• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қыркүйек, 2024

Желбірейді көк байрақ Ұлытаудың төрінде

126 рет
көрсетілді

Тұңғыш Ұлттық құрылтай 2022 жылы 16 маусымда Ұлытауда өткені мәлім. Көптеген ой ортаға түсіп, ұсыныстар айтылған сол бір келелі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт ұясы Ұлытауда Рәміздер алаңын салу туралы бастама көтерді.

Ел Президенті «Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз. Тамыры терең мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталғанын білдіреміз», деген еді.

Президент тапсырмасы орындалды. Конституция күні қарсаңында Ұлытаудың баурайында, Әулиетаудың етегінде «Таңбалы тас» – Мемлекеттік рәміздер алаңы салтанатты жағдайда ашылды.

Алаңның қақ ортасында «Таңбалы тас» қойылған. Мұнда қазақтың барлық руының таңбалары бедерленген. Ел арасындағы ауызша тарихта Таңбалы тас жоңғар басқыншылығына қарсы күреске жиылған үш жүздің баласы бас қосқан жиында әр ру өз таңбасын тасқа қашап қалдыру арқылы пайда болған деседі. Классик-жазушы Ғабит Мүсірепов: «Біз XV ғасырда «қазақ» деген ел болып біріккенімізді Ұлытаудың көк тасына қашап басқан ру таңбаларымен куәландырған ел едік. «Бірігеміз, бір ел боламыз» деп анттас­қанымыз да сол, Конституциямыз да сол – тасқа басылған таңба», деп жазып кеткен екен. Бұл туралы академик Жабайхан Әбділдин де «Таңбалы тас – қазақтың тасқа қашап жазған тұңғыш Конституциясы» деген болатын. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы алаңды ашу рәсімінде сөйлеген сөзінде «Таңбалы тас» – тек бірлікті көксеген қазақ руларының таңбасы түскен тас. Бұл – руға бөлінбейтін, керісінше рудан құралатын халқымыздың дала хаттамасы», деген баға берді.

Міне, ұлтымыз үшін осыншалық қа­сиетті Таңбалы тас суретші-мону­мент­ші, Көркемөнер академия­сының корреспондент-мүшесі Ғазиз Ешкеновтің қолымен қайта қашалып, Ұлытау бау­райы­нан мәңгілікке орын тепті.

Мұнда орнатылған төрт барельефтің әрбірінің өз ерекшелігі бар. Айталық, «Түркі қағанаты» барельефі негізін Бумын қаған қалаған, Қытай жерінің терістігінен Қап тауына дейінгі Ұлы далаға иелік еткен бабалар тарихынан белгі береді. Ал Түркі қағанаты – біздің елдігіміздің, мемлекетіміздің түп-тамыры. «Алтын Орда» барельефі Жошы ұлысынан бастау алған Ұлы даланың айбынын асқақтатқан замандарды көз алдымызға әкеледі.

Ұлытау даласы – қазақ тарихымен біте қайнасқан, талай тағдыршешті оқиғалардың куәсі. Төл тарихымыздың айтулы кезеңі Қазақ хандығы тұсында қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған. Ұлытау – таудың ғана аты емес, Ұлытау – қазақ, ұлы дала, еркіндік, бәтуа-бірлік, татулық деген түсініктер біте қайнасқан біртұтас ұғым. «Қазақ хандығы» барельефінде ұлтымыздың кейінгі төртғасырлық даңқты жолы тамаша бейнеленген.

Төртінші барельеф – Тәуелсіз Қазақ­станның ұстанымын танытатын тарих тақтасы. Азаттық аңсаған қазақ елінің қымбат қазынасы Тәуелсіздіктің мән-маңызын айшықтайды, тамыры терең мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталғанын суреттейді.

Қазақстанның тарихи және геогра­фиялық орталығы, Еуразия құрлы­ғындағы мәдениет тарихында ерекше орын алатын аймақ болып саналатын Ұлытау баура­йында бұдан былай еліміздің көк байрағы мәңгі желбіреп тұратын болды.

 

Ұлытау облысы