• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Digital 13 Қыркүйек, 2024

Келелі конференция жемісі

71 рет
көрсетілді

Цифрлық инклюзия және трансформация бойынша Азия-Тынық мұхиты елдерінің министрлік конференция­сында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен «Google» ком­па­ниясының Кавказ және Орталық Азия аймағы бойынша үкіметпен байланыс әрі қоғамдық саясат бөлі­мі­нің басшысы Ольга Скороходова Қазақстанның цифр­лық трансформациясын жеделдетуге бағытталған стра­те­гиялық серіктестіктің нәтижелерін талқылады. Сонымен қатар конференцияға келген 30 елдің делегат­та­рына еліміздің үздік стартаптары мен ірі IT-ком­па­ния­ларының жобалары таныстырылды.

«Google»-мен ынтымақтастық

«Google»-мен ынты­мақ­тас­тығымыз еліміздің цифрлық экономикасын айтарлықтай дамытатыны анық. Біз бірлесіп елдің инфрақұрылымын жаң­ғыртып қана қоймай, инновацияларды дамытуға және жұмыс орындарын құруға ықпал ететін платформалар жасаймыз. Осынау ынты­мақ­тастық нәтижесінде елі­міз халықаралық аренада цифр­лық трансформация бағы­тында жетекші орынға ие болады деп сенеміз», деді Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнер­­­­­­­­­кә­сі­бі министрі Жаслан Мәдиев.

Келіссөз нәтижесінде, енді еліміздің жоғары оқу орындары «Google» компаниясымен бірлесіп, «Generative AI» курс­тарын жүргізеді. Студенттер генеративті жасанды интеллект дағдыларын дамытуға бағытталған «Google Cloud Skills Boost» платформасында тегін курстан өте алады.

Жобаға еліміздің жетекші жоғары оқу орындары, атап айтсақ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңір­лік университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық универ­ситеті, Қарағанды индустриялық универ­ситеті, «SDU University», Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техни­калық уни­верситеті, Astana IT универ­си­теті, Қазақ­стан-Британ техникалық уни­вер­­си­теті, ­Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энер­гетика және байланыс университеті, Шәкә­рім университеті, Есенов уни­вер­­­ситеті, Торайғыров университеті қа­ты­сады.

«Google» компаниясымен бірлескен жоба – цифрлық сауаттылықты арттыру және жасанды интеллект саласында озық білімі бар мамандарды даярлау жолындағы маңызды қадам. Бұл жұмыс «Google»-мен одан әрі ынтымақтастықты нығайтып, еліміздегі білім деңгейін артты­ру­ға ықпал етеді», деді Ғылым және жо­ға­ры білім вице-министрі Динара Щеглова.

Қанатқақты жоба аясында 6 000-нан астам қазақстандық студент «Google Cloud Skills boost» платформасында жасанды интеллектінің озық инновация­ларын игеруге мүмкіндік алады. Айта кетейік, генеративті курстар жиынтығы университеттерге арнайы «Google Cloud Career Launchpad» бағдарламасы арқылы қолжетімді.

«Жасанды интеллект саласындағы дағдыларды дамытуға деген стратегиялық көзқарас – Қазақстанның ЖИ дәуіріндегі табысты цифрлық трансформациясының кілті. Біздің министрлікпен бірлескен бастамамыз жоғары білікті кадрларды даярлауға және елдің технологиялық әлеуетін нығайтуға бағыт­талған», деді Кавказ және Орталық Азия аймағы бо­йынша үкіметпен байланыс әрі қоғам­дық саясат бөлімінің басшысы Ольга Скороходова.

Қазірдің өзінде «Google» компаниясы министрлікпен бірлесіп, цифрлық технологиялар арқылы білім беру саласын трансформациялау бойынша бірнеше жұмыстар атқарып жатыр. Мәселен, IT-HUB жобасы аясында былтыр 11 жетекші қазақстандық жоғары оқу орындарынан 900-ден астам студент «Android» платформасында жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және әзірлемелер саласында озық дағдыларды игерді.

