• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Еңбек 11 Қыркүйек, 2024

Бағдарламаның шарапаты

89 рет
көрсетілді

Қазір ерінбеген адам үшін кәсібін ашып, нәсібін табуға мүмкіндік мол. Әсіресе алтын бесік ауылдан ір­ге­­сін алыстатпаған ағайынға жасалып жатқан қамқорлық аз емес. Кіндік қаны тамған жерде тұ­рып-ақ төрт түлік өсіріп, көл-көсір табыс табуға ұмтылып жатқан отбасылар жеткілікті. Олар жеңі­л­детілген пайызбен несие алып, «Ауыл аманаты» бағдарламасының шарапатын көріп отыр.

Алатау ауылының тұр­­­ғыны Әсемгүл Тоқтасынова «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы естіген сәттен-ақ іске кіріседі. Құшақ-құшақ қағазды құшақтап, түрлі мекемеге барып, құжатын рәсімдеп, табанынан таусылып жүріп, алдымен «Әсемгүл» жеке кәсіпкерлігін ашса, артынша ауылдықтарды жарылқайтын жоба аясында ­8,5 миллион теңге несие алыпты. Осылайша, отауының оша­ғын жағып, ағайынның қаба­ғын бағып отырған келіншек ­мұ­­­ға­­лімдік жұмысымен қатар, отба­­сының табысын арттыруды тағы бір істі бастауға белді ­бекем буады.

«Отағасы екеуміздің жұмы­сы­мыз бар болса да, жаңа бір іс бастағанымыз жөн деп шеш­тік. Құр жатқанға құт қон­байды. Осыны анық ұқтық та, күндер бойы кеңесіп, апта бойы ақылдасып, жоба аясында құжат тапсырдық. Құдай да адамның ниетіне қарай береді ғой. Мемлекет тарапынан қа­растырылған несиемізді алдық. Ойлана келе, уақ мал сатып алу туралы шешім қабылдадық. Жұмыс пен шаруашылықты қатар игеру әлбетте оңай іс емес екен. Оған анық көзіміз жетті. Бәріне бірдей үлгеру керек. Отағасы Серік «ҚазСуШар» мекемесінің аудандық филиалында су реттеуші болып еңбек етеді. Сондықтан біз ала таңнан тұрып, бар шаруаны ретімен атқарамыз. Бізде бос уақыт деген болмайды. Жұмысқа бармас бұрын таң алагеуімнен мал­дың қа­мын жасаймыз», дейді Әсемгүл Тоқтасынова.

Жуалының жұпар ауа­сын жұтып өскен отбасына мех­натқа толы ауыл тіршілігі таң­сық емес. Малды жайылымға шығару, жемшөбін беру, қысқы мал азығын дайындау секілді жұмыстарды бес саусақтай меңгеріп алған. Әрі олар өздері бастаған жаңа істі әрмен қарай өрістете түсуге де ниетті екен.

Әсемгүл Тоқтасынованың айтуынша, өткен жылы несие рәсімдеген соң қолға тиген қаржыға Жамбыл ауданынан 110 қой сатып алыпты. Дер кезінде жемшөбін әзірлеген. Алғашқы мал төлдету науқанында сол 110 бас қойдан 90 төл алған екен. Қазіргі кезде бір азаматты жұмыспен қамтып отырған жайы бар.

«Отбасымызда бір-бірімізді қай кезде де қолдап жүреміз. Соның арқасында табысқа жетіп отырған жайымыз бар. Бір сөзбен айтқанда, адал ниетіміз арқылы қолға алған ісіміз алға басып, нәтижесін көріп жатырмыз. Қойларымыз өткен жылдың желтоқсан айынан бас­тап төлдеді.

«Ауыл аманаты» бағдар­ла­масы ауылдағыларға үлкен мүмкіндік беріп отырғанын айта кеткен жөн. Қазығын алтын бесікке қаққан талай отбасы дәл осы жобаның шарапатын көріп отырғаны анық. Адал еңбектен қашпаған отбасылардың іскерлігі бізге де үлгі болды. Төмендетілген пайызбен берілген несиені өз мақсатымызға жұмсадық. Қазіргі кезде қолға алған сол ата кәсіптің арқасында нәсібімізді айырып отырмыз. Ауылдағы ағайынның жаңа істі бастауы үшін мүмкіндік беріп отырған билікке айтар алғысымыз шексіз.

Расында, ауыл – ыстық ұя, қимас мекен. Ұқсата білген адам ауылда жүріп-ақ мол табысқа кенеледі. Мұндағы саф ауа, арықтан аққан тау суы, жайқалып өскен тал-терек жаныңды рахатқа бөлейді. Биліктің өзі ауыл аза­мат­тарының жаңа іс бастауына мүм­кіндік тудырып жатқаны көңіл қуантады. Енді тұрғындар сол мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, кәсіп бастауға тәуекел етсе, нұр үстіне нұр. Қысқасы, қол қусырып қарап отырмаған адамға кәсіп те, жұмыс та ауылдан табылады», дейді Әсемгүл Тоқтасынова.

Ата кәсіп арқылы табыс табуға бел буған отбасының еңбекқорлығы көңіл тоғайтады. Ауылдастарының айтуынша, Серік Қадыровтың отбасындағы бірлік пен татулық, еңбекқорлық секілді қасиеттер көпке үлгі. Олар алдағы уақытта кәсібінің өрісін кеңейте түсуге ниетті. Бәрі де сәтімен болсын дейміз.

 

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы,

Алатау ауылы