Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялап, мөлшерлемені 14,25 пайыз деңгейінде қалдырды. Бас банктің хабарлауынша, ортамерзімді келешекте инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету қатаң ақша-кредит шарттарын ұзақ уақыт ұстап тұруды талап етеді. Тәуекелдер теңгерімі проинфляциялық жаққа ауып, 2024 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлемені бүгінгідей деңгейде сақтау ықтималдылығын арттыруға себепші болып тұр.
Инфляция тәуекелі төмендеген жоқ
Шілдедегі инфляция 2023 жылдың ақпан айынан бері алғаш рет өсіп, жылдық 8,6%-ға жетті. Үкіметтің жоспары бойынша, инфляция келер жылы – 5,5-7,5%, 2026 жылы 5-6%, 2027-2029 жылдары 5%-ға дейін төмендейді. Ұлттық банк (ҰБ) болжамдарында «Brent» маркілі мұнай бағасы 2024 жылы барреліне 83,5 доллар деңгейінде болатыны, 2024 жылға арналған орташа базалық мөлшерлеме болжамы аздап, 14,5%-ға дейін көтерілетіні айтылған.
Теориялық тұрғыдан базалық мөлшерлеме ақша-несие саясатына үлкен әсер етеді. Оның көтерілуі сатып алу белсенділігінің төмендеуіне, несие құнының өсуіне және депозиттердің кірістілігінің артуына әкеледі. Қаржы сарапшысы Мақсат Халықтың айтуынша, оның әсерін ертерек сезіну үшін экономиканы басы артық қаржыдан тазартып, салқындатып алуымыз керек еді.
«Инфляция тек біздің елде емес, әлемде қайта белгі беріп жатыр. Мұндай жағдайда Ұлттық банктің кез келген құбылысқа сақтықпен қарауы түсінікті. ҰБ үшін базалық мөлшерлеменің деңгейі емес, инфляцияны тежеп тұру құралынан айырылып қалмау маңызды. Дәл қазір ҰБ шешіміне әсер ететін факторлар жеткілікті. Олардың ішінде ең маңыздысы – ІЖӨ деңгейі, экономикалық көрсеткіштер. Біз 2023 жылы кейінгі онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке –5,1%-ға қол жеткіздік. 2024 жылы қаңтарда ІЖӨ 3,9%-ға дейін төмендеді. Қазіргі көрсеткішті қазіргі деңгейден төмендету ҰБ үшін екі қадам кейін шегінумен бірдей. Себебі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк несие пайызын төмендетуге жол ашатын қаулыға қол қойды. Онда банктік кепілсіз несие және микрокредиттер бойынша жылдық пайыздық сыйақы мөлшерлемесі 56%-дан 46%-ға азаяды. Ал кепілмен берілетін несие пайызы 40%-дан 35%-ға дейін төмендейді делінген. Мұндай жағдайда базалық мөлшерлемені жоғарылату күні бүгінге дейінгі жетістіктерді жоққа шығарумен бірдей», дейді ол.
Қаржыгерлер мөлшерлеме деңгейін қолдайды
Сарапшылардың айтуынша, базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде сақтап қалсақ, келер жылдың алғашқы жартысына дейін өгізді де өлтірмейміз, арбаны да сындырмаймыз. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы да осы ұстанымды жақтап отыр. Базалық мөлшерлеменің сақтықпен төмендеуі аясында бизнес несиелері бойынша баға шарттары біртіндеп жақсарады, бірақ негізінен орта (-130 б.п.) және ірі бизнес (-180 б.п.) мөлшерлемелерін төмендету есебінен. Экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындардың сауалнамасына сәйкес, бизнес бағалық емес жағдайлардың (несие мөлшері мен мерзімдері, қаржылық жағдай мен қамтамасыз ету талаптары) біршама жақсарғанын атап өтеді. Бөлшек сегментте пайызсыз бөліп төлеу бойынша маркетингтік акцияларды өткізуге байланысты орташа өлшенген мөлшерлемелердің жоғары құбылмалылығы байқалады. Соған қарамастан жүйедегі мөлшерлемелердің жалпы төмендеуі аясында активтердің кірістілігі мен қорландыру құны 2022 жылдан бері байқалған өсуді тоқтатқан.
