• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Үкімет 30 Тамыз, 2024

Мәжіліс: Сайлаушылар сенім артып отыр

64 рет
көрсетілді

Бұл Парламент бұрынғыдан өзгерек. Парламент елімізде Әділетті Қазақстан құру жолында қолға алынған көптеген саяси өзгерістің нәтижесінде жан-жақты жасақталды. Нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадамдарға барды. Әсіресе Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді. Ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осының бәріне ауқымды сая­си реформаның арқасында қол жеткізгенімізді атап өтті.

Сабақтастық жалғасады

VIII шақырылым депутаттарының өткен сессиядағы белсенділігі айқын байқалып, өзектілігі көзге ұрып тұрған көптеген заң жобасының қабыл­дануына бастамашылық етті. Олардың арасынан әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғайтын және ел азаматтарын лудомания дертінен алшақтататын заңдар қабылданып, қолданысқа енді. Бұдан басқа да еліміздің әлеуметтік, экономикалық дамуына серпін берер бірқатар заң қабылданып, сыртқы саясаттағы мәселелерді реттейтін бірталай келісім ратификацияланды.

Жалпы өткен сессияда Мәжіліс қарауына жалпы саны 154 заң жобасы келіп түскен. Оның 81-іне қатысты әлі тиісті шешім шығарылмаған, яғни әлі депутаттар қарауында жатыр. 154 заңның 68-і қабылданып, Сенатқа жолданған екен. Ал Сенат ол заңдардың ішінен бесеуін өзінің биылғы сессиясының күн тәртібіне алып қалып, қалғанын мақұлдап Ақордаға жіберген. Президент қол қойып, қолданысқа енгізген заңдардың саны – 50.

Сондай-ақ жақсы үрдіс болып қалыптасқан «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске асыру үшін өткен сессияда Парламент заңнамалық база қалыптастырғанын айрықша атап өткен жөн. Бұл – Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бастамалардың бірі. Енді осы сессия­да бұл жобаның да жетілдіре түсер тұстары Мәжіліс назарында болар деген ел үміті бар.

Жалпы, өткен сессия жұмысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары Парламент жұмысына жаңа бағыт-бағдар берді. Көппартиялы Парламент заң шығарушы органның қызметіне тың серпін әкеліп, қоғамның түрлі идеологиялық көзқарастағы әралуан өкілдерінің келуі қабылданатын заңдардың сапасын арттыра түсті.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов биыл Парламент жазғы демалысқа шыққан қос палатаның бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент жұмысына оң бағасын бергенін атап өткен болатын.

– Алдағы сессияда да осы қарқын­нан таймауымыз қажет. Президент­тің Сай­лауалды бағдарламасын орын­дау негізгі басымдық болып қала береді. Еліміздің жаңа экономи­калық моделінің құқықтық негізін қалыптастыру жұмысын жалғасты­рамыз, – деген еді Е.Қошанов.

Депутаттық корпус енді Бюджет, Салық, Құрылыс, Су кодекстері бо­йынша жұмыс істемек. Сонымен қатар мүлде жаңа Цифрлық кодекстің талқылауға түсуін күтіп отыр.

– Сондай-ақ сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-әрекет, есірткімен күрес, дін, сот жүйесіндегі реформалар және басқа да мәселелерге қатысты заң жобалары бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Осылай тығыз жұмыс істеу арқылы ғана алға қойған мақсаттарға қол жеткізіп, елімізді өзекті проблемаларды шешуге ықпал ете аламыз деп сенемін, – деген Палата спикері Парламент, Үкімет және сарапшылар қоғамдастығы үйлесімді әрі жан-жақты жұмыс істеуі қажеттігін де айтып өткен.

 

Су кодексінің шикілігі көп

Жаз бойы елді аралап, сайлаушылармен кездескен депутаттардың алды Астанаға оралып жатыр. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов та элек­то­раттың аманатын арқалап, блокнотына біраз мәселені түртіп алған екен.

– Биыл жазғы каникул кезінде өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесіп, көптеген мәселемен таныс­тым. Өңірлерге шыққанда бірін­ші кезекте халыққа сол қабыл­данған заңдардың заңдылық негіз­дерін жеткізу, елдің құқықтық сауатын арттыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу ісіне көңіл бөлдік, – дейді Ж.Әшімжанов.

Мәжіліс депутаты уақыт жылжы­ған сайын барлық бағытта қордаланып қалған мәселелер аз емес екенін де ашып айтты.

