Жазушылық – өнер дейміз. Әрине, заманына қарай кәсіпке айналдырғандар да бар. Сондықтан жазуды әркім әртүрлі қабылдайды. Иә, жазамын деп ешкім жазушы болып кетпейді. Жазбаймын деп тағы ешкім жазбай кетпейді. Бұл өзі өнер, кәсіп дегеннен бөлек бір ауру сынды.
Әдеби сауалдамамыздың кезекті қонағы – жазушы-драматург Нұрғали Ораз. Дәстүрлі сұрақ: не жазып жүрсіз?
– Әдетте не жазып жүргенің туралы айту қиын. Себебі, көңілде бір күмән туады. Жаңа шығарманың оқиғасы қалай өрбіп, қалай аяқталатынын кейде өзің де білмейсің. Сен емес, қаламның өзі жазып отырғандай күй кешетін кездерің де болады. Бұл, әрине, жақсы. Қаламгер күтпеген әсер, тылсым ой түйсік арқылы келеді.
Меніңше, әрбір қаламгер жаңа шығармасын жазуға кірісер алдында бұл кәсіпті жаңадан бастайын деп отырғандай сезімге енеді. Сондықтан да, «стилі қалыптасқан жазушы» деген мақтауға сене қоймаймын. Кез келген шығарманың өзіне тән стилі, пішіні болады. Сонда ғана ол тартымды, қызықты, оқырманға ұнайтын шығарма болып шығады. Жазушы барлық шығармасын бір ғана стильмен, бір ғана машықпен жаза беруі мүмкін емес қой.
Өз басым, биылғы жазда «Ауыл мен қала әңгімелері» атты әңгімелер циклын жаздым. Ол туралы батылдау айтып отырған себебім, алғашқыларын «Жас алаш» («Ұят та болса, айтайын»), «Қазақ әдебиеті» («Айбат көкемнің ауызашары») газеттерінде жариялап та үлгердім. Оқыған кісілер жылы пікір білдіріп жатыр. Бұл әңгімелердің бас-аяғы жинақталып, бүтіндей бір шығарма болып шыққанда бұдан да жоғары баға алатын шығар деген үмітім де жоқ емес.
Ең қызығы, ауыл әңгімелерін жазған кезде баяғы бала күніміздегі соқпақтар мен қасқа жолдарға қайтып оралғандай шабыттанып, қаламым өздігінен желіп бара жатқандай болады. Бұл әңгімелердің оқиғасын мен негізінен ауылдастарымның, кластастарымның ауызекі естеліктерінен аламын. Олардың өздері де кейде менің сондай «әдетімнің» бар екенін біліп, естеріне түскен қызықты оқиғаларды уатсап арқылы жазып жіберіп отырады.
Әңгімелерім газет-журнал беттерінде жарық көрген кезде, «кей жерлерін өзгертіп, ойдан қосып жіберіпсің ғой» деп әзілдейтіні де бар. Әрине, олар көркем шығарманың бір ғана кісіге, иә болмаса, бір ғана ауылға арналып жазылмайтынын жақсы біледі. Өмірден алынған сәттер мен оқиғаларды құбылтып, дамыта отырып ой айтуға келгенде, жазушы фантазиясының рөлі өте маңызды екенін де түсінеді.
Ал қала әңгімелерін жазу мен үшін қиындау. Қанша дегенмен, кіндігіміз ауылда кесілді емес пе. Жазушылық дегеніңіздің өзі, балалық шақтан бастау алатын өзен секілді. Бала кездегі көргенің, білгенің, түсінгенің, бір сөзбен айтқанда, дүниетанымың өле-өлгенше бойыңда сақталып қалады. Сондықтан да, қала тақырыбы қозғалған кезде біраз дүние бізге әлі де жұмбақ секілді болып тұрады.
Қала әңгімелеріндегі кейіпкерлерім – негізінен ауылда туып-өскен жандар. Жалпы, біздегі қала тұрғындарының дені солай емес пе. Алматыда туып, Алматыда өсті деген адамдардың өзінің де арғы тегі бәрібір далада өмір сүрген кісілер. Сол себепті, қаланы да, ауылды да жатсынбайтын, керісінше, екеуін рухани байланыстырып тұратын кейіпкерлер жасағым келеді.
Бір қызығы, «Не жазып жүрсіз?» деген сұрақтың жанында «Қалай жазып жүрсіз?» «Неге жазып жүрсіз?» деген серіктері бар сияқты көрінеді маған. Сондықтан оларға да бір-екі ауыз жауап беріп өткім келеді.
Менің құрдастарымның ішінде жазушылықпен кәсіби деңгейде айналысқан қаламгерлер жоқ секілді. Жалпы, кәсіп деген не? Ол – табыс әкелетін еңбек қой. Ал бізде... қаламақы жоқ. Кеңестік дәуірде болған. Сол кезде үздік, яки, классикалық шығармалар дүниеге келген. Әзірге әдебиеттің Алтын ғасыры деп сол дәуірді ғана айта аламыз.
Бүгінде кез келген бір балаға өтініш айтып, жұмыс тапсырайын десеңіз, ең алдымен еңбекақысын сұрайды. Бұл – капиталистік жүйенің ежелден қалыптасқан бұлжымас заңдылығы. Ал енді, ақыл тоқтатқан, жасымыз алпыстан асқан біз неге соншама уақытымызды жұмсап теп-тегін дүние жазып жүрміз?..
Мұның себебі, меніңше, біреу-ақ. Жазушылық дегеніңіз – жазылмайтын дерт. Ол жаман дерт емес, жақсы дерт. Өйткені іштегі дүние қағазға түсіп, жарыққа шыққан кезде жазушыдан асқан бақытты жан болмайды.