Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өңірде ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Нәтижесінде, осы жылдың алғашқы жеті айында жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыс саны 18,2 пайызға азайған. Алайда салада шешімін күткен өзекті мәселелер де баршылық.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, полиция қызметкерлері өңір аумағында жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында көптеген іс-шара өткізген. Нәтижесінде, өңірдегі қылмыс саны біршама азайған.
Департамент басшысының бірінші орынбасары келтірген дерек статистикалық тұрғыда көңіл көншіткенімен, кейбір мәлімет ойландырмай қоймайды. Мәселен, кәмелет жасына толмаған баланы тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттемені орындамаған жүздеген ата-ана жауапкершілікке тартылыпты.
«Бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын 160 отбасы анықталып отыр. Сондай-ақ құқық бұзушылыққа жол берген 382 жасөспірім полицияның есебіне алынды. Девианттық тәрбиедегі мінез-құлқына байланысты 18 жасөспірім арнайы режімдегі мектепке орналастырылды. Сондай-ақ 50 азамат ата-ана құқығынан айырылды немесе шеттетілді. Бұдан бөлек, 225 жасөспірім бейімдеу орталығына жөнелтілді», дейді Қ. Мәжікенов.
Өңірде жасөспірімдердің қылмысы біршама азайғанына қарамастан, кейбір статистикалық көрсеткіштің артқанын аңғару қиын емес. Мәселен, полицияның есебіне алынған жасөспірімдердің саны өткен жылдың межелі мерзімінде 343 болса, осы жылы 382-ге жеткен. Ал бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын отбасылардың саны өткен жылы 155-ке жетсе, биыл 160-ты құрап отыр. Сондай-ақ бейімдеу орталығына орналастырылған жасөспірімдердің саны 3-ке артқан. Осы көрсеткіштер кімді де болсын ойландырмай қоймайды.
«Жалпы алғанда, кәмелет жасына толмаған баланы тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттемені орындамағаны үшін әкімшілік кодекстің 127-бабымен 617 ата-ана жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ түнгі уақытта көшеде үлкендердің қарауынсыз жүрген 5468 жасөспірім анықталды. Осыған байланысты әкімшілік кодекстің 442-бабына сәйкес ата-аналардың жауапкершілігі қаралды. Сағат түнгі 22.00-ден кейін ойын-сауық орындарында балалардың заңды өкілінсіз болуына жол берген 156 мекеме иелері заң аясында жауапкершілікке тартылды», дейді Қ.Мәжікенов.
Қалай десек те, жасөспірімдердің мәселесі қоғамды толғандырмай қоймайтыны анық. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары міндетті болғанымен, ата-аналар да жауапкершілік жүгін сезінгені жөн. Олай болмаған жағдайда мәселе ушыға беретін секілді.
Жамбыл облысы