Татарстан астанасында жаһандық ІІІ жастар саммиті өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы Ерлан Ысқақов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов, эколог Мәди Алдабергенов, режиссер Шыңғыс Мақанов арнайы қатысты. Басқосуда цифрландыру және жастар саясатының заманауи құралдары талқыланды.
Саммитті Татарстан Республикасының Үкіметі, Татарстан Республикасының Жастар істері бойынша министрлігі және «Ислам ынтымақтастығы ұйымының жастар форумы» халықаралық ұйымы ұйымдастырды. Жалпы, жаһандық жиында әлемнің 43 елінің 100-ден аса жастар саясатына жауапты министрліктер мен ведомстволардың басшысы және ірі халықаралық ұйымдардың өкілі бой көрсетті.
Форум аясында Татарстан Республикасының райысы Рустам Миннихановтың қатысуымен пленарлық отырыс ұйымдастырылды. Онда қазіргі қоғамдағы отбасы институтына қатысты мәселелер қозғалды. Бұған қоса жасанды интеллект және виртуалды шындық, жастар арасындағы цифрлық трендтер бойынша да сессиялар өтті. Жиын қатысушылары жаһандану дәуірінде дәстүрлі құндылықтарды сақтау мәселесін сөз етті. Өз кезегінде, Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов Қазақстанда бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Бұл саммит Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер жастарының диалогі, тәжірибе алмасуы үшін маңызды алаң. Біз цифрлық технологиялар өміріміздің барлық саласына енген дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Интернет пен әлеуметтік медиа жастар үшін шексіз мүмкіндіктер ашты деуге болады. Мәселен, кез келген білім бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Әлемнің әр қиырындағы азаматтармен қарым-қатынас күнделікті қарапайым дүниеге айналды. Бұл игілік жастардың өз жобаларын құруына, жаһандық деңгейдегі жиын не байқауларға қатысуға, әлемнің әр түкпіріндегі азамат дүние жүзіне ортақ мәселелерді шешуге үлес қосуына жол ашты», дей келе ол кез келген қоғамды қалыптастыруда негіз болатын дәстүрлі құндылықтардың маңызын ашып айтты.
– Қазақстанда дала демократиясының дәстүрлерін сақтау үшін 2022 жылдан бастап ел Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың жыл сайынғы отырысы өткізіліп келеді. Құрылтай қоғамдағы әртүрлі топтардың, соның ішінде жастардың күш-жігерін біріктіру қажет болған жедел өзгерістер мен жаһандық сын-қатерлер дәуірінде ерекше маңызға ие болып отыр. Биыл өткен басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастарына, барша отандастарымызға патриотизм, әділдік, кәсіпқойлық, үнемшілдік, еңбекқорлық, Отан мен отбасы алдындағы жауапкершілік сияқты ең асыл қасиеттерді тәрбиелеуге бағытталған «Адал азамат» тұжырымдамасын ұстану қажет екенін баса айтты. Сайып келгенде, технология – жансыз дүние. Сондықтан құндылықтарды бойына сіңірген адам ғана жаңашылдықтарды ізгі ниетпен пайдалана алады. Демек цифрлық дәуір біздің дәстүрлі құндылықтарымызды алмастырмай, одан әрі толықтыруды көздейді. Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты белсенді қолдайды және бірлескен күш-жігермен ғана орнықты дамуға, өркендеу мен бейбітшілікке қол жеткізуге болады деп есептейді. Қазіргі уақытта елімізде 5,7 миллион жас бар. Оларды жан-жақты қолдау Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі. Біз мұндай басқосулардан жастар дипломатиясын дамыту, білім алмасу, ғылым, білім, кәсіпкерлік, мәдениет салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін үлкен әлеуетті көріп отырмыз, – дейді Біржан Әлімжанов.
Сондай-ақ форумда Татарстан Республикасындағы «Халықаралық жастар ынтымақтастығы» федералдық жобалық кеңсесінің жұмысы таныстырылды. Саммит қорытындысы бойынша ислам әлемін қолдауға және ИЫҰ елдерінің жастарын дамытуға бағытталған қарар қабылданып, бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Келесі жылы Татарстанда Ислам жастары ойындарын өткізу жоспарланып отыр.