика ғылымын жан-жақты саралаған. Әсіресе ақыл-ойдың ұшқырлығына, мінез-құлық пен сұлулыққа, дене тәрбиесіне баса көңіл бөлген. «Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбие қылу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетіспейді. Басқа адамдардың тәрбиесімен танысу керек. Тәрбие пәні педагогика деп аталады», дейді автор кітаптың алғашқы бөлімінде. М.Жұмабаевтың кітаптағы кеңестері қазіргі тәрбие жұмыстарында да өз маңызын жойған жоқ.