Аталған компания сонымен қатар еліміздегі «Google Developer Students Clubs» атты 14 клубты қолдайды. Студенттерді қоғамдастыққа біріктіру арқылы бұл ұйым­дар тәжірибе алмасуға, жобалармен бірлесіп жұмыс істеуге және кәсіби байланыстарды дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Бұл студенттерге жаңа технологияларды игеріп қана қоймай, IT қауымдастығының бір бөлігі болуға үлкен септігін тигізеді.

«Google» мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі арасындағы стратегиялық серіктес­тік аясында стартаптарды қолдау және бұлтты технологияларды енгізу жұмыстары бойынша да ілкімді істер атқарылып жатыр. Мәселен, «Google» «Astana Hub»-пен бірлесіп, кейінгі екі жылда 55-тен астам стартаптың дамуын жеделдетті. Сонымен қатар «Silkway Accelerator» түлектері «Google for Startups Cloud Program» бағдарламасына қатысуға құқылы, олар елімізде бұлтты технологияларды енгізуге ықпал ететін артықшылықтарға ие болады.

«Google» алдағы жылы да Қазақстанда бірнеше жаңа өнімдер мен қызметтерді ұсынбақ. Атап айтсақ, Қазақстан азаматтары қазір эксперименталды «Gemini» жасанды интеллект чат-ботына және «Flood Hub» құралына қол жеткізе алады, бұл құрал қауымдастықтарға ықтимал табиғи апаттарға жақсы дайындалуға көмектесе отырып, су тасқынының жеті күнге дейінгі нақты болжамдарын ұсынады. Одан бөлек, «Google Maps» қызметіндегі «Street View» функциясы еліміздегі әртүрлі орынның егжей-тегжейлі және интер­активті көріністерін ұсына отырып, туристік саланың дамуына әрі шағын және орта бизнесті қолдауға оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар «YouTube Premium»-ның енгі­зілуі халық арасында үлкен қызығушылық тудырды, автор­ларға өз маз­мұнын тиімді моне­тизациялаудың жаңа мүм­кіндіктерін ұсы­нады. Талқы­лау қоры­тындысы бойынша министр­лік пен «Google» компания­сы бір­лестікті одан сайын нығайтып, болашақ ынты­мақтастықтың негізгі басым­дықтарын бел­гіледі.

 

«Kazakhstan Tech Solution Day»

Цифрлық инклюзия және трансформация жө­нін­дегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясында 30 елден келген делегаттарға еліміздің үздік стартаптары мен ірі IT-компанияларының жобалары таныстырылды. «Kazakhstan Tech Solution Day» алаңында «Astana Hub» халықаралық технопаркінің бастамасымен еліміздің цифрлық технология жетістіктерін танытатын стартаптар мен IT-компаниялардың бірегей көрмесі өтті. Мұнда еліміздің 50-ден астам үздік стартабы мен ірі IT-компаниясы жасанды интеллект, экологиялық технологиялар, ақылды үйлер, білім беру платформалары, қауіпсіздік жүйелері, цифрлық денсаулық сақтау, деректер­ді талдау, электронды коммерция, био­метриялық технологиялар, мобильді қосымшалар және энергияны басқару салаларындағы үздік шешімдерін ұсынды. Талқылауларға цифрландыру саласындағы жетекші сарапшылар, атқарушы хатшы Армида Салсия Алишахбана бастаған БҰҰ АТМЭӘК өкілдері, әртүрлі елдің цифрлық министрлері, сондай-ақ «Amazon», «Forbes Technology Council», «Epam» сынды жаһандық компаниялардың жетекшілері қатысты.