«Halyk Finance» талдау орталығының сарапшысы Санжар Қалдаров та Ұлттық банк монетарлық шарттарды жеңілдету циклінде үзіліс жасауы мүмкін деп болжаған еді.
«Маусым айынан бастап базалық мөлшерлеме тұрақты түрде төмендеді, инфляция деңгейі шілдеде жылдық мәнде 8,6%-ды құрады. Ай сайынғы негізде инфляция 0,7%-ға дейін өсті. Бұл – 2024 жылдың басынан бері бірнеше ай тұрақты баяулаудан кейінгі айтарлықтай өсу. Маусым, шілде теңге үшін жайлы болмады. ҰБ мәліметтері бойынша, тамыз айында Ұлттық қор қаражаты есебінен «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын сатып алу шеңберінде бюджетке 500-600 млн доллар аударым, сондай-ақ 230-250 млн доллар көлемінде валюта айырбастау жоспарланған. Бірақ соған қарамастан теңге құнсызданып жатыр. Ұлттық банктің одан әрі шешімдерге қатысты мұндай саясатына бірнеше инфляцияға қарсы факторлар әсер етуі мүмкін. Маусым-шілдедегі инфляция деңгейі импорттық инфляцияның өсуіне әкелді. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге тариф өсімінің жоғары қарқыны және жанар-жағармай бағасының өсуі жалғасады. Қаржы министрлігінің соңғы мәліметтеріне сәйкес 2024 жылдың қаңтар-мамыр, шілде айларында ҚҚС және КТС бойынша тапшылық байқалды. Бұл факторлар да ҰБ-тың базалық мөлшерлеме туралы шешіміне әсер етуі мүмкін», деген еді.
Ұлттық қор мен бюджет интеграциясы
Сарапшылардың айтуынша, биылғы мәміле мұнымен бітпейтін сияқты. Ашық НҚА» порталында жарияланған «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында 2025 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер көлемі 5.25 трлн теңгеге дейін көбеюі мүмкін екені айтылды. Республикалық бюджет кірістері – 21,4 трлн теңге, оның 15,2 трлн теңгесі – салықтық түсімдер, 435 млрд теңгесі – салықтық емес түсімдер, 5,8 трлн теңгесі – трансферттік түсімдер (оның ішінде 504,2 млрд теңге – өңірлерден бюджеттік түсімдер). 2025 жылға арналған республикалық бюджетте Ұлттық қордан кепiлдендірiлген трансферт мөлшерi 2 трлн теңге сомасында көзделсiн деп жазылған. Ал Президент айқындаған мақсаттарға Ұлттық қордан нысаналы трансферт түрінде 3,25 трлн теңге бөлінбек. Демек 2024 жылғы 1,6 трлн теңгеден 2 есе өсті. Шығындар – 25,8 трлн теңге (2024 жылға қарағанда +10.1%). Бюджет тапшылығы – 4,1 трлн теңге немесе ІЖӨ-нің 2,7%-ы.
Көріп отырғанымыздай, Ұлттық қор мен бюджет арасындағы трансферттік интеграцияның тереңдеп кетуі экономиканың жағдайынан хабар беріп тұр. 2024 жылғы қаңтар-шілдедегі қысқамерзімді экономикалық индикатор 2023 жылғы сәйкес кезеңдегі 5,3%-бен салыстырғанда 4,1%-ды құрады.
«Үкіметтің мақсатты индикаторына дейін (6%) экстенсивті өсудің барлық негізгі көзі бүгінде іс жүзінде таусылды. Негізгі капиталға инвестиция азайып жатыр. Бұл мәселе 2025 жылы қайта қарастырылады деген болжам бар. Біздің жағдайымызда базалық мөлшерлеменің ең оңтайлы деңгейі – 13,5%. ҰБ жыл аяғына дейін базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырады. 2024 жылғы проблема Ұлттық қор арқылы шешіліп жатқанын көріп жүрміз. Мәселе өткір күйінде қалып отыр. ҰБ базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдаған кезде осы мәселелер ескерілсе», дейді С.Қалдаров.
АЛМАТЫ