• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 18 Қыркүйек, 2024

Оралхан Бөкейдің шығармасы желісімен әзірленген "Түн" қойылымы астаналықтардың назарына ұсынылады

136 рет
көрсетілді

22 қыркүйек күні сағат 18.00-де Астанадағы Жастар театрында "Түн" қойылымы көрермен назарына ұсынылады. 

Тараздық «DEM» жеке театрының әртістері ойнайтын спектакль рухты қаламгер Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімесінің желісімен дайындалған. 

Абсурд жанрындағы бір сағаттық камералық форматтағы қойылымның оқиғасы сонау ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарында орын алған. Автордың əңгімеде оқырманға қалдырған сұрақтарына көпшілік əлі де жауап іздеуде. Спектакльдің кейіпкерлері де осы ізденістің үстінде жүреді.

- Бұл спектакльде басты кейіпкер жоқ. Басты кейіпкер – сол жылдардағы қоғам. 70-80 жылдардағы жүйе, қорғансыз Арайдың, жадағай тіршілік кешкен қазақ ауылы мен тұрғындардың тағдыры суреттеледі. Бір сағаттық қойылымда көрермен үмітке ұмтылған қорғансыз адам жанының қатегіздікпен айқасын сезінеді, дейді спектакль режиссері Ерасыл Битанов.

Спектакль «Рысбаева и Ко» компаниясының және «А-STATUS» жекеменшік білім кешенінің құрылтайшысы, белгілі кәсіпкер, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Сәуле Мақшанқызы Рысбаеваның демеушілігімен қаржыландырылып, қойылуда.