• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Басылым 13 Қыркүйек, 2024

Өлең өлкесіндегі «Жауырыншы»

142 рет
көрсетілді

Бүгінгі шығармашыл жандар әлеуметтік желілерде белсенді келеді. Әрине, бұл смартфон қоғамында жазған-сызғаныңды насихаттауға да таптырмас құрал болып отырғаны рас. Десек те жылтылдаған әлеуметтік желілерден жырақ, оқырман көзінен тасада жүретін қаламгерлер бар. Өз тыныштығында жазуы жазылып жатады, кітабы таралып жатады.

Әдеби сауалдамамыздың кезекті қонағы – қалам­гер Серік Сағын­тай. Дәстүрлі сұрақ: не жазып жүрсіз?

– Биылғы жыл жеке шығар­машылығым үшін жемісті болды. Жаз ортасында Астанадағы «Кәу­сар» баспасынан жалпы көлемі 15 баспатабақ болатын «Жауырыншы» атты жыр жинағым жарық көрді. Осы кітап арқылы нешеме жыл қаламыма, қадамыма серт ұсынған поэзия атты құдірет алдында есеп беріп, енді таза прозамен айналысамын деп шешкен едім. Енді поэзия кітабын шығармаймын. Бұған дейін үш өлең кітабым, екі әңгіме-хикаяттар жинағым жыл аралатып жария көрген болатын. «Жауырыншыдан» кейін өлеңді өзім үшін ғана жазып, енді тек қарасөзбен «әуре болмақпын». Қа­зақта ақын көп қой, өндіріп жазып та жатыр олар.

Жаз ортасында баспаға хикаят­тар мен әңгімелер жинағымды ұсынып қойғам. Ел егемен болғалы қалыптасқан қазіргі әдеби орта, ақын-жазушылар әлемі турасында он жылдай бұрын бірнеше хикаят, ондаған әңгімеден тұратын үлкен жазуды жоспарлап, соның жайымен бұл ретте алғашқы кіта­бымды тәмамдадым. Бұйыртса, «Мың­жылдықтың соңғы күздері» деген атпен жария қағаз жүзін көруі керек. Қазір осы шимайдың екінші кітабын ақырындап таратып жазып бастадым. Одан бөлек, қазақтың аяулы әншісі, аға досым, серт ұстасқан сері көкем Сейіл Аяған туралы деректі роман басталғалы жыл жылысты. Соның ізгі парыз-борышымен ізденіп, дерек-дәйек қамтып, жоспарлы жұмыс үстіндемін. Бізде мемуарлық салт дамығанымен, сонау заманғы «ЖЗЛ»-дер дәстүріндегі биографиялық жазу кемшіндеп тұр. Бірқатар ізденіс, уақыт, жүріс-тұрыс, қағаз кеміртер, жүйке тоздырар көлденең шаруасы көп болған соң жеке шығармашылығымен байлаулы қаламгер қауым бұл тарап­та көп шиыр-соқпақ салмайды. Бұл да бір тараптағы ізденулерге сеп.

Кейінгі бірнеше жылда қара­ғандылық өлкетанушы Айдаржан Қасенұлы есімді азаматпен бірлесіп, көне шағатай әліпбиімен, бізге етенелеу сұлу жәдидпен таңбаланған қолжазбалардан бірнеше жинақ кітап шығардық. Жекелеген адам­дардың қаржысына, әлбетте. Қа­зір­гі замандастарымыз жеке мұ­рағаттарында, үйінде тұрған араб қарпімен таңбаланған қолжазба, көне кітаптардың бәрін Құран кітабы немесе соған қатысы бар дүниелер деп ойлайды. Әліпті таяқ деп танымаған соң ғой. Сондай жазбалардың бірқатарын оқып, қазіргі кириллицаға түсіріп, оқып-тергеп, тексеріп, жұмысбасты болып жүреміз. Әлеуметтік желілерде жылтырап көрінбей, ол кеңістікте ләм жазбайтынымыз да сол себептен. Жазудан гөрі оқитын дүние де көбейе береді ғой ізденген жанға...

Осының бәрінің сыртында биыл Мәдениет және ақпарат министр­лігінің қазіргі көркем әдебиет саласын дамыту және қолдау мақсатында «ТМД елдерінің архивтеріндегі қа­зақстандық жазу­шылардың зерттеу жұмыстары» жобасы бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында Ресейдің Том қаласында біраз күн іссапармен болып, бірқатар мұрағат-кітапхана қор­ларын ақ­тарып қайтқан едім. Жақында осы ізденіс ретінде қа­зақ-сібір ел­дерінің жазушылары арасындағы әдеби байланыстарға жос­парланған кітапты жазып бітір­дім. Жыл соңына дейін жарық көруге тиіс.