Шыны керек, бұрын өңірдің кейбір адамы туризмді «бейіт басындағы бизнес» секілді көретін. Мәселен, Алматыға барғанда ел аралап, жер көріп, таным көкжиегін кеңейтіп жүрген туристерді байқасақ, өңірге келген шетелдіктерді Айша бибі мазарының қасынан ғана көз шалатын. Оның өзінде аса көп емес. Көзімізге бөтендеу көрінетін үнді, араб секілді бірнеше ұлт өкілін байқаған кезіміз бар, әйтеуір...
Кейін туризм саласына там-тұмдап болсын жан біткендей көрінді. Өңір тізгінін Асқар Мырзахметов ұстаған тұста «Жамбылдың өз «Шымбұлағы» болады. «Қаралма» тау-шаңғы кешені салынады. Демалыс аумағына тек жамбылдықтар ғана емес, еліміздің әр қиырынан меймандар ат басын бұрады, тынығады», деген дақпырты көп әңгіме басталған. Алайда Қордай оқиғасынан кейін Асқар Мырзахметов қызметінен кетті. Ал оның ізін басқан әкімдер ірі жобаға бас ауырта қойған жоқ.
Ел «Қаралма» қашан ашылады?» деп жүргенде Жуалы жақта «Көксай» этнотуристік демалыс аймағы ашылды. Жұрт арасында мега жоба ретінде дақпырты жайылған «Қаралма» сол күйі қараусыз қалғандай көрінді. Марқұм Бердібек Сапарбаев пен Нұржан Нұржігітов әкім болып тұрған шақта назардан тыс қалған «Қаралманың» құрылысы Ербол Қарашөкеевтің тұсында аяқтала ма?
Кері шегініс жасасақ... «Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» демекші, жылдар бойы «жырланған» «Қаралманың» әңгімесі былтырдан бері саябырси бастағандай көрінген еді. Алайда Ерболат Саурықов бастаған Мәжіліс депутаттары осы жылдың наурыз айында мега жобаға қатысты Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, ұмыт бола бастаған тақырыпты қайта тірілтті. Содан бері «Қаралманың» әңгімесі қайта жанданған секілді.
«Ұлы Жібек жолы» бойында орналасқан Жамбыл облысының даму жоспарында туризмді дамытуға басты назар аударылуы керек деп есептейміз. Осы саланы дамыту арқылы облысқа қосымша инвестициялар тарту мүмкіндіктері пайда болатыны белгілі. Өкінішке қарай, туризмге байланысты көп мәселелер әлі де шешімін таппай отыр. Соның біреуі – Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау-шаңғы туризм кешені.
Біздің мәліметтер бойынша, аталған жоба 2018 жылы сол кездегі облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің ұсынысымен басталған. Жамбыл облысының жұртшылығы бұл ұсынысты қуана мақұлдады. Жобаның инвесторы – «ТаразСтрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сол уақыттағы сметасы – 6,3 млрд теңге. Кешен құрылысы 2018 жылдың тамыз айында басталған.
Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың 1 тоқсанында жоба бастаушысының жеке қаражатының тапшылығына байланысты тоқтаған. Бүгінгі күні уақыттың созылуына байланысты жобаның құны қайта есептеліп, 7,9 млрд теңгені құрап отыр. Осы күнге дейін игерілген сома – 4,8 млрд теңге. Кешеннің құрылысын толық аяқтау үшін 3,1 млрд теңге қажет.
Инфрақұрылым жобалары бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізінен тау етегіне дейінгі 7 шақырымға асфальтталған автожол жүргізілген, газбен, электр жүйесімен қамтамасыз етілген. Тау шаңғысы кешеніндегі арқан жолының құрылысы, ішкі алаңдарды абаттандыру жұмыстары, кірме жол, ресторан, сервис орталығы, техникалық бокс және өзге қажеттіліктер шамамен 80 пайызға аяқталған.
Мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқылы 542 млн 600 мың теңгеге ауыз су мен кәріз жүйесі тартылған. Сол сияқты саяхаттаушылар мен демалушыларға және шаңғы тебушілерге арналған жекелеген инвесторлар тарапынан 20 коттедждің құрылысы 70-80 пайызға аяқталған.
«Бұл жерге Жамбыл облысы және іргелес жатқан, 300 мыңнан астам халқы бар Түркістан облысының 2 ауданы жақын. Жеке инвестордың қаражатымен халық игілігі үшін басталған осындай іргелі жобалар неге аяқталмай қалады? Кім кінәлі? Жүйе ме, әлде бір әкімнің ұсынысын екінші әкім жалғастырғысы келмейтіндігі ме? Жанымызда тау шаңғысы кешені тұрғанда, неге адамдар сабылып 500 шақырым жердегі саяхат орнына баруға тиіс? Қарапайым халықтың қалтасы бағасы шарықтаған Шымбұлақ пен Ақбұлақты қалай көтереді? Жергілікті басшылар немесе Туризм және спорт министрі неге осыны ойламайды», деген Е.Саурықов бастаған депутаттардың сауалынан кейін бұл әңгімені қайта ұмыта бастаған едік. Облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек «Қаралмаға» қатысты жаңа бір деректің шетін шығарды.
«Негізі «Қаралма» тау-шаңғы кешені жеке инвестордың қаражаты есебінен салынған. Екі кәсіпкер 4,3 млрд теңге қаржы құйдық деп айтып жүр. Алайда ірі жоба аяқсыз қалған. Қазіргі кезде «Ақниет групп» компаниясына өтініш жасап, қолқа салып, «Қаралманы» әрі қарай дамытсақ деген келісімге келдік. Соңғы 2-3 айдың бедерінде құрылысқа қанша қаражат кеткені есептеліп жатыр. Жолға, инфрақұрылымға, арқан жолға тағы басқа жұмыстарға қанша қаржы жұмсалғаны таяуда ғана нақтыланды. Енді «Ақниет групп» тура жұмсалған мөлшерде қаражат салады. Осы жылғы маусымға үлгеру қиын екені түсінікті. Әйткенмен, келесі жылғы маусымға дейін аяқтаймыз деген жоспарымыз бар. Ең бастысы, ірі жобаны аяқсыз қалдырмай бітіруіміз керек» дейді Ә. Тамабек.
Қалай десек те, 5 жыл бойы құрылысы бітпеген ірі жобаға нүкте қойылатын күн алыс емес секілді. Өйткені облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те жұрт көкейіндегі мәселені жеке бақылауына алғанын айтты. Соған қарағанда, жергілікті билік «Қаралма» тау-шаңғы кешенін толықтай аяқтап, өңірге туристер тартуға ниеттеніп отырған секілді. Әрине, іске сәт дейміз.
Бес жыл бұрын жұрт құлағын көтерген ірі жоба «Қаралма» тау-шаңғы кешені келесі жылы толыққанды аяқтала ма? Облыс әкімінің орынбасары барлық құрылыс жұмысы уақтылы бітетініне бек сенімді. Не де болса, уақыт көрсетер. Қолға алған істің соңы сиырқұйымшақтанып кетпесе болғаны.
Жамбыл облысы