• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 18 Қыркүйек, 2024

Көкпар – рух көрінісі

81 рет
көрсетілді

Көкпар десе делебесі қозбайтын қазақ кем шығар. Ұлттың рухы, күш-қайраты, мәрттігі көрінер жүректілер сайысының уақыт өткен сайын құны артып келеді. Қазаққа ғана тән сезілетін аз дүниенің бірегейі де осы өнер.

Сөз жоқ, көкпар қазақ өмірінен басты орын алады. Неге десе­ңіз, іргелі ойын адам мен жануар­лардың өзара біртұтас тоғыс­қанын көрсетіп, шеберлік қимыл-қоз­ғалыстарының ерекшеліктерін аңғартады. Сондай-ақ дүбірлі ойынды қазақ хал­қы­ның дәстүрлік ерекшелігін айқындайтын тарихи дерек деуге болады. Бажайлап зер салсақ, көкпардың бойында көне көкбөрі культі жарқын көрініс тапқанын байқай аламыз.

Әлқисса, көкбөрі культі туралы тарихи аңызға сүйенсек, ертеде бір елді жау ша­уып, жалғыз нәресте ойрандалған жұрттың орнында қалып қояды. Баланы бөрінің қаншығы тауып алып, тауға алып кетіп ұзақ уақыт асырап-бағады. Кейін бала мен бөріден тараған ұрпақты – Түркілер немесе Ашина ұрпақтары деп атаған деседі. Қазақта «жігіттің сырттаны», «қасқырдың сырттаны» және «иттің сырттаны» деген теңеу сөздер бар. Сырттан сөзі, бақсақ, тек осы үшеуіне ғана қатысты айтылып, бағасын асырған. Сөздің алғашқы түбірі «сырт», яғни сыртқы әлеммен, тылсым дүниемен, тылсым күшпен байланыс­ты екенін байқатады. Тура мағынада «иесі бар, киелі» деген ұғымды білдіреді. Мұны неге қозғап отырмыз, көне түркі тайпалары өзінің шығу тегін көкбөрімен байланыс­тырып, тек генеалогиялық аңыздарда ғана қалдырған жоқ, оның жарқын іздері көкпар ойынында жатыр. Ойынның түпкі мәніне үңілсек, мықтылар са­йысынан әртүрлі тарихи деректі көруге болады. Біріншіден, бұл – бөрілер са­йысы, қара ормандай қаптаған салт атты жігіттер бөрілерді еске салады. Мұнан әрі жан-жақтан анталап, қарпып келіп серкені дал-дұл етіп жұлып, тартқыласып жатқан ерлерді көреміз. Талай-талай аламан додада ат мертігіп, тіпті адам өлімі де сан рет орын алғаны белгілі. Бұл – мақсаты үшін жан қиюға даяр бірбеткей бөрінің ірі мінезі, қайтпас қайсарлығының көрсеткіші. Сондықтан додаға аттың ішіндегі айбозы, жігіттің ішіндегі сұңқары шыдас беріп, сыр алдырмай мәреге жеткен. Ата-бабаларымыз осы бір аңызды діңгек етіп, сайысқа түсуші жігіттерді бөрілер десе, жеңімпаз өрендерге «Көкпардың көкбөрісі» деген атау таққан.

«Кім береді тізгінді ақылына,

Дода көрсе төнеді атын ұра.

Қалың топты қақ жарып, ойхой, шіркін,

Серке санын басады ол тақымына.

Бір сәйгүлік жұлындай суырылып,

Әкетті, әне, намыстың туын іліп.

«Кім екен, ә?» – дегенде топ ішінде,

Бір қаракөз күлімдер мұны біліп».

Көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы жырлағандай, намыстың туы сыналар сарабдал сайыс қазақ рухының баро­метрі іспетті. Белгілі ғалым, Ә.Марғұлан «Қазақ әлемі» кітабында: «Сырдарияның төменгі сағасы мен Арал маңын мекендеген сақ тайпалары жыл са­йын бөріні кие тұту құрметіне арнап, қасқыр терісін жамылып, бетперде тағынып атты сайыстар өткізетін болған. Бұл дәстүр түркі-моңғол тайпаларында әлі күнге дейін сақталды. Қазақ, түрікпен, қырғыз елдерінде бұл ойын «көкбор» (как бар) – сұры қасқыр деген атаумен сақталған. «Көкпар» атты ойынның қазақ халқындағы бір нұсқасы «Қыз бөрі» – қасқыр терісі мен бөрілі бетперде тағынатын дәстүрлі сақ ойынының бір түрі болып табылады», деп В.Радлов пен С.Киселевтердің еңбектеріне сілтеме жасайды. Иә, кешегі қазақ өмірінде көкпар – ерлікке баулу, шынығу, соғыс өнеріне үйрену, ел мен жерді, отанды қорғау секілді патриоттық тәрбиелік мәнге ие болған. Кейбір тарихи деректерде дала перзенттері шалқар далаға қожалық еткен көкбөрінің өзін тақымға басқандығы жөнінде айтылып жатады. Қалай десек те, желдің өтінде, жаудың шетінде ғұмыр кешкен бабалар үшін көкпар дәстүрінің ерекше орны болғаны талассыз ақиқат.

Қорыта айтқанда, кешегі V Дүние­жүзілік көшпелілер ойынынан ел байрағы биіктен көрініп, көкпардан алтынды қан­жы­ғаға байладық. Айбынды ерлеріміз бабадан жеткен байтақ өнерді солайша тағы бір жаңғыртты, абыройымызды асырды. Бұл да болса текті ұлтымыздың көкбөрілік рухы сөнбегенінің бірден-бір дәлелі.