Суретші өз туындыларына тақырып іздеп, қиядан асып, ел шетіне шығып кетпейді. Өмір мен болмыстың заңдылықтарын ата дәстүрден, ұлттық тұрмыстың ғасырлар бойы сыннан өтіп, дәлелденген қарым-қатынасынан, ішкі әлемінің иірімдерінен іздейді.
Оның қолтаңбасында дала дәстүрі, ұрпақ сабақтастығы мен ұлт тарихы алғашқы орында тұрады. Стилистикалық мәдениеті мен образдық пайымдаулары суреткердің жазылып қойған мінездемесіндей. Кескіндеменің пластикалық-образдық жүйесі мен алуан түрлі композициялық шешімдерді жіті меңгерген Әли Бақтыгереев тарихи тақырыптарға келгенде ерекше шабыттана түсетіндей. Кез келген туындыгер аңғара бермейтін жеке құбылыстарға жан-жақты көзқараспен ұмтылысы суретшіні ұлттық тақырыптың этноромантикалық биік сатысына жетелейді.
Ол суретші ретінде де, педагог ретінде де қазақ заманауи кескіндеме мектебінің дамуына зор үлес қосты. Ұстаздықпен өткен бедерлі жылдар ішінде Ә.Бақтыгереев, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің қабырғасында ерен жүйрік суретшілердің тұтас бір шоғырын шыңдап шығарды. Шәкірттері қазіргі таңда «Бақтыгереев мектебі» сурет өнерінде өзіне тән өрнегін қалыптастырған, ұлттық мінезге бай мектеп екенін дәлелдеп келеді.
Этнографияға қанық, ұлттық бояуға бай картиналардың өне бойынан ежелгі өркениеттің ошағы болған көшпенділер мәдениетінің мәйегін көресіз. Ең бастысы автор, бұл күйді көрермен жанына ұғынықты тілде жеткізудің әдіс-амалын дәл табуға талпынады. Суретші нысанаға алған әр тақырып шығармадағы негізгі айтар ойды ашық та, астарлап та жеткізеді. Ата-баба дәстүрі, жазылмаған дала заңы, үлкенге құрмет, мейірім, адамгершілік, ізет секілді құндылықтар оның негізгі тақырыбы. Бұл тұрғыда дарынды қылқалам шеберінің «Көш», «Батыр», «Күннің батуы», «Әуез», «Өмір», «Кеш», «Жаназа» секілді әсерлі де әуезді шығармаларын айрықша атай кеткен жөн. Туындылардың өзегінде еркіндік, тазалық, ұлттық мұра, ақ пен қараның қайшылығы, өткенге оралу дейтін сан тарау идеялар жатыр.
«Әлидің «Жаназа» атты шығармасы аса көлемді эпикалық кесек туынды. Нағыз музей төрінен орын алатын қазіргі заман кескіндемесінің жаңашыл жетістігі. Қазақ кескіндемесінде картинаның музыкалығын көбі колорит арқылы шешсе, Әли образ бейнелермен шешкен. Бұл үлкен оркестрге арналған симфония тәрізді. Айтқысы келген ой да, көрсеткісі келген тарихи этнографиялық бейнелер де көп. Суретте картинаны тұтастай ыждағатпен қарайтын тұстар жетіп артылады. Суретші үшін көрерменнің назарын ұстай білу өте маңызды. Осылайша, суретші көрерменнің назарын артқа, суреттің орта тұсына аудара алған. Көп фигуралы композицияның әр бейнесінде тылсым образдар бар. Мифтік фольклоризм санадағы ағын, ой ағыны ретінде ғажап әуенге толы. Эпостық қуат деген аста төк. Бұл жерде өте жоғары мәдениет, терең талғам мен суретшінің дүниетанымдық өресі тұр. Ракурстардың қуаты, арасында қиял ғажайып бейнелерді де кірістерген де, тылсым әлем әуені пайда болған. Айрықша көркемдік шеберлігімен қоса тарихи дерекнамаларды саралап, барынша көркем етіп беру шеберлігін атап айтуымыз керек. Ә.Бақтыгереевтің «Жаназа» туындысы авторлық ойдың аса тереңдігімен, көркемдік ойды жинақтаудың кеңдігімен, эпикалық тынысының құлашымен, көп фигуралы композицияны тылсым музыкалық әуенге бағындыруымен құнды. Бұл үлкен жаңалық», дейді профессор Жанарбек Берістен.
Жазған-сызғаныңда ұшқыр қиял, ұтымды шешімнен бөлек көңіл толқытар сезім қылаң бермесе, өміршең туындыны өмірге әкелдім деу бекер. Ал ондағы сезім иірімдерін әркім әртүрлі қабылдайды, өз-көрген түйгенімен ұштастырады, сол арқылы шығармаға жан бітеді. Расымен де бейнелі шығарманы бағалау өлшемін қарапайым көрерменнің көңіл түйсігіне қалдырған дұрыс.
АЛМАТЫ