2025-2026 оқу жылында қолданысқа енгізілетін 4-сыныптарға арналған оқулықтар қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Талқылауға қатысу үшін Білім мазмұнын сараптау орталығының https://bmso.kz сайтындағы «Оқу әдебиеттерін қоғамдық талқылау» бөліміне өту керек.
Айта кетейік, талқылауға мұғалімдер, ата-аналар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен мектеп оқулықтарының сапасына бей-жай қарамайтын барлық азамат қатыса алады.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, барлық келіп түскен сын-ескертпелер, оқулықтардың сапасы мен мазмұнын жақсартуға қатысты ұсыныстар сараптама барысында ескеріледі. Талқылау 2024 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады.
Айта кетерлігі, қолданыстағы заңнама бойынша бүгінде оқулықтар сараптаманың бес кезеңінен өтеді:
ғылыми-педагогикалық сараптама; оқулықтарды пилоттық мектептерде сынақтан өткізу; қоғамдық-педагогикалық талқылау; пәндік сарапталық комиссияның қарауы.Қазіргі уақытта аталған оқулықтар қоғамдық талқылаумен қатар, еліміздің бірнеше өңірінде 31 пилоттық мектепте сынақтан өтіп жатыр.
«Ғылыми-педагогикалық сараптамаға ғалымдар мен біліктілік санаты «зерттеуші педагогтен» төмен емес практик-мұғалімдер тартылады. Сарапшылар арнайы оқу курсынан өтіп, сарапшы сертификатын алған және республикалық сарапшылар базасына енген. Осындай жоғары талаптар сынақ және пәндік сарапталық комиссия қатысушыларына да қойылады», деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, пәндік сараптама комиссиясының шешімімен сараптаманың барлық кезеңдерінен өткен оқулықтар мектептерде пайдалану үшін және Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі бекітетін оқулықтар тізбесіне енгізу үшін ұсынылады.