• RUB:
    4.88
  • USD:
    525.11
  • EUR:
    546.74
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қыркүйек, 2024

Өңірдегі денсаулық ­саласы ілгерілеп келеді

80 рет
көрсетілді

Жетісу облысының денсаулық саласында алға қойған жоспарлары біртін­деп жүзеге асып келеді. Мәселен, биыл Талдықорғандағы кардиологиялық орталықта 3 мыңға жуық пациент ем қабылдап, операция жасатқан. Одан бөлек, ауыл-ауылдарда заманауи медициналық орталықтар салынып жатыр. Айталық, Қаратал ауданының өзінде 8 медицина нысаны бой көтереді. Сондай-ақ білікті мамандарды тарту жұмыстары қолға алынып жатыр.

Бүгінде Талдықорған қала­сын­да­ғы облыстық кардио­ло­гия­лық орталық – өңірдің ғана емес, елі­міздің де алдыңғы қатарлы меди­­циналық мекемелерінің бірі. Жыл басы­нан бері орталықта 3 мыңға жуық па­циент білікті ем қабылдап, операция жа­сат­қан. Мұнда жоғары технологиялы құрыл­­ғылардың көмегімен жүрек пен қан та­мыр­ларына күрделі операциялар жасалады.

Мамандардың айтуынша, қан айналымы жүйесінің аурулары әлемде таралуы бойынша 1-орында тұр, бұл сырқат түрлері жылдан-жылға «жасарып» келеді. Бұған көптеген фактор әсер етеді: дұрыс тамақтанбау, экология, физикалық белсенділіктің болмауы, жаман әдеттер, т.б. Осыған байланысты облыстық кардиологиялық орталықта қан айналымы жүйесі аурулары бар науқастар санының жыл сайын артып отырғаны байқалады.

Мәселен, кардиологиялық орталық директорының айтуынша, жыл сайын меди­циналық мекеменің клиникалық-диаг­ностикалық бөлімшесіне 20 мыңнан астам пациент қаралуға, кеңес алуға, УЗИ және басқа да тексерулер үшін жүгінеді.

«Бізде МӘМС бойынша тегін негізде жыл сайын екі мыңға жуық коронарография операциясы жүргізіледі, интер­венциялық кардиологиялық бөлім­шеде мыңдаған пациентке стенттер орнатылады. Сонымен қатар электрокардио­стимуляторларды имплантация­лау бойынша 150-ден астам операция, 120-дан астам ИКД имплантациясы (кардиовертердефибрилятор), 50-ден астам күрделі қайта синхрондау құрылғысын имплантациялау және жүрек ырғағын қалпына келтіруге 100-ге жуық операция, 400-ге жуық ашық жүрекке операция жасалады. Ашық жүрекке операция жасау – бұл коронарлық артерия­ларды, жүрек пен қолқа қақпақшасын ауыс­тыратын күрделі және жауапты процедура. Яғни Талды­қорғанда жүрек транс­плантациясынан басқа барлық операция жасалады. Бұл ретте біз жұмысқа резидентурада оқып, оқуын аяқтаған дәрігерлерді ғана қабылдаймыз», деп атап өтті облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Нұрсан Сурашев.

Бүгінде жетісулықтар барлық хи­рур­гиялық интервенциялық көмекті Тал­ды­қор­ғанда ала алады. Айта кетейік, кейінгі жыл­дары орталыққа еліміздің бас­қа қала­ларынан келген пациенттер де жиі жүгі­не бастады, сондай-ақ таяу ше­телдерден келетін пациенттердің де саны артқан.

Ең қуанарлығы, ауылдардағы медицина әлеуетін арттыру жұмыстары да қызу қолға алынып жатыр. Биыл об­­лыс­та инфрақұрылымды дамыту ая­­сын­да 94 денсаулық сақтау нысаны пай­да­лануға беріледі. Облыстық ден­сау­лық сақ­тау басқармасының басшысы Арман Жан­сең­гіровтің айтуынша, аталған 94 нысанның 59-ы «Ауылдық ден­саулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба­сы шеңберінде іске қосылмақ. Оның ішінде дәрігерлік амбулатория­лар, фельд­шер­­­­лік-акушерлік және меди­ци­налық пункт­тер бар. Ал алғашқы меди­ци­на­лық-сани­тар­лық көмек желісін кеңей­ту мақсатында ауыл­дар­да 27 блоктік-модуль­дік нысандар орна­ты­лады.

