Президент Жолдауында бірқатар маңызды мәселе көтерді. Көбі қаржы секторына байланысты болды. Келесі жылдан бастап коммерциялық қаржы нарығы мен мемлекеттік қаржы секторында елеулі өзгеріс күтіп тұр. Банктер енді экономикаға жұмыс істейді. Егер олар көнбесе, шетелден корпоративті секторды қаржыландырғысы келетін көптеген ойыншы шақырылады.
Банк қызметі туралы жаңа заң әзірленеді де, оған базалық және универсалды регулятив енгізеді. Тек байығысы келетін, қожайыны дивидендтен дәмете беретін сараңдау банктерге заңдық пруденциалды талап қатал болады да, экономикаға қаржы салғысы келетін, энтузиазмы жоғары (шетелдік) банктерге талаптар жеңілдетіледі. Ал салық мөлшері (КТС) қожайыны алатын дивидендке қатысты болмақ. Яғни акционері банкті сауын сиыр көретін қаржы институттары көбірек салық төлемек. Экономикаға кредит беріп, кәсіпорындарды қаржыландырып, дивидендке тиіспейтін банктерге салық бойынша жеңілдіктер жасалады.
Экономикаға көмектескен банктерге көзқарас дұрыс болады. Ал халыққа онлайн тұтынушылық кредит қана беріп, одан табысты күреп алып, дивиденд алғысы келетіндер, 25 пайыз салық төлеуге дайын болғаны жөн.
Жолдауда Ұлттық қор мәселесі де айтылды. Инвестициялық бағыт қайта форматталмақ. Ұлттық қорда жатқан 60 млрд доллар шетелдегі біреулерге арзан қорландыру болмасын деді Мемлекет басшысы. Бұл негізі қиын жағдай. Біздің экономика 60 млрд долларды қорыта алмайды. Ал Ұлттық қор агрессивті инвестицияға емес, тұрақты жинауға негізделген еді. Оны табыстылығы 1-2% болса да, 100 пайыз кепілдігі бар А класты шетелдік облигациялар арқылы қамтамасыз етіп келдік. Енді оларды ауыздандырмай, өзіміздің экономикалық ойыншыларға 1-2%-бен валютамен беретін болсақ, ондай отандық бизнес ақшаның 100% қайтатынын қамтамасыз ету керек. Себебі Ұлттық қор – халықтың ақшасы.
Бұл ретте, Президент тәуекелге барып отыр. Ұлттық қор инвестициясымен экономикамызды керемет деңгейге көтеруге болады. Бірақ ол бизнес жауапты болып шықпаса, ақшамыз көзден бұл-бұл ұшады.
Енді атаулы әлеуметтік көмек, жәрдемақыға тойға барып немесе кафеде отыра алмайды. Бұл – өте мықты шешім. Болашақта бюджеттің әлеуметтік көмегі қысқаратынын болжауға болады. Себебі нанға ақша алып отырған адамдардың біразына шын мәнінде нан керек емес.
Ол әлеуметтік әмиян арқылы жасалады. Карточкаға теңге түспейді. Әмиянға түседі. Ол жерден тек белгілі бір төлемдер – азық-түлік, дәрі-дәрмек, коммуналдық төлем жасалады. Қолға қағаз ақшаны банкоматтан шығара алмайды. Шыны керек, Мемлекет басшысы капиталистік социализм жасап жатыр. Оның толық форматына 2028 жылдары келетін сияқтымыз. Ол жақсы ма? Әділ, жұмысын сүйетін, қарапайым, жауапты адамдарға қолайлы заман туады. Осы адамдар өседі. Жең ұшынан байланысуға үйреніп қалған, ауырдың үстімен жүретін, жемқорлау, алаяқтау адамдарға қиын заман туады.
Айбар Олжаев,
тәуелсіз сарапшы