• RUB:
    5.25
  • USD:
    477.62
  • EUR:
    527.67
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 19:13

Олжас Бектенов Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді

19 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов ішкі істер министрінің, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің, сондай-ақ Қаржы мониторингі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттіктері төрағаларының қатысуымен ҚР Үкіметі жанындағы Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында интернет-алаяқтыққа қарсы күрес және қаржы пирамидаларының алдын алу, қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары қаралды.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде «Киберпол» арнайы топтарымен 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылғанын, нәтижесінде 962 млн теңге көлеміндегі шығын өтелгенін баяндады. 914 қылмыскер ұсталды. Жалған нөмірлерден түскен 58 млн қоңырау бұғатталды. Еліміздің 5 қаласында 19 SIM-бокс және 6 мыңнан астам тіркелмеген SIM-карталары анықталды. «Антифрод-орталық» жұмысы аясында шетелге шығару сатысында тұрған 400 млн теңге бұғатталды. Шараларды күшейту үшін несие беруден ерікті түрде бас тарту, сондай-ақ жәбірленушінің қатысуынсыз ресімделген несиелерді есептен шығару бойынша бірқатар заңнамалық түзету пысықталуда.

ҚМА төрағасы Дмитрий Малахов келтірген мәліметке сәйкес, биыл 43 қаржы пирамидасы анықталып, мессенджерлердегі 266 чат жабылған. Осылайша, 2 млн-ға жуық азаматтың қаржылық шығынының алдын алды. «Киберқадағалау» жүйесі 8 мыңнан астам алаяқтық сипаттағы сайт бұғаттады. Азаматтарға компаниялар мен олардың интернет-ресурстарында қаржылық пирамида белгілерін дербес тексеруге мүмкіндік беретін Telegram-бот іске қосылды. Бүгінгі таңда 9 мыңнан астам өтініш қаралды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі арқылы интернет-алаяқтық, онлайн-казино және қаржы пирамидаларын жарнамалауды анықтау тұрғысында ақпараттық алаңға мониторинг жүргізу барысында жыл басынан бері заңсыз мазмұндағы 12 мың материал мен сілтемелерге қол жеткізуді шектеді. Киберқауіпсіздік мәдениетін дамыту шаралары нәтижесінде халықтың қауіп-қатер туралы хабардар болу деңгейі 80,4%-ға дейін өсті.

Премьер-министр Олжас Бектенов алаяқтық схемалар үздіксіз дамып келе жатқанын, барлық қажетті деректерді алуға мүмкіндік беретін заманауи хакерлік бағдарламалар қолданылатынын атап өтті. Осыған байланысты бірқатар бағыт бойынша жұмысты күшейту тапсырылды. Мәселен, осы санаттағы қылмыстық істерді тіркеудің ұзаққа созылуы мәселесін шешу үшін қаржы пирамидалары белгілерін анықтаудың нақты тетігін әзірлеу және бекіту тапсырылды.

«Мемлекет басшысы интернет-қылмыстарды ерте анықтау мен жолын кесу мәселесіне баса назар аудара отырып, оларға қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуді бірнеше рет тапсырды. Онлайн-кредиттерді ресімдеуге, банктік жинақтарды ұрлауға байланысты әрекеттердің көпшілігі шетелден отырып жасалады. Ұрланған ақша «дроперлер» дейтіндердің көмегімен қолма-қол ақшаға айналады. Олар – негізінен жұмыссыз азаматтар, көбінесе «жеңіл» ақшаға құныққан жастар. Қазір заңнамада «дроперлерге» қатысты ешқандай жауапкершілік қаралмаған. Оның үстіне ақпараттық базадағы мәліметтерді желіге немесе алаяқтарға беру бойынша да жауапкершілік жоқ. Сондықтан мүдделі мемлекеттік органдар банк шоттарын, карталарды, жеке куәліктегі деректерді, телефон нөмірлерінің базаларын бөтен адамдарға қасақана бергені үшін жауапкершілікті енгізу мәселесін пысықтауы қажет», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар алаяқтарға қарыз беруге жол бермеу мақсатында онлайн-кредиттерді ресімдеу кезінде ақпараттық қауіпсіздік жүйесін күшейту жөнінде шаралар қабылдау қажет. Мұнда онлайн-кредитті ресімдеу кезінде жеке басын сәйкестендіру рәсімдерін қайта қарау тапсырылды. Сондай-ақ ҚНРДА онлайн-несиелерді алаяқтық шабуылдардан сақтандыру мәселесін қарастырады.