Сол­ардың қатарында Қаратал ауда­нының 4 ауылында ұлттық жоба аясында заманауи фельдшерлік-акушер­лік пункттердің құрылысы жүріп жатыр. Оян ауылында ФАП құры­лы­сына республикалық бюджеттен 192,9 млн теңге, ал Ортатөбе ауылына 189,1 млн теңге, Қызылжар елді мекеніндегі құры­лысқа 186,6 млн теңге, Қанабек ауы­лына 183,3 млн теңге бөлінген.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаң­ғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл тұрғындары үшін медициналық, сани­тарлық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында Қаратал ауданында алты медициналық мекеме салу жос­парланып отыр. Бүгінде төрт ауылда жұмыс басталды, олар – Оян, Ортатөбе, Қызылжар, Қанабек ауылдары. Жақын арада Доншы және Қаражиде елді мекендерінде құрылыс жұмыстары басталады», дейді Қаратал аудандық орталық ауруханасы директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Ілияс Жұманов.

Оның айтуынша, нысандар қараша айында пайдалануға беріледі. Мысалы, Қаратал ауданында 8 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланса, соның 6-ауы «Ауылдық жерлерде денсаулық сақ­тауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясын­да бой көтереді. Атап айтқанда, Орта­төбе, Қызылжар, Қанабек, Оян, Қара­жиде, Доншы ауылдарында 5 фельд­шерлік-акушерлік пункт пен бір мед­пункт салынады. Олардың құры­лы­сы биылғы жылдың соңына дейін аяқталады.

Осы ретте облыс басшысы Бейбіт Исабаев инфрақұрылымды дамыту мен кадр­лар тапшылығы проблемасын шешу меди­циналық қызметтердің сапасы мен қол­жетімділігін арттырудағы негізгі фак­­­тор­лар екенін жеткізді. Өңірдің әлеу­мет­тік инфрақұрылымын жақсарту мақ­са­­тында нысандар құрылысына блокті-мо­­дульді конструкцияларды пайдалану тұ­­рақ­­ты қолға алынған. Бұл шалғайдағы ауыл­­дарды заманауи медициналық нысандармен қамтамасыз ете отырып, құры­­лыс үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.

«2022 жылы облыс көлемінде 12 блокті-модульді медпункт салынса, 2023 жылы осындай 20 нысан тұрғызылды, биыл тағы 27-сін салу жоспарланып отыр. Соның ішінде осы жылы 2 блокті-модульді медициналық пункт Сарыбұлақ пен Кішітөбе ауылдарында орнатылады. Олардың құрылысы қарашаның соңына дейін аяқталады. Сонымен бірге «Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 59 нысан салу жоспарланса, соның 6-ауы – 5 фельдшерлік-акушерлік пункт пен бір медпункт Қаратал ауданында тұрғызылады. Медицина мамандарын тарту шаралары да назардан тыс қалған жоқ», деді облыс басшысы.

Осы мақсатта биыл облыста дәрігер­лерге бір реттік өтемақы ретінде әлеу­меттік көмек қарастырылып отыр. Мәселен, қалалық жерде – 5 млн теңге, ауылдық жерде 10 млн теңгеден бері­леді. Биыл жалпы 595 млн теңге қарас­ты­рылған. Сонымен қатар Қаратал ауданын­да 2022 жылдан бастап дәрігерлерге 13 пәтер бөлінген. Жалпы пәтерақы төлемі беріліп, көтерме жәрдемақылар төле­неді. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алуға жеңілдікті несиелер берілмек. Бұл үдеріс басқа аудандарда да жүзеге асып жатыр.

Атап өтсек, биыл ауданға үш қажетті маман – акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог және жалпы тәжірибе дәрігері келмек. Сонымен қатар үш жедел жәрдем көлігі Ескелді би, Көпбірлік ауылдары мен Үштөбе қаласының дәрігерлік амбулаторияларына берілді.

 

Жетісу облысы