Төрге төселген алашаның үстіне жиегін қошқармүйіз оюмен өрнектеген құрақ көрпе төселіпті. Әжем қолтығымның астына құс жастықты тастай салды. Мамықтай жұп-жұмсақ, жып-жылы, құдды әжемнің жолаушылап келген маған деген пейілі іспетті.
– Көптен келген жоқсың, асқа қара, – деді әжем.
– Жоқ, рахмет. Асығыспыз, – дедім мен, – нан ауыз тисек болды. Көз байланбай жүріп кетсек жақсы болар еді.
– Әлгі немерем де бүгін жетемін деп хабарласқан. Әскери міндетін өтеп келе жатыр ғой. Көріп, көзайым болып кетпейсің бе? – дейді әжем.
Түкті алашаның үстінде қынамен боялған, көп ұстағандықтан жиектері ақжем тарта бастаған асықпен ойнап отырған бала бір сәт ойынын тастай салып, әнтек еңкейіп, екі аяғының арасынан сығалап қарайды. «Жол қарағаны». Байқамай бесікті қағып кетті ме, құндақтаулы жатқан сәби шыр ете түсті. Немересінің үстінен құс ұшырмайтын әжем, етегіне сүрініп-қабынып бесікке ұмтылған.
– Таң атқалы бұл батырдан маза қашқан, – деп қояды.
– Қарны ашып жатқан болар, – деп жорамалдадым мен.
– Жоқ, жолаушының қамшысы-дағы тиіп жатқан. Әлгі немеремнің екпіні шығар елегізгені.
Сүтпісірім уақыт өткен жоқ, сыртқы есік айқара ашылған. Күзгі салқын ауамен бірге көл-көсір қуанышты ала келді. Күнімен жол қарап отырған әжемнің ақ тілегі қабыл болып, әскер қатарынан босаған немересі де алабұртып жеткен. Қуанышқа ортақтасып, үзеңгіге аяғымызды сала бергенде, әжемнен жолаушының қамшысы туралы сұрадым.
– Көнеден қалған жоралғы. Әйтеуір, біздің санаға сіңіп қалған дүние ғой. Әлдебір тылсым күш шаңырақтағы сәби арқылы осылай белгі берсе керек-ті. Бүгінде оны кім ұғып жатыр.
Шынында да, ел ішіндегі қазына қарттар болмаса, көп дүние жадымыздан өшіп, жоғалып бара жатқаны да рас.
Көкшетау