Жүзге дейін жүрегі жыр деп соққан... «Арыстанның артында терісі қалады, ақынның артында асыл сөзі қалады» демей ме дана халқымыз? Жетісудан шыққан атақты әнші, композитор, ақын Кенен Әзірбаев кезінде белгілі жыршы да болғаны мәлім. Кененнің жыршылық репертуарында Орта Азия халықтарына ежелден әйгілі болған «Ер Төстік», қырғыздың атақты эпосы «Манас» («Көкетайдың асы») жырлары ерекше орын алып келді, оларды асқан шабытпен жырлады. Біздің дәуірімізге ақын идеялық-көркемдік мәні күшті «Қырғызбай», «Әли батыр», «Кенебай – Кербез», «Жамбыл – жыр» жырларын жеткізді. Өзге жыршылар секілді Кенен де бұрынғы эпостың ең тартымды, асыл нұсқаларын халыққа тарату жолында аса пайдалы еңбек етті. Қазақтың «Ұлы жүз жайында аңыз», «Жалғыз қаз», «Қырғызбай», «Әли батыр», «Кенебай – Кербез», «Жамбыл – жыр» секілді ондаған эпикалық жырын Кенен жыршы насихаттап отырды. Ал тамаша қаһармандық жыр – «Бұрынғы өткен батырлар» («Көкетайдың асы») атты қырғыздың атақты эпосы «Манастың» бір бөлімі, біздің дәуірімізге жетуі жыршылық дәстүрдің баға жетпес қызметін сипаттай алады.
Қасиетті Қордай өңірінде өткен, көпті көрген, көп жасаған дана қарт Байсақ дүниеден өтерінің алдында халін сұрай келген бала Кененге: «Е, Кененсің бе? Боларсың-ау, боларсың... Шырғанақтан сөз келсе, шырғаушының тап өзі боларсың түбі», деген екен. Кенен ақынның болашағынан үлкен үміт күттіртсе керек. Ақынның өнердегі бағын ашқан қырғыз манабы Шабданның асы деуге толық негіз бар. Асқа Петербургтен бергі жерден қырық мың кісі шақырылып, қырғыз, қазақтан даңқы шыққан талай ақын-жыраулар келеді. Бұл жиынға Қастектен жалғыз атын сабалап, домбырасын жебелеп Жамбыл да жетеді.
Бұрын мұндай жиынды көрмеген әрі Жамбыл, Тоқтағұл, Қалмырза, Арқабайдай атақты, төкпе ақындардан кейін кезек алған жас ақынның жүрегі дауаламай, топ алдында екі рет айқайлағанда да даусы шықпай қалыпты. Сол кезде көпшілік: «Ер кезегі үшке дейін деген, жас бала ғой, тағы бір көрсін!» деп шулапты.
Сарбасша құлағын бұрап, домбырасын көкке бұлғап үшінші рет айқайлағанда барып кеудесінен жыр шығады:
«Мен өзім жол көрмеген ақын едім,
Атақты ақын Сарбастың жақыны едім.
Өнерім өр қияға алып ұшты,
Астында алты уықтың жатыр едім».
Бірте-бірте өр дауысы жалпақ даланы жаңғыртып, айналасы атшаптырым жиналған жұртты таңдай қақтырады. Осы жолы «Көпшілік көрсін әнімді» деген келісті ән-жыры үшін бас жүлденің бірін, Жамбылдай даңғылдың ақ батасын алып қайтады. Әніне соншалықты риза болған Жамбыл дауылпаз әншінің бетінен сүйіп, көңілін көкке көтереді.
Енді Кенен өмірінің жаңа кезеңі басталады. Ол туған елінің сыйлы қонағы болып, көп жерді аралап, халық өмірімен тереңірек танысады, оның мұң-мұқтажына, қайғысы мен қуанышына ортақтасады. Ел кезіп жүрген шақтарында халық өнерпаздарымен танысып, өзінің музыкалық, поэтикалық қабілетін дамытып, өрістете береді.
