• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Талбесік 04 Қыркүйек, 2024

Рұқсат етілген аңшылық

28 рет
көрсетілді

Ертіс-Баян өңірінде күзгі аңшылық маусымы басталды. Аумақтағы 38 аң­шылық шаруашылығының 28-інде аң аулауға рұқсат етілген. Биыл құстар бойынша 28 092 үйрекке, 2 034 қазға, 2086 қасқалдаққа, 1 179 құрға квота қарастырылып отыр.

31 тамыздан 30 қарашаға дейін қаз, үй­ректі, қасқалдақты, 1 қыркүйек – 15 қа­раша аралығында борсықты, 15 қыр­күйектен 30 қарашаға дейін құрды, 2 қыр­күйектен 30 қарашаға дейін шілді, 2 қыркүйек – 31 желтоқсан аралығында жа­байы шошқаны, 15 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін Сібір елігінің аналығы мен лақтарын, 1 қарашадан 2025 жылдың 15 ақпанына дейін қоян, түлкі, қарсақты аулауға рұқсат беріледі. Ал итпен және жыртқыш құстармен саятшылық жасайтындар үшін қоян, түлкі, қарсақ аулау кезеңі 15 қазаннан 2025 жылдың ақпан айына дейін деп көрсетілген.

«Бекітілген квотаға сәйкес, 28 092 үйрек, 2 034 қаз, 2 086 қасқалдақ, 1 179 құр аулауға рұқсат етілген. Бұған қоса 130 қарақұйрық, 194 борсық, 1 730 суыр, 5 212 қоян, 354 түлкі, 87 қарсақ, 12 жа­байы шошқа және 161 елік квотаға енді. Күзгі-қысқы аңшылық мау­сымы облыс аумағындағы 38 аңшылық ша­руашылығының 28-інде рұқсат етіледі. 10 аңшылық шаруашылығында квота бөлінбегендіктен және резервтік қор­да тұрғаны себепті, аң аулауға тыйым салынған. Сондай-ақ «Қызылтау» зоо­логиялық қорығы, Баянауыл ұлттық та­биғи паркі, «Ертіс орманы» резерватында, «Ертіс өзенінің жайылмасы» қорығында аңшылық жүргізуге қатаң тыйым салынған», дейді Павлодар облыс­тық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев.

Мамандар ескерткендей, аңшылыққа шыққан адамда аңшы куәлігі, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы немесе жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсаттама, қару сақтауға және алып жүруге рұқсаттама, жырт­қыш құстармен немесе иттермен аң аулау кезінде олар­ға тиісті төлқұжаттар болуы керек. Маусымдық жолдаманың орташа құны 14 мың теңгеден басталады.

Жануарларды заңсыз аулағаны немесе аңшылық ережесінің талап­тарын бұзғаны үшін әкімшілік және қыл­мыстық жауапкершілік қарастырылған. Құстар мен қылшықты жануарлардың бір данасы үшін келтірілген залалға 5 айлық есептік көрсеткіш, тұяқты жа­нуарларға 7,5-тен 750 айлық есеп­тік көрсеткішке дейін айыппұл көзделген.

Ал арнайы қорғалған аумақтарда аңшылық жасағандардың ісі қылмыстық әрекетке теңестіріліп, бас бостандығынан айрылады. Жуықта павлодарлық қос аңшы Ертіс өзенінің жайылмасында, жабайы аңдарды аулауға тыйым са­лынған жерде елікті жайратып тас­таған. Етін алып кеткелі тұрған жерден тәртіп сақшылары қолға түсірді. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі маман­дандырылған ауданаралық соты Қыл­мыстық кодекстің 337-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша «Ерекше қорғалатын табиғи аумақта алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адамдар атыс қаруын қолдана отырып, заңсыз аңшылық жасады» деп айыпталған екі азаматқа қатысты қылмыстық істі қарай келіп, бірін үш, екіншісін төрт жылға соттап жіберді. Сотталушылар қылмыстық әрекеттері арқылы мемлекетке 2,7 млн теңгеден астам залал келтірген.

 

Павлодар облысы