«Kazakhstan Tech Solution Day»-де ұсы­нылған стартаптар мен компания­лар тек жо­ғары инновация деңгейін көрсетіп қана қоймай, өмір сүру сапасын жақсартып, тұрақты дамуға елеулі үлес қосып келеді. Мысалы, «Ozim Platform» бейімделген білім беру бағдарламалары арқылы мүм­кін­дігі шектеулі жандарға қолдау көр­сетсе, «Global Green Hub» тұрақты даму үшін экологиялық технологияларды әзірлейді. Ал «Livin» өмір сапасын жақсартуға арналған цифрлық шешімдер жасаса, «BeyimTech» әртүрлі сала­дағы тиімділікті арттыруға жа­сан­­ды интеллект пен аналитикалық ше­шім­­дерді дамытады. «Oqylyq» бала­лар­дың сауат­тылығын арттыруға көмек­тес­се, «Ziz inc» IoT технологиясымен ақылды үй шешімдерін әзірлейді, ал «Qoshqar Energy» стартабы жаңартылатын энергия мен көмір­тегі ізін азайтуға бағытталған», деді «Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев.

Айта кетейік, конференция аясында ұйымдастырылған «Kazakhstan Tech Solution Day» алаңының бас демеушісі – жетекші қазақстандық технологиялық компания «Kaspi.kz» болды. Сонымен қатар іс-шараны «Freedom Bank» пен «inDrive» платформалары қолдады. Бұл – бизнестің еліміздегі цифрлық әлеуетті дамытуға деген қызығушылығының жоғары деңгейін айқындайды.

«Kazakhstan Tech Solution Day» – тек ІТ-саласындағы жетістіктерді көр­сету мүм­кіндігі ғана емес, сонымен қатар Қазақстанда әрі дүниежүзінде инно­вациялық экожүйені дамытуға ықпал ететін жаңа әріптестік пен баста­ма­лардың негізін қалау мүмкіндігі. Бұл іс-шара жаңа технологияларды енгізу мен ынтымақтастыққа жол ашып, елі­­міздің жаһандық цифрлық эконо­микадағы рөлін нығай­тады», деді Цифрлық да­му, инновациялар және аэро­­­ғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев,

«Kazakhstan Tech Solution Day» іс-шарасында «01 Edu» мен «01 Talent» жобаларының тең құрылтайшысы Николя Садирак 200 000-нан астам IT-маманды оқыту тәжірибесін бөлісіп, жасанды интеллект дәуірінде оқыту әдістерін қайта қарау қажеттігін баян­дады. Сондай-ақ ол ChatGPT-мен бірлесіп жазылған «Жасанды интеллект серфингіне дайын­­дық» атты кітабының тұ­сауын кесті. Мұнда білім беруде адам мен жасанды зерде арасындағы тепе-теңдік мәселесі зерттелген.

«Astana Hub» қолдауымен қазақ және орыс тілдеріне аударылған кітап қаты­су­­­шы­­лардың үлкен қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар Николя Садирак панель­дік сессияға қатысып, жасанды интел­лектінің қарқынды даму жағдайында дәс­түрлі оқыту тәсілдерін қайта қарау қа­жеттігін атап өтті. Оның айтуынша, дәс­түрлі білім беру жүйесі жаңа нарық талаптарына шұғыл бейімделу керек, әйтпесе бұл ақпараттық технологиялар мен ЖИ са­ла­сында мамандар тапшылығын тудырады.

«Біз технологиялар өте тез өзгеріп жат­қан дәуірде өмір сүріп жатырмыз. IT-мамандарды оқытумен 25 жыл бойы айналысып келемін. Бұрын компаниялардың қажеттіліктерін түсіну үшін өндірістік зерттеулер жүргізетінбіз, содан кейін сол талап­тарға сай инженерлерді дайын­дауға тыры­сатынбыз. Осы үдеріс әдетте үш жыл­дан бес жылға дейін созылатын. Қазір бұл мүмкін емес, өйткені сұраныс жылдам өзгеріп отырады, бүгін қажет дүние екі жылдан кейін маңызын жоғалтады. Сон­дық­тан оқытуға деген көзқарасымызды түбе­гей­лі қайта қарауымыз керек», деді ол.