Міне, Шабданның сол асынан бастап Кененнің әншілігі мен ақындығы, жыршылығы қырғыз, қазаққа бірдей тарайды. Жамбылдан бата алып тұсауы кесілген Кененнің жолы да, бағы да ашылады. Қойдан құтылып, халық жыршысы деген атқа ие болады. Ол енді ән мен жырдың дүкенін қыздырады.
Кенен ақын Жетісуда туып, Жамбылдың қайнар бұлағынан сусындаған, сол қалың ақын, шешен, күйшілерден, сал-серілерден үйреніп өскен. Әсіресе Жамбылдан көп тәлім алған. Кенен ақын ұстазы туралы: «Мен Жәкеңді ең алғаш қырғыздың манабы Шабданның асында көрдім. Сол асқа небір ақын, айтулы әнші-күйші келді, домбыраға, қияққа, сырнайға, сыбызғыға қосып айтады; таңның атысы, күннің батысы ақынға да, әншіге де, күйшіге де дамыл болған жоқ. Солардың ішінен ең даңқы асқандары: Жамбыл, Қалмырза, Тоқтағұл, Өмірзақ, Кенжеқара, Арқабай еді. Арқабай Майкөттің баласы, мен сол жолы «Көпшілік көрсін әнімді» деген өлең айтып, әншілігім мен ақындығым қырғыз, қазаққа бірдей тарады. Тоқтағұл, Қалмырзадай қырғыздың әйгілі ақындары, Сағымбайдай әруақты манасшы арнайы шақырып, жас бұлбұл деп қолпаштап, үнімді тыңдады, Жамбылдың оң батасын алып, тұсауым кесіліп, жолым да, бағым да ашылды. Содан бастап өле-өлгенше Жамбылдың соңына еріп, қолтығынан демеп жүрдім, жақын шәкірті, үзеңгілес серігі болдым», деп толғанады.
«Жамбылдың бірге жүріп сырын алдым,
Үлгісін, өнегесін жиып алдым.
Болсақ та Шапырашты, Дулат екеу...
Бір сөзден әділ айтқан танбайтұғын,
Өмірде адалдықты таңдайтұғын.
Жақпаған, жақтырмаған адамына,
Сараңнан да сараң боп тамбайтұғын».
Бұл Кенекеңнің ұстазына арнаған ескерткіші – парыз жыры, «Жамбыл – жыры» екен.
Кененнің тікелей ұстазы – Жамбыл. Әйтсе де, халық поэзиясы тарихында екеуінің де өз орындары айрықша. Қатар жанған екі жұлдыздың өз жарықтары бар, өз тарихтары бар. Сондықтан да халық поэзиясында Жамбыл – Жамбыл, Кенен – Кенен болып аталады. Ешкім Жамбыл бола алмайтыны сияқты, ешкім Кенен де бола бермейді. Өйткені Кенен ақынның өзі көтерер жүк оның бір басында аз емес. Кенен талай жыр төккен, сыр төккен жүйрік ақын. Десе де, Кенен шығармашылығының арналары мен тарихи тамырлары ғасырлар құрдымындағы эпостар мен әңгіме-хикаяларда жатыр.
Кененнің ақындығы туралы әңгімені оның өзі нәр алған екі арнадан – ақындық және шешендік орта мен дәстүрден бөліп қарауға болмайды. Сонда Кененнің үлгі тұтқан, өнеге алған мектебі бір ғана Жамбыл емес, өзіміз жақсы білетін өзге де бірқатар ақындар болып шығады.
Ендігі бір мәселе – жыраулық, жыршылық дәстүрге тікелей қатысы бар ақындық мектебі хақында. Ақын да, жыршы да ғайыптан пайда болған емес, олардың өскен ортасы, үйренген ұстаздары және кейін жолын қуған шәкірттері болған. Ұстаздық, мұрагерлік дәстүр келе-келе ұлғайып, белгілі ақындық немесе жыршылық мектепке айналған. Мәселен, Жамбылдың мектебі Сүйінбай тәрізді ақындар саналса, Үмбетәлі, Кенен, Есдәулет, Саяділ тәрізді ақындардың үлгі алған, өнеге тұтқан мектебі де – Жамбыл мұрасы. «Жамбылдың ізінше Шашубай, Нұрпейіс, Кенен, Нартай, Саяділ секілді көктемгі нөсерден соңғы қырдың көгіндей қаулаған қалың ақынның аз уақыт ішінде лап қоюы әдебиетіміздің тарихындағы аса бір елеулі құбылыс еді», деп жазады М.Жолдасбеков.