– Биыл Алматы, Жетісу облыстарын қатар аралап шықтым. Негізі­нен шалғай ауылдарға, алыс бөлім­шелерге, шекара бойындағы елді мекендерге ат ізін салдық. Жалпы алғанда, еліміздегі проблемалардың бәрі ортақ мүддеге келіп тіреледі. Деген­мен әр өңірдің, әр аймақтың өзіне тән ерекшелігі бар. Соған байланыс­ты депутаттар да өзінің электоратымен жұмыс істейді. Алматы облысын­да да, Жетісу облысында да шекара­лық өңірлерде қалыптасқан пробле­малар баршылық. Ең негізгілері – инфрақұрылымдық мәселе­лер. Яғни жол, ауыз су мәселе­лері, ауыл шаруашылығы саласын­дағы түйткілдер, әлеуметтік нысандар­дың жай-күйі, денсаулық сақтау сала­сындағы, білім жүйесіндегі ахуалдар, үш ауысымды мектептер­дің проблемасы, шалғай ауылдардағы меди­циналық қызметтің қолжетімсіздігі сынды өзекті жайттар тағы да алдымыздан шықты, – дейді Жанарбек Әшімжанов.

Мәжіліс депутаты әлі қолданыстағы тиісті заң жобалары бар екенін және күзде келіп, «Amanat» фракциясы, өзі қатарына кіретін комитет осы бағыттардағы жұмыстарға білек сыбана кіріспекші екенін атап өтті.

Депутат Мәжілістің санау­лы күн­дерден кейін іске кірісетін кезекті сессиясында қаралатын заң жоба­ларының ішінде Су кодексіне қатысты да пікір білдірді.

– Бұл кодекске қатысты біздің өзін­дік көзқарастарымыз, ұстанымдары­мыз бар. Өйткені ашығын айту керек, кодекс Мәжіліске шикі күйінде келді. Үкіметтің дайындаған заң жобасы көңілімізден шықпады. Бұл – төменгі палатаның күн тәртібінде тұрған ең маңызды заң жобаларының бірі, – деді Ж.Әшімжанов.

 

Салық кодексінде де кемшілік бар

Ал жуырда ғана өңірлерді аралап келген «Respublica» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров тұрғындар айтқан мәселелерді Парламентте көтеруге уәде беріп отыр. Айтуынша, еліміздің өзге өңірлеріндегідей, шығыста да проблемалар жеткілікті екен.

Депутатпен кездескен Абай облысының кәсіпкерлері мен шаруа­лары шағын кәсіпкерлікті қолдау­ға арналған мемлекеттік бағдар­ла­маларды жүзеге асыру мәселе­лерін көтеріпті. Жергілікті өндіруші компания өкілдері Үкіметке Кәсіпкер­лік кодексіне қарағанда Салық кодексі маңыздырақ екенін айтып, қын­жылған. Кәсіпкерлердің ұстаны­мы керісінше: күшті бизнессіз салық­тың да мәні болмайды. Сондай-ақ несие­лерді кепілдендіру және екінші деңгейлі банктер арқылы жеңіл­детілген несиелендіруге қатысты мем­ле­кеттік бағдарламалардың шапағаты кәсіпкерге жеткенше мәні қалмайтын көрінеді. Экологиялық төлемдерден салық шегерімдерін көтеру мәселесі де өзектілігін жойған жоқ.

– Мәжілістегі «Respublica» партия­сы фракциясының алты депутаты еліміздің 15 өңірін аралап шықты. Басты міндет – сессияның басында жұмы­сымыздың негізін құрайтын проб­лемалық мәселелерді жинақтау. Олар­дың бірқатарын Үкіметке де­пу­таттық сауалмен жол­даймыз, бас­қалары бойынша жұмыс топтарын құрып, нақты министрліктермен жұ­мыс жүргіземіз. Салық шегерімдері бо­йынша: кәсіпкерлерден ауырт­па­лық­­тың бір бөлігін алып тастау және қор­шаған ортаға келтірілген зиянды өтеу­ді мемлекеттік бюджеттен қа­рас­тыру туралы ұсыныс жасауды жоспар­­лап отырмыз, – деді Айдарбек Қожаназаров.

Жаңа сессия жұмысында Парла­ментке, Үкіметке қатысты тағы да бағыт-бағдарлар нақтыланып, қосымша міндеттер жүктелмек. Депутаттар өңірлерден жинап келген жүйелі проблемаларды заңнамалық тұрғыдан шешу керек болса, заң жобаларына өзгерістер енгізуге әрекет ететіні сөзсіз. 

Ашығын айтқанда өңірлерле қордаланған түйткілді мәселелер әлі де азаяр емес. Олардың тағдыры тек Мә­жіліске, заңдарға ғана қарап тұр­ған жоқ. Үкіметке, жалпы жергілікті ат­қару­шы билікке, облыстық, аудан­дық дең­гейдегі мәслихаттардың құзыре­тіне тіреліп тұрған біраз жұмыс бар. Ен­дігі сессияда Парламентке ел-жұрт­тың да артып отырған үміті аз емес.