Ведомствоаралық комиссия қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, оның ішінде вандализм мен бұзақылыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін қарады. Жыл басынан бері еліміз бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 4%-ға, тонау 14%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 18,5%-ға төмендеген. Бүгінгі таңда осындай 13,7 мыңға жуық қылмыс ашылды. «Мүлдем төзбеу» қағидатына сәйкес 9,4 млн-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден 45%-ға жоғары. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 856 стихиялық қоқыс орны анықталды. Бейнекамералар көмегімен 6,5 мың қылмыс пен 435 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жалпы, соңғы 3 жылда қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 2 есеге азайды.

Сонымен қатар көшелерде жасалған қылмыстың көбеюі байқалады. Үкімет басшысы бірқатар өңірдің әкімдерін тыңдап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтуді тапсырды.

«Тәжірибе көрсеткендей, қауіпсіздік камералары бар жерлерде құқық бұзушылықтар аз. Олар қоғамды тәртіпке үйретеді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында жаңа технологияларды қолдану жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Енді бұл жұмысты қоғамдық тәртіп саласында да дамыту қажет. Бейнебақылау камераларының желісін кеңейтіп қана қоймай, олардың сапасын күшейте отырып, жеке басын сәйкестендіру мүмкіндігімен цифрлық интеллектуалдық жүйелерге көшуді жүзеге асыру қажет. Осыған байланысты, өңір әкімдіктері қоғамдық орындарда, тұрғын үйлердің аулаларында және азаматтар жаппай жиналатын орындарында бейнебақылау камераларының санын көбейту бойынша жұмысты ұйымдастырсын», деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Үкімет басшысы отырысқа қатысушылардың назарын Қызылсуат ауылына жақын маңда Астана қаласының айналма жолында орын алған жағдайға аударды. Бұрын хабарланғандай, ауыр жүк көлігінің жүргізушілері пайда табу үшін автокөліктерді автоматты түрде өлшеу жүйесін бұзуға тырысқан. Бұл шара өз кезегінде жолдардың сақталуын қамтамасыз етуге және олардың бұзылуын болдырмауға бағытталған. Көлік бақылауынан өтуден бас тарту және жауапкершіліктен жалтару фактілерін ескере отырып, Көлік министрлігіне Ішкі істер, Мәдениет және ақпарат министрліктерімен бірлесіп тиісті түсіндіру жұмыстарын күшейту және ауыр салмақты көлік құралдарының жүруіне сапалы бақылауды қамтамасыз ету жүктелді. Сондай-ақ абаттандыруға зиян келтіру, рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастау сияқты басқа да мәселелер бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