Кенен Әзірбаев – Қабан, Сүйінбай, Шөже, Майкөт, Бақтыбай, Құлмамбет, Жамбыл, Сарбас, Қуандық, Кебекбай, Ноғайбай, Бөлтірік тәрізді іргелі ақындар мен жыршылардың, айтулы шешендердің мектебінен өткен, солардың жыр дәстүрінде тәрбиеленген өнер иесі. Бұл аталғандардың үстіне Тоқтағұл, Қалмырза, Сағымбай, Төкпе сияқты қырғыз ақындарын қоссақ, екі елді тел емген Кененнің өнер мектебі тереңдей әрі кеңейе түседі. Сөйтіп, жыр алыбы Жамбыл Кенен тәрізді шәкірттерін өзі өнеге алған ақындық ортаның озық дәстүрінде баулыған.
Шынында да, Кененнің өзі тамсанып, табынып әңгімелейтін соншама жайсаңның, тулап тұрған отты сөз ошақтарының албырт талантқа мектеп болмауы мүмкін емес еді. Кенен өзінің түтеп келе жатқан әншілігі мен ақындығына қажетті нәрді осыншама өнерпаз, өңшең жақсының өнегесінен, халықтың байтақ қазынасынан алған. Сөйтіп барып ол бірте-бірте өз үнімен, өз тұлғасымен даралана түсіп, қазақ даласына ғана емес, Қазақстан, Қырғызстан республикаларына танымал ақынға айналған.
Кененнің халықтық үлгіні пайдалану тұрғысынан қарағанда құнды шығармасының бірі – «Жамбыл – жыр» дастаны. Дастанда аты әлемге әйгілі ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың бізге беймәлім мінез ерекшеліктері, адамгершілік, азаматтық асыл қасиеттері образды түрде шынайы бейнеленген.
«Ақтауға парызымды домбыра алдым,
Ойланып шырмауықтай он бұралдым», деген жолдардан қарт ақынның дастанды жазарда үлкен тебіреніске түскенін, сүйікті ұстазы – Жамбыл образын жасауға зор жауапкершілікпен кіріскенін, сол жолда іздене еңбектенгенін көреміз. Дастан сюжеті тартысқа толы әрі жинақы, ондаған жыл оқиғасы шағын дастанға еркін сыйып кеткен. Оқиға «Жамбылдың бала кезінде» деген бөлімнен басталады.
«Жабайдан туған баланың,
Жамбыл екен кенжесі.
Көп болыпты еркенің,
Айтқаныңа көнбесі.
Шаруаға қыры жоқ,
Малға қарар түрі жоқ.
Балалармен ойнаса,
Ұрыспай қалған күні жоқ».
Немесе:
«Жылғадан ұшқан торғайды,
Жыр қылып Жамбыл толғайды», деген секілді сәтті табылған жолдар Жамбыл мінезін даралап, өзіндік ерекшелігімен таныстырады. Ақындардың өз талантын жүйрік атқа, тұлпарға баламағаны кемде-кем болар. Кененде де:
«Күліктей топтан озып аршындаған,
Өмірде өлең қуып жүрмін дедім».
Немесе:
«Желген аттай дүрсілдеп», сияқты жүйрік ат, тұлпар бәрі де үнемі ақындық талантты байқататын метафора ретінде алынады.
«Жамбыл – жыр» дастанындағы тағы бір ерекшелік – негізгі қаһарман бейнесі лирикалық кейіпкердің көңіл күйі арқылы жырланады. Бұл да шығармаға кең тыныс беріп, көркемдік жаңа сипат дарыта түскен. Мұны, әсіресе «Жамбылды бірінші көргенім», «Жамбылдың желдірмесі» деген бөлімдерден мол кездестіреміз.
Кенен өзінің «Жамбыл жырында» ұйқастың сан алуан түрін берді. Сонымен бірге ол жырдың көркемдік жағын да дамытып отырды. Жырда кезекті ұйқас, ал «Жамбылдың бала кезі» деген бөлімінде үлкен шеберлікті керек ететін шұбыртпалы ұйқас та кездеседі. Мәселен:
«Ал Жамбылға келейін,
Ақбөкендей желейін,
Домбырамды бұрайын,
Неге қарап тұрайын,
Ұстаздығы бар еді,
Сый-құрметін қылайын.
Жападан туған баланың,
Жамбыл екен кенжесі».
Мұндай шұбыртпалы ұйқас өлеңге интонациялық өткірлік, әуезділік береді. Ақын айтайын деген әсерлі ойын сөз тасқынымен, дем алмастан, мүдірместен, бір-ақ айтып шыққысы келетін сияқты. Кенен жырларының осындай ерекшелік қасиеттері өлеңді әрлі, құнды ете түседі.
Өнер иесінің өзіндік бетін, тұлға-бейнесін танытатын сипаттаулардың небір нәрлі, әдемілерін де Кенен шығармаларынан табамыз. Олар бір жағынан мейлінше қарапайым, жатық болса, екінші жағынан аса терең мағыналы келеді, ақын рухын, даралық сипатын, заман келбетін жақсы аңғартады, сонымен бірге олардан ақынның қолтаңбасы айқын көрінеді.
«Тай ақын, тарланбоздай кәрі ақын». Осы жолдағы бейнелі сөздердің қай-қайсысын алсақ та, ақынға тән зор мағыналы, көркемдік қасиетімен көзге түседі. Мұндағы тай, тарлан деген сипаттаулар қарапайым ғана сөздер екені рас. Ал бірақ осы сөздерде үлкен мағына жатыр.
Кенен өз өлеңдерін суырып-салмалық өнердің қай жанрында болса да шығарған, әсіресе көп қолданған өлеңдік қалыбы – жыр. Ақынның жырлары – көлемі жағынан мол, халық мақалдары мен мәтелдері кең қолданылып, тарихи оқиғаларды қамтып отыратын, белгілі бір тақырыпты толық жеткізіп бере алатын ұзақ өлең. Жырдың өзі қазақтың батырлық эпосына тән өлеңдік үлгі. Кенен де өз шығармашылығында осы дәстүрді, халыққа түсінікті үлгіні қолданған, оған жаңа мазмұн, жаңа мағына берген. Жырдың тағы бір қасиеті, ол бас-аяғы жинақы, төгілтіп айтуға ыңғайлы болып келеді. Жыр сондықтан да халық шығармашылығында көп тараған форма болуы керек.
Кенен жырларында аллитерация, ассонанстар, біркелкі дыбыстық қайталаулар жиі кездеседі және олар маңызды рөл атқарады. «Жамбылды бірінші көргенім» деген бөлімде:
«Ауызда айтар сөзі іркілмеген,
Ақынның дер шағы екен бұл күн деген.
Ақырып домбыраны сабағанда,
Адамдай езу тартып бір күлмеген».
Ақынның шабыты, албырт шағы, мінезі төрт жолда терең мағынасымен ғана емес, соған сай түр, көрінісімен де тартады. Жамбылдың бейнесін суреттейтін сөздер ылғи «а» дыбыстарынан құралған. Төрт жолда «а» дыбысын бес рет қайталайды. Ассонанс негізінде жасалған дауыс ырғақтары анық көрініп тұр. Кенен анафораны – бір сөзбен бастау әдісін де жиі қолданады.
«Біреуге бұл өлеңім көне сарын,
Біреуге бұл өлеңім бал-шырындай!
Немесе:
Жолшыбай «Тік шырқауға» салып жүрдік,
Жолшыбай шалдың көзін алып жүрдік».
Анафора суырыпсалмалық үдерісті жеңілдетеді және сонымен бірге мұндай әдісте автордың айтайын деген ойы әсерлі, айқын болып шығады. Кенен өлеңнің дыбыстық үндестіктеріне, оның әуезді, әсерлі болып шығуына көп көңіл бөлген. Сондықтан да Кенен өлеңдерінің бәрі ұйқас, үндестік жағынан құлаққа жағымды, дыбыс ырғақтары аса ұнамды келеді.