«Жекелеген өңірлерде қалдықтарды шығару және сақтау үшін инфрақұрылым мен жағдайлар жасауға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Биыл Ақмола облысының Қоянды кентінің маңында жеке кәсіпорындардың тұрмыстық қалдықтарды төгіп, заңсыз полигондарды салу фактілері тіркелді. Біз қалалы жерлерде уақтылы шығарылмаған қоқыстардың автомобиль жолдарының бойында жиналып жататынын жиі көреміз. Мұндай көрініс әсіресе жеке тұрғын үйлер орналасқан аудандарында байқалады. Бұған жол берілмейді», деп атап өткен Премьер-министр Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қалдықтарды басқару және қоқыс шығаратын ұйымдардың қызметін бақылау тетіктерін күшейту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ең ұсақ құқық бұзушылықтарға да әдістемелік реакциялар қажет екенін атап өтті. Көшелердегі, қоғамдық орындардағы жалпы тәртіп шешуші рөл атқарады және қылмыс пен құқық бұзушылықтың жалпы деңгейіне әсер етеді. Бұзушылықтардың барлық түріне төзбеушілік танытуды көздейтін «сынған терезелер» теориясына сәйкес, тіпті болмашы құқық бұзушылықтарға жол беру қылмыстың, соның ішінде ауыр қылмыстардың көбеюіне әкеледі. Премьер-министр бұзақылыққа қарсы іс-қимылда орталық рөл жергілікті атқарушы органдарға беріліп отырғанын атап өтіп, өңірлердегі жұмысты күшейтуді тапсырды.

Күн тәртібінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алумәселесі қаралды.

Кәмелетке толмағандардың құқығы мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік заң жүзінде қатаңдатылды. Атап айтқанда, татуласу алынып тасталды, кәмелетке толмағандарды зорлағаны үшін тек өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылған (бұрын – 20 жыл бас бостандығынан айыру). Жыныстық зорлық-зомбылық және суицидті насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл шеңберінде балалар арасында қорқытудың және буллингтің алдын алу жөніндегі шаралар күшейтілді. Қорқыту, буллинг пен кибербуллингтің құрбаны болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету әдістемесі қабылданды.

Биылғы оқу жылында еліміздің 110 мектебінде Зияткерлік мектептермен бірлесе отырып, буллингке қарсы Kiva пилоттық бағдарламалары, сондай-ақ 50 мектепте «ДосболLike» бағдарламасы іске қосылды. Нәтижесі бойынша бағдарламаларды басқа мектептерге енгізу туралы шешім қабылданады. Биыл бала тәрбиесі бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін 70 қылмыстық іс қозғалған. Балалардың түнгі уақытта үйден тыс жерде болғаны үшін 84 мыңнан астам ата-ана жауапқа тартылды. Осыған байланысты 6,5 мың мектепте ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары ашылды. Сынып жетекшілері рөлінің маңыздылығын ескере отырып, мұғалімге сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақы мөлшерін арттыру мүмкіндігі пысықталып жатыр. Сонымен қатар құрдастарына теріс әсер ететін 1700 заңсыз «көшбасшы» анықталып, бақылауға алынды. Жалпы, соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасындағы қылмыс өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға, биыл 5%-ға төмендеді.

Премьер-министр Олжас Бектенов кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейін одан әрі төмендету бойынша қосымша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Қажетті қолдауға мұқтаж отбасыларды анықтау шараларын күшейту үшін отбасының цифрлық картасының функционалдығын кеңейту тапсырылды. Сондай-ақ балаларға қатысты зорлық-зомбылық және суицид көріністерін анықтаудың жаңа тәсілдерін әзірлей отырып, оқу орындарының психологиялық қызметінің жұмысын күшейту қажет. Қаржы министрлігіне кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін сатуға жол бермеу жөніндегі жұмысты жандандыру тапсырылды. Бұдан басқа, баланың психологиялық және физикалық дамуына зиян келтіретін құқыққа қарсы мазмұнға қол жеткізуді шектеуді көздейтін қосымшаны әзірлеу мәселесі пысықталатын болады. 

Отырысты қорытындылай келе, Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Жолдауда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді стратегиялық басымдықпен айқындағанын атап өтті. Үкімет қазақстандықтардың жайлы әрі қауіпсіз өмірін қамтамасыз ету үшін жұмысты күшейту мақсатында барлық шараларды қабылдайтын болады. Ішкі істер министрлігіне күш-жігерді шоғырландыру бойынша жаңа тәсілдерді іске асыру және құқық бұзушылықтардың алдын алудың жаңа әрі тиімді жүйесін құру тапсырылды.