«Жамбыл тойы» деген бөлімде ақын тоқсанға толған Жамбылдың тойын ғана емес, бақытқа кенелген бүкіл қазақ халқының шат өмірін шабыттана жырлайды. Қырғыз ақындарына сөз беріп, достықты, туысқандықты мақтайды.
«Толқи топқа түскенде,
Тайпалмаға пар еді.
Жолда жүгін қалдырмас,
Жалғыз өркеш нар еді.
Жамбыл аты – жыр еді,
Аш-арықтың ары еді».
Ақын Жамбыл бейнесін қадірлі, қасиетті адам туралы халық ұғымына, көркем ойлау өзгешелігіне сәйкес тартымды суреттеген. Жамбыл ақынды тайпалма, нар, жыр, ар деу де – халықтық үлгідегі метафоралар. Тайпалмаға теңегенде даусы зор, айбынды дегенді аңғартса, жалғыз өркеш нар еді деп, әрине, ауыспалы мағынада, даралық, айбаттылық, қаһарлылық дегенді білдірсе, «Жамбыл аты – жыр еді» дегенде ән мен жырдың дүлдүлі дегенді айтады, «аш-арықтың ары еді» деп қамқоршы, жанашыр секілді сипатты таныту үшін айтылған. Дастанның «Жамбылдың түсі», «Көркемжан туғанда», «Жамбыл жатып қалғанда» деген бөлімдерінде көркемдік, поэзиялық бояу құлпырып көз тартады. Өлең жолдары 11 буынды, бірде 7-8 буынды болып, ақынның айтпақ ойының мазмұнына сай түрленіп, өзгеріп отырады.
Дастан оқиғасының шарықтау шегі – «Жамбыл жатып қалғанда» деген бөлімде сүйікті ұлы Алғадайдан айырылған Жамбылдың тамақ ішпей төсек тартып жатып қалған кезі суреттеледі. Мұхтар, Сәбит, Ғалилар өзара ақылдаса кеп, Жамбылды жұбатуға Кененді алдыртады.
«Алғадай Отан қорғап құрбан болды,
Отанның көңілі үшін орныңнан тұр», деген Кенен үнін естіп Жамбыл басын көтеріп, тілге келеді. Жырда қайғы-азаның қаншалықты ауыр екендігі бірнеше тұспал сурет арқылы да айқын елес береді. Бұлт басып, шұбарланып, мұнартып тұрған күн – осындай символдық бейне. «Бір жемісің жел соғып, жерге түсті» деуі иілмейтін, сүрінбейтін, қайсар ерлердің мүлт басып, жазым болғанын тұспалдап көрсетеді.
Жалпы алғанда, әдебиеттің қандай кезеңде болсын, даму деңгейінде айқындайтын нәрселерге қоғамдық ақыл-ойдың қозғалысын, көркемдік құрал-тәсілдер жүйесін, суреткердің талант даралығын жатқызсақ, «Бұрынғы өткен батырлар», «Қырғызбай», «Әли батыр», «Кенебай – Кербез», «Жамбыл – жыр» дастандары Кенен шығармашылығындағы ерекше құбылыс, едәуір көркемдік сипаттар әкелген туынды дей аламыз. Сонымен бірге ол ақындық таланты ғана емес, тұтастай алғанда, ұлтымыздың белгілі бір дәрежедегі қоғамдық сана биіктігін көрсетсе керек.
Ақынның өлең тіліндегі батыл, тың ізденістерді тудыратын оның ақындық ой-өрісінің өлшеусіз кеңдігі, қоғамдық мақсат-нысанасының, көркемдік дүниетануының мүлде сонылығы ешбір талас туғызбаса керек. Ақын шығармаларындағы сөз кестесінің, өлең тілінің табиғилығы мен қарапайымдылығы, олардағы қолданылатын бейнелі сөздердің құрылыс-бітімі, жасалу ерекшеліктері жағынан мейлінше ұтымды және терең мағыналы болып келуі – осының бәрі ақынның суреткерлігін, шеберлігін, эстетикалық көркемдік сезімінің өзгеше, биік сапасын танытады.
Айгүл ӨТЕН,
филология ғылымдарының